Cөз байлығы туралы

Сөз байлығы оралымды тілге қойылар талаптың бірі. Айтушының сөзі тыңдарман қауымға тартымды болуы үшін сөз байлығы жақсы, сөздік қоры мол болуы тиіс. Адамдар сөйлегенде бос қайталау­ларға бой алдырып, сөз жұтаңдығын танытады, тілдің коммуникациялық сапасын күрт төмендетіп жібереді. Әрбір айтылған сөздің салмақты болғаны жөн. Құр бос ауаға айтылған сөздің еш қадірі жоқ. Ол айтушының сөз байлығының төмендігін көрсетеді. Әдемі сөйлеуді, дұрыс сөйлеуді тіл мәдениетін үйрену арқылы жетілдіруге болады. Сөздік қорын молайту үшін кітапты көбірек оқу керек, аса көрнек­ті қаламгерлерден, тіл нақышы келісті сөз зергерлерінен үйрену керек.
Сөздің аса мол кені көркем әдебиетте жинақталған. Мысалы,Мұхтар Әуезовтің 20 томдық шығармаларында сөздің саны 30 мыңнан астам. Қара сөздің қас шебері М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында 16983 сөз қолданған. А.Пушкин өз шығармаларында 21197, У. Шекспир 15000 сөз қолданған. «Абай жолы» эпопеясында 1-2 рет қолданылған сөз саны – 8698, Пушкин шығармаларында мұндай жиіліктегі сөздің саны – 9301. Әрбір тіл сөзге бай. Сөздердің санын математикалық тұрғыдан санап, санын дәл айту мүмкін емес.  Тіл байлығын  сөз саны емес, олардың қолданысы анықтайды.
Тіл жұтаңдығы туралы
Қазақ тілі – бай тіл, алайда кейбіреулер сөйлегенде мүдіріп, айтарға сөз таппай, тілін шұбарлап жатады. Бұл тіл жұтаңдығын көрсетеді. Оның басты белгілері қандай?
1. Сөйлеп тұрып, бір сөзді таба алмай қалса, өзге ұлттың сөзімен түсіндіреді.
2. «Мысалы», «жаңағы» деген сияқты бөгде сөздерді қосып, ойдың да, сөздің де берекесін кетіреді.
3. Ойын дәл жеткізетін сөз таба алмай «көрікті, керемет,  тамаша» немесе «дарынды, талантты» сияқты бірыңғай анықтауыштарды тізбелеп, сөйлемге жамау түсіріп, құтын қашырады.
4. Мағыналас сөздердің біреуін ғана қолданады, оны ауыстыра алатын мағыналас сөзді қолдана алмай, сұрқай сөйлеммен ойын жеткізген болады.
5. Мағыналас сөздерді өз орнына қолдана білмейді. Мысалы, қайтыс болды, құрбан болды, өлді, шейіт болды, дүние салды, шетінеді, қайтты, көз жұмды, опат болды, жазым болды сияқты сөздерді өз ретімен қолдана білген жөн.
6. Өсімдіктердің аттарын, төрт түлік малдың мүшелерін, әскери атауларды білмейді.
7. Бір айтқан сөзін қайталай береді.
8.  Өз тілін жетік білмегендіктен, өзге тілдің көмегіне жүгінеді.
 
Ең ұзын сөз
«Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай?» деген сауалымызға бірінші болып дұрыс жауапты Қазақстанның халық  ақыны Әсия Беркенова  берді. Иә, қазақ  тіліндегі ең ұзын сөз 37 әріптен тұратын   «қанағаттандырыл мағандықтарыңыздандағы» деген сөз.  
Теңгенің құнсыздануынан кейін айналысқа енген «девальвацияландырылғандықтарыңыздан» деген күрделі сөзде 35 әріп бар. Осыншалықты ұзын сөзді ғаламторға фэйсбук қолданушы жастар шығарыпты.
Алайда, әлемдік тәжірибеге қарасақ, сөз ұзындығы жағынан басқа тілдер озып тұр. Мысалы, орыс тіліндегі «ең ұзын» сөздердің тартысында әзірге бірінші орында  48 әріптен тұратын «кокамидопропилпропиленгликольдимонийхлоридфосфат» деген химиялық қосынды тұр екен. Орыс тілінің «тазалығы» үшін күресіп жүргендердің пайымдауынша, орыс тіліндегі ең «ұзын сөз» атағына 35 әріптен тұратын «превысокомногорассмотрительствующий» деген сөз  ие.
Неміс тіліндегі «ең ұзын» сөз ретінде көпке дейін бірінші орынды «Donaudampfschiffahrtselektrizitдtenhauptbetriebswerkbauunterbeamtengesellschaft» атты 80 әріптен тұратын сөз иеленіп тұрыпты. Оны қазақ тіліне аударсақ «Дунай пароходтығының бас офисінің электр коммуникациялары басқармаларының шенеуніктерінің клубы» деген ұғымды береді екен.
Ағылшын тіліндегі «ең ұзын» сөз ретінде 45 әріптен тұратын силикоз атты аурудың түрінің аты болып табылатын «pneumonoultramicroscopicsilicovolcanokoniosis» атты сөз көрсетілген.
 
Сөз нұсқалары туралы
Сөз нұсқалары (варианттары) – мағынасы бір-біріне жақын, тілде жарыса қолданылатын, шыққан тегі бір сөздер. Сөз варианттары фонетикалық, лексика-морфологиялық, лексика-семантикалық, әдеби-диа­лектілік  сипатта кездеседі.
Мысалы,фонетикалық варианттар: дөңгелек – доңғалақ, шүйінші – сүйінші,  парапар – барабар. суару – суғару, дәнеме – дәнеңе.
Лексика-морфологиялық  варианттар: екіншілей – екіншідей, естіген – есіткен,  бақай – башпай, жирену – жиіркену, міне – мінеки – мінекей.
Лексика-семантикалық  варианттар: азар – әзер, күнә – кінә,  ыстық – ыссы.
Кірме сөздердің кейбірі бірнеше вариантта қолданылады: араб, парсы тілдерінен: риза – разы –ырза, қаржы – қаражат, мағлұмат – мәлімет, халық – халайық.
Орыс тілінен енген сөздер: самауыр – самаурын, өшірет – шірет, мәтке – мәтша;
Әдеби-диалектілік вариант­тар:  құдағи – құдағай, себеп – сәбеп, кесе – кәсе, балуан – палуан, маңдай – маңлай, тундік – туңлік, асылы – әсілі, егер – әгәр – әгәрки, әгәрәкім т.б. Бұл сияқты варианттардың кейбірінің әдеби нұсқалары әлі анықтауды қажет етеді. Сөз варианттарын синонимдермен  шатастырмау керек, олардың синонимдерден айырмасы – шыққан тегінің бір екендігінде.
Г. АХМЕТОВА,
қазақ тілінің мұғалімі.
Соз алеме1Сирек айтылатын сөздер
 Айдауыл – тұтқынды алып жүретін сарбаз.
Аңда – құдандалы, яғни құдалық ретпен жекжат адамды аңда дейді.
Адырна – садақтың екі ұшына керілген қайыс, кейде жібектен ширатып тартылады.
Ардақ – ең құрметті адам.
Ағеден – сыры, пікірі ашық аққөңіл адамды айтады.
Әтібірлі – пысық, алымды, ширақ адам дегенді білдіреді.
Әуейі – дарақы, еліктегіш, қызба адам.
Әндеме – сылақты тегістеуге арналған құрал.
Басат – теңіз, көл жағалауындағы адам, көлік жүруге қолайлы, құрғақ жерлер. Бипыл – адамның майда, әсем, назды жүрісі мен мінезі.
 Бөкпен – майға бөктіріліп пісірілген талқан.
Бөбешік – сырғалық, құлақтың астыңғы етті ұшы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓