Ерліктері ел жадында мәңгілік
Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. Соған орай интернационалист жауынгерлерді еске алып, тағзым етуге арналған митинг-жиын өтті. Жиынға қала әкімі Қайрат Ахметов қатысып, өткен тарихымызды ұмытпау, қадірлеп, есте ұстау жайлы айтып, сөз сөйледі.
– Ауғанстандағы соғыс – ел тарихының қасіретке толы беттерінің бірі. Соғысқа 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 924 әскери парызын өтеу барысында қаза тапса, 21 адам із-түссіз жоғалып кетті, мыңдаған жауынгер өздерінің ерліктері үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды, ал 11-і Кеңес Одағының Батыры атанды. Ел үшін етігімен қан кешкен жауынгерлер лайым құрметке лайық. Қазіргі кезде Ауған соғысының жауынгерлері жастарға отаншылдық тәрбие беруге, олардың бойында азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және тәуелсіз Қазақстанға адал қызмет етуді тәрбиелеуге көмектесіп келеді, – деді қала әкімі Қайрат Ахметов.
Жиынға қатысушылар Жеңіс саябағында орналасқан «Аза тұту» монументіне гүл шоқтарын қойып, Ауған жерінде қаза тапқан жерлестерімізді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, жүректерге жара салып, бүгінде тарих бетінде өзінің қанды ізін қалдырған соғысқа қатысушы полковник Дастан Тасдәулетов сөз алды.
-Соғыстың зардабы қандай болатыны әлі күнге көз алдымда. Сол бір ауыр жылдарды есіме ала отырып, бүгінгі біздің бейбіт те тыныш қоғамымызға қарап, шүкір деймін. Мұның бәрі – Елбасының сарабдал саясаты мен ел басқарудағы көрегендігінің арқасы. Сондықтан қазақстандық арманның орындалуы жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз, – деді жауынгер.
Ауған соғысының ардагерлеріне салтанатты құрмет көрсетіліп, мерекелік концертпен жалғасты. Кеш барысында ауған соғысындағы қанқұйлы сәттер экран арқылы көрсетіліп, ерлік туралы әндер шырқалды.
Әсел Қибаш
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков