Қазақ әдебиетінің бір тұлғасы
Көрнекті суреткер, жазушы, драматург, ақын С.Досановтың 75 жасқа толуына орай №2 облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың абонемент бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақ әдебиетінің кемеңгері» атты әдеби кеш өтті. Аталмыш қаламгердің күні бүгінге дейін 25 том көлеміндегі көркем шығармалары жарық көрген екен.
Әдеби кеш жерлес інісі Н.Мұқатовтың «Жазбай қалған жалғанда жанры жоқ» атты өлеңімен басталды. Өлеңді оқыған АрМПИ-ның студенті Бекболат Қаленов. Сонымен қатар, Сәбит Досановтың прозаларындағы адам концепциясы, қаламгердің көркемдік ізденістері сөз болды. «Тұлғаң толы ірілік пен мықтылық» тақырыбында кейіпкеріміздің өмір жолы, «Кемел ойлар тыныштық таптырмайды» тақырыбында жазушының шығармалары туралы айтылды. С.Досановтың соңғы жылдары жазылған көркем шығармалары «Жиырмасыншы ғасыр», «Ұйық» «Тұйық» роман-эпопеялары жайлы кеңінен әңгімеленіп, «Іздедім мен асылды», «Қай биікте жүрсің сен?», «Кешір жаным, бола алмасам сабырлы» атты поэзия саласындағы шоқтығы биік өлеңдерін жас шәкірттер жатқа айтты. «Тау жолы» романынан үзінді сахналанды. Жазушының «Алтын күрек әні» шығармасынан үзінді оқылды. Онда Торғай тыңын көтеруге бар қажыр-қайратын жұмсаған басшы азаматтардың іс-тәжірибелері баяндалады. Сондай-ақ, Торғай және Арқалық аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып қызмет еткен Оразалы Қозыбаевтың және оның еңбекқор жолдастарының тың игеруге қосқан үлестері туралы жазылған.
Кеш барысында Қазақстанның халық ақыны Ә.Беркенова мен аманкелділік ақын Х.Мұсабаевтың арнау өлеңдерін АрМПИ-дың жанындағы М.Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестік мүшелері оқыды. Жазушының жерлес досы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Ж.Өмірбеков қатысып, ақын өлеңіне жазылған өз әнін орындап берді. Осынау берері мол әдеби кешке Н.Құлжанова атындағы колледждің музыкалық факультетінің студенттері де қатысты.
Зайра СЫҒАЕВА,
абонемент бөлімінің кітапханашысы.
Суретте: кештен көрініс.
Арқалық қаласы.