Дала жұмыстары уақытылы аяқталмақ

IMG_1332Бүгінде облысымыздың диқандары көктемгі егіс жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Табиғат тосын мінезін танытпаса дала жұмыстарын маусым айының алғашқы аптасында аяқтауға мүмкіндік бар. Егіс науқанының жай-жапсарымен танысу мақсатында облыс әкімі Нұралы Садуақасов Алтынсарин және Қостанай аудандарына арнайы іссапармен барған болатын.
Өңір басшысының жұмыс сапары Алтынсарин ауданына қарасты Щербаков селосындағы дәрігерлік амбулаториядан басталды. Жобаның жалпы құны 119 млн. 923 мың теңгені құрайды. Жиырма бес адамды қабылдауға арналған амбулатория мамыр айының соңында пайдалануға берілмек.  Қазіргі күні ғимарат ішіне медициналық құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылуда. Газ құбыры мен өзге де инженерлік желілер тартылған. Облыс әкімі мұндай амбулаторияның ауыл тұрғындары үшін қажетті екендігін атап өтті.
Аталған ауданда Обаған, Силантьев, Щарбаков ауылдарының халқын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған су құбырының құрылысы жүргізілуде. Жоба "Ақ бұлақ – 2020" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолға алынған. Қазіргі күні нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде.
Өңір басшысы аудандағы жетекші шаруашылықтардың бірі-"Темте" ЖШС-не тиесілі егістік алқабын аралады. Аталған шаруашылық биылғы жылы 5 631 гектар жерге егін салуды жоспарлап отыр. Соның ішінде 4 830 гектарға дәнді дақыл, 571 гектар-ға майлы дақыл, 230 гектарға мал азығы дақылы себілмек. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов аталмыш ауданда мал шаруашылығын дамытуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аудару керектігін айтты. Кейбір шаруашылықтардың жұмысына көңілі толмайтындығын да жеткізді.
– Облысымызда дала жұмыстары мезгілімен жүріп жатыр. Егіс науқанымен қатар мал шаруашылығы және өзге де мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын назардан тыс қалдырмаған жөн, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Қостанай ауданындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы төрт айдағы қорытындысы көңіл қуантарлық. Бұл туралы Қостанай ауданындағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің кеңесінде айтылды. Ауданының диқандары егіс жұмыстарына уақытылы кірісіп кеткен. Әзірге, көңілге кірбің түсіріп, алаңдаушылық танытатындай жәйттер орын ала қойған жоқ. Тұқым мен техника жеткілікті, жанар-жағармай қоры мол.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
Суретте: облыс әкімі Алтынсарин ауданында;
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓