Бағдарламаның барлық бағыттары
биыл да жұмысын жалғастыратын болады
Елбасының алға қойған өзекті мәселелерінің бірі – халықты жұмыспен қамту болып табылады. Осы мақсатта, елімізде 2011 жылдан бастап “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы қолға алынған болатын. Бүгінде біздің өңірде де аталған мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Е.Жаулыбаев баяндама жасады.
Оның айтуынша, биылғы әлемдік дағдарыста да мұндай әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуына еш кедергі келтіріліп жатқан жоқ. Үстіміздегі жылы да “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасының барлық бағыттары жұмысын жалғастыратын болады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға жеткілікті қаражат та қарастырылған. Мәселен, биыл Қостанай облысына 2 млрд. астам қаржы бөлініп отыр. Бұл қаражат жастар тәжірибесі, шағын кәсіпкерлікті дамыту, қайта даярлау курстарына жіберу, инфрақұрылымдарды жөндеу арқылы халықты еңбекпен қамтуға жұмсалмақ. Ал, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Бірінші бағыт бойынша іске асырылуы тиіс 127 жобаның 125-сі өткен жылы толық жүзеге асырылса, қалған екі жоба – Меңдіқара және Федоров аудандарындағы екі амбулаторияның құрылысы биыл аяқталатын болады. Осы жобалардың арқасында он мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Республика қазынасынан бөлінген қаражат та уақытылы игерілді. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 120 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 460 адамға 915 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді.
-Көбіне жұрт несиені мал шаруашылығын өркендету үшін алады. Жалпы, бағдарлама іске аса бастағалы бері өңірде шағын кәсіпкерліктің арқасында жаңа 646 жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздарды еңбекке араластыру мәселесі биылғы жылы да мықтап қолға алынбақ, нәтижесінде он мыңнан астам адамды еңбекпен қамту көзделіп отыр. Әрі мұның нәтижесін біздің мамандар зейнетақы жарналары арқылы бақылап отыратын болады. Бұл әрине мемлекеттік бағдарламаның тиімді жұмыс істеуіне өз септігін тигізеді, – дейді Ерлан Жаулыбаев.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында өткен жылы 700-ге жуық азамат қайта даярлау курстарында оқып шықса, жастар тәжірибесі аясында 546 жас маман еңбекке тартылып, соның 76 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына 1227 адам орналастырылып, жоспар артығымен орындалған. Биыл да жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға басымдық берілетін болады.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаев өткен жылы бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарға оң нәтиже беруге болатындығын жеткізді. Бірақ, бағдарламаның жүйелі түрде орындалуына немқұрайлылық танытып отырған кейбір жұмыспен қамту орталықтарының да жұмысына сын айтты. Мәселен, Қостанай қалалық жұмыспен қамту орталығы жоспар бойынша жұмысқа орналасуы тиіс 80 адамның 68-ін ғана еңбекпен қамтыған. Сондай-ақ, соңғы төрт жылдың ішінде мұнда алты басшы ауысқан. Сондықтан, әкім орынбасары ведомство басшыларына бұл орталықтың жұмысын жіті назарға алуды қадап тапсырды.
Қарлығаш ОСПАНОВА