«Агротехмаш» қызметкерлері Елбасы жарлығына қолдау көрсетті

Өңір экономикасына тың серпін беріп отырған бірден-бір кәсіпорын «Агротехмаш» ЖШС ұжымы биыл 26 сәуірде мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауына қолдау білдірген акция өткізді.агротехмаш
Қызметкерлерінің тайлы-тұяғы қалмай жиналған бұл игі шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі жүргізіліп отырған салиқалы саясаты айтыла келе, Президент сайлауының уақытынан бұрын болғанына ризашылық рәуіште пікірлерін жеткізді.
Бірталай жылдан бері аталған кәсіпорында слесарь қызметінде еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Есіл Ғалымжанов:
– Кешегі күні жарық көрген Елбасы жарлығы мен үндеуін баршаларыңыз жақсы білесіздер. Ассамблеяның көтерген сол игі бастамасына барша ел болып қолдау білдірдік. Қоғамдық талқыға түсті. Соның нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та халықтың сол пікіріне құлақ түріп, мерзімінен бұрын өткізілетін Президент сайлауының уақытын белгілеп те берді. Біз – еңбек ұжымы Елбасының сол сайлауға тағы бір мәрте түсуін қолдаймыз,- деп жігерлі аяқтады сөзін.
Бұдан кейін «Агротехмаш» ЖШС-нің есепшісі Алаксандра Варапаева да жалынды пікірін жеткізді. Ол Қазақстандағы ұлт пен ұлысты айрандай ұйытып, ең алдымен елдің ынтымағы мен бірлігін, татулығын басты назарға алатын Көшбасшы басшы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ерлігін әңгімеледі. Оның халықаралық аренадағы бедел-абыройының биіктігін де баяндады. Ал, Валерий Варкентин:
– Бұл зауыттың сонау ерте уақыттан бері ел игілігіне жарап қызмет істеп жатқанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Тоқсаныншы жылдардағы өліара шақта тұралап қалған кәсіпорынға серпін берген Елбасына біз алғыс айтпақпыз. Оның сындарлы стретегиялық саясатына дән ризамыз. Атадан балаға жалғасқан дәстүрмен мұнда көп адам қызмет етуде. Ширек ғасырдай тарихы бар зауытымызға келешекте одан әрі дамуына тілектеспіз әрі еңбек етіп жүрген болашақ жастарға үміт артамыз,- деп ой түйді. Валерий Артуровичтен кейін кәсіпорынның ең жас маманы металл қорыту ісінің шебері Виталий Борщев те Президент сайлауына қолдау білдіретінін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол сайлауға түссе дауыс беретінін жеткізді.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓