Бегалы би

 БҰРЫНҒЫНЫҢ СӨЗІ 
Бегалы би ел қамын ойлаған, ақылды да, сөзге шешен алғыр би болған. Ол өз қарамағындағы әр атадан, әр рудан құралған елдердің, ауыл-аймақтың өзара бірлігін, ынтымағын, ұйымшылдығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсаған. Ел арасында осы кезге дейін ұмытылмай айтылып жүрген "Бегалы бидің қос бәйгесі" деген аңыз-әңгіме бар.
Бегалы би қайтыс болған әкесі Күленге бір жыл өткен соң ас бермек болады да, өзінің Иманберді, Сабыр інілерін, сол өңірдегі Маңғытай, Саңғыл, Ысты, Ошақты, Жетімдер, Сүлгетай т.б. рулардың белгілі, игі жақсылары – ел басшыларын ақылдасуға шақырады. Осы жиында бір жағынан Иманберді, екінші жағынан Сабыр өздерінің байлығын, барлығын көрсетіп, атақ-абыройға ие болу үшін "асты мен беремін, бәйгені мен тігемін" деп талас туғызады. Сонда Бегалы би:
– Ағайындар, алауыздықты қоя­йық. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді", "Бөлінгенді бөрі жейді, айырылғанды аю жейді" деген, бүйтіп әр қайсымыз әр жаққа бөле тартпайық. Ыдырап, бытырамайық, ынтымақтасып, бірлесейік. Асты да, бәйгені де қосып бірге өткізейік. Бүгін мен өткізіп, ертең Иманберді, арғы күні Сабыр өткізіп, елдің берекесін кетірмейік. Әр елдің өзінше тірлігі бар. Мал жайы, егіс орағы, қыс қамы болады. Оларды сабылта бермейік. Жарайды, бұл асты мен өз атымнан жеке дара өткізбей-ақ қояйын. Өткізем десем "Керсен алдымда, кездік қолымда" билік өзімде, шүкір, құдіретім жетеді. Мен атақ, дақпыртқа да қызықпаймын. Қандай дайындық жасасақ та, не бөлсек те бірлесе көрейік. Кәне Иманберді, Сабыр әкел қолды. Бұл ас-бәйгенің аты: "Қос бәйге" болсын.
Бегалы би осылай дегенде, оның жанында отырған Тәшімбет қажы:
– Бәрекелді, Бәкең дұрыс айтады, өзгенің бірлігі үшін өзін де аяп отыр­ған жоқ. Жөн сөз. "Қос бәйге" дегенін осында отырған бәріміз де құптаймыз! – деп көптің ойындағысын білдіріпті.
Сөйтіп, Бегалы би айтқан "Қос бәйге" сол жылдың тамыз айында "Кіндіктөбе" жотасында  өтіпті.
 Айтушылардың сөздеріне қарағанда ол ас-бәйге тіптен ырғын боп өтсе керек. Бегалы би сонау Әулиеатадан Майкөт ақынға, Сыр бойындағы Қожатоғайда жатқан Майлықожаға, Арқа жағына ел аралап кеткен өзінің туысы Құлыншаққа, Түркістандағы Молда Мұсаға, Қаратаудың күнгей бетіндегі Жетімтауда жатқан Зұлпықарға, Бөген, Боралдай бойындағы қисашыл Нұралы ақынға арнайы ат жіберіп алдырады. Бегалы би өзінің қатарлас, замандастары Байзақ, Сапақ, Дүйсенбі, Оңдыбай датқаларды, Досбай, Көлбай, Бағдәулет т.б. би-болыстарды күн ілгері шақырып той-тамашаның қызығына кенелтеді.
Сол думан-тойға алыстан ат арытып жеткен ақсақал ақын Майкөт өзінің ұзақ термесімен бастап кұттықтау айтыпты. Майлықожа болса, өзінің "Құлақ салғын халайық", "Жолдас болсаң жақсымен", "Ажал бір келмес болсайшы", "Жақсы адам қартайса", "Әр істі ақылдылар абайлайды" деген ел арасында айтып жүрген терме, толғауларын толғап шығады. Онан соң сол астың иесі боп жаршылық қызмет атқарып жүрген Құлыншақ ақын өтер астың мән-жайын, тәртіп ретін өлеңмен баян етеді де сөзінің аяқ жағын:
– Тұлпардың тұлпар болмағы,
Бәйгеден озып, жеткеннен,
Атанның атан болмағы,
"Шөк" дегенде шөкеннен.
Өгіздің өгіз болмағы,
"Өк" дегенде өкеннен.
Диханның дихан болмағы,
Бабын тауып өккеннен.
Шаруаның жақсы болмағы,
Қысы, жазы дамылсыз,
Малына терін төккеннен.
Ағайын араз болмағы,
Бірін-бірі сөккеннен.
Бидің де би болмағы,
Әділ ғып дауды шешкеннен.
Бекеңдей би табылмас,
Халқының қамын ескерген,
– деген термемен тәмамдайды.
Тойпаздар қымызға қанып, тайдың етіне тойып алған соң кешке қарай ақын, жыршылар жатқан алты қанат ақ боз үйге қарай ағылады. Ондағысы ұзақ сонар қисса жыр тыңдау еді. Айтқандай төрде өңкей би, болыс, датқалардың ортасында, Майкөт, Майлықожа жанында отырған қыссапаз Нысанбайдың Нұралысына жұрт назары ауады. Әр тұстан: "Нұреке, қиссадан бастаңыз, "Сауда ишанды" айтыңыз, "Шәкір-Шәкіраттан" сыр шертіңіз десіп жатады. Құлыншақ ақын:
– Сендер ақынды әрі тартта, бері тартқа салып көкпар қыла бермеңдер. Қайсы жырды бастайды, ақынның өзі білсін. Біз тек қана ықылас қойып тыңдауды білейік, – дейді де Нұралыға қарап:
– Ал Нұреке, осы тойда барыңды қарыштап сілтеп қал! – деп қояды. Нұралы ұшатын қырандай қомданып қалды да: 
– Менде "Сауда Ишан" бар, "Жетім құбыл" бар, "Шәкір-Шәкірат" бар, "Төрт өнерпаз" бар, соның қайсысын айтсам екен? – деп, төрде құс жас­тықты шынтақтап отырған той иесі Бегалы биге қарайды. Би жас­тықты қойып, малдасын құрып отыр­ды да:
– Мен сенің қиссаларыңның бәрін де тыңдап жүрмін ғой. Былтыр Көлбайдын үйінде "Жетім құбылыңды", оның алдында Бағдәулеттің тойында" Шәкір-Шәкіратыңды" таң атқанша тыңдадық. Қалғанын өзің біл, – деп, қалауды өзіне салады.бегалы 1
Сол сол-ақ екен Нұралы домбырасын безектетіп күйлетіп алады да:
– Биссміллә сөздің ұраны,
Биссміллә деп бастаса,
Әр істің жетер мұраты.
Әр сабақтың басында,
Бір биссміллә тұрады,
Екі аят қып шығарған,
Бұл сөзді шайыр Нұралы.
Шоқай екен руы,
Боралдай екен тұрағы,
– деп, "Сауда Ишан" қиссасын таң атқанша айтса керек.
Бегалы би жаздың бір күнінде ересек жігіт боп қалған өзінің Мейір­бек деген баласын және Иманберді інісінің үлкен ұлы Саттарханды ертіп, Ташкенттен ары өтіп кеткен он шақты үй Саңғыл туыстарының артынан іздеп барады. Ондағы мақсаты оларды елге көшіріп келу екен. Туысқандары қуана көрісіп, кезекпе-кезек шақырып қонақ етіп күтіпті. Би асықпай жүріп ағайындарының үй-тұрмысымен, тіршілік кәсібімен танысыпты. Елде жүргенде әрқайсысы қора-қора малға ие болып, айран, сүт, қымыз, қымыранға кәнігі, қып-қызыл нарттай боп жүрген ағайындары бұл жаққа келген соң егіншілікпен, там соғумен айналысып, ыстық аптапқа күйіп, қап-қара боп, қолдары күс-күс, азып-тозып кеткен сыңайын байқапты.
– Жағдайларың онша мәз емес екен, елге қайтыңдар, – депті.
Ақсақал, ағайындары:
– Биеке, үйреніп қалып едік. Бізді қозғамаңыз, – деп өтініпті. Сонда би:
–  Есің барда еліңді тап,
Туысыңның шотын шап.
Барыңды сат, жүгіңді арт,
Ертерек елге қайт.
Әйелі семіз, өзі арық,
Жұтаған ерден сақтасын.
Жері сортаң, адамы қартаң,
Азған елден сақтасын.
Адасқанның айыбы жоқ,
Қайтып үйірін тапқан соң.
Ашылғанның айыбы жоқ,
Өзі біліп етегін жапқан соң.
Ұл өсірдік ер жетті, жөніне кетті,
Қыз өсірдік бой жетті, еріне кетті.
Екі ортада қалған ата-ана,
Төрінен көріне жетті.
Айбары жоқ, айтарыңды қайтейін.
Барары жоқ, қайтарыңды қайтейтін.
Қауқары жоқ, қайратыңды қайтейін,
Қаһары жоқ, айбатыңды қайтейін?
Келін балаң жаман болса,
ұлыңнан көр,
Күйеу балаң жаман болса,
қызыңнан көр.
Арқан бойы соқпақтың,
Тұсау бойы төтелігі бар.
Адамды арығында сыйла,
Білгенді жөнімен қина.
Әке тілін алмаған ұлдан без,
Шеше тілін алмаған қыздан без.
Адал болса алғаның,
Жан серігің емес пе?
Сұлудан да сүйкімді,
Жан көрігің емес пе? – деген
екен.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓