Көңіл құсы әсем ән
Композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына 90 жыл
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен қара жерге кірер денең, – деп Абай атамыз жырлағандай, ес білгелі халық әндерінен нәр алып, дала серілері Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз серінің әндерін тыңдап өскен болашақ өнер иесі адам бойын баурап алар сиқырлы әуен жетегіне еріп, ой-өрісін кеңейтеді.
Жомарт Қостанай даласының тыныс-тіршілігіне бір сәт құлақ түріп, еркелей ескен самал желдің, сыбдырлаған жапырақтың, сылдырай аққан бұлақ үні мен алуан түрлі әуенге салған құстар әнін тыңдау саналы адамға ой салса керек.
Ал жанынан ән шығарып, тыңдаушысын тамсандырған ерекше дарын иелерінің шабытты шақтары бір ғанибет қой.
Бүгінгі әңгіме еткелі отырған өнер иесі халқымыздың ән өнеріне айшықты із қалдырған, шығармалары бабалар үнімен жалғасып жатқан композиторымыз – Әбілахат Еспаев.
Әрине, ән шығару, тыңнан жаңа дүниені өмірге әкелу оңай емес. Бұл ақын мен композитордың тақырыптың беймәлім сырына бойлай білген жанкешті еңбегінің жемісі.
Өмірге ғашық бала жүрек дала төсінен өнер сауып, аяулы анасы Зылиханың домбырамен қосыла салған әсем әндерінен нәр алған.
Әбілахаттың әкесі Смағұл атақты Ыбырай Алтынсаринмен аталас, ағайынды адам екен. Содан болар ол кісі де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген ауыл адамы болатын. Анасы жастай қайтыс болған соң, ашаршылық жылдары саяси өзгерістен сескенген Смағұл алты жасар Әблахатты ертіп, кіндік қаны тамған туған жері Қостанайдан Меркеге, кейін Шу ауданының "Алға" ауылына қоныс аударады. Сөйтіп қасиетті Әулиеата жері Смағұл қария әулетінің тамыр жайған құтты мекеніне айналады.
Әбілахат мектеп бітірер жылы ұстазының өлеңіне "Туған ел" әнін шығарғанда ауыл адамдары бірден үйреніп алып, әуелете шырқаған деседі.
Көкірегінде тұнып тұрған өнер халықтың киелі үніне ұласқан Әбілахат бұғанасы қатпаса да 1943 жылы ерлермен бірге Ұлы Отан соғысына аттанады. Кейін сол жылдарды толғана еске алып, "Днепр туралы жыр" әнін шығарады. Бұл әннің өлеңін ақын Сырбай Мәуленов жазған-ды.
Соғыс кезінде Ресейдің Могилев қаласындағы жоғары әскери училищені бітірген ол үш жылдай Кавказда аймақтық әскери академияда ұстаздық етеді.
Әбілахат әскерден оралған соң ауылға келіп, ұстаздық еңбегін жалғастырады. Көп ұзамай Назым есімді қызбен бас қосып, отау құрады. Жан дү-ниесіне маза бермеген жастықтың оты лаулаған әсем әндер біртіндеп өмірге келеді. Білімсіз өнер ұштаудың қиын екенін түсінген Әбілахат 1951-53 жылдары Алматы консерваториясына Василий Великановтың класына оқуға түседі. Алматыда пәтер жалдап тұратын болашақ композитор балалы-шағалы болған соң оқуын әрі қарай жалғастыра алмай, Қазақ радиосының музыка редакциясына қызметке орналасады. Бұл туралы ақын Мұзафар Әлімбаев:
– Қазақ радиосының музыка редакциясының бастығы Мақсұтбек Майшекиннің кабинетінде Әбілахат Еспаевпен жақынырақ таныстым. Майдангер офицер екен. Жасы менен бір жас кіші, үйлі-баранды, кішкентайлары бар екен. Мен әлі сүрбойдақпын. Мен оған:
– Атың қызық екен, Әбілахат… Әбілхаят.
– Сенің атың да қазақтың төл аты емес қой,– деді Әбілахат.
– Сенің атың тым айғайлап тұр екен, өміршең құдай, ғұмырлы құдірет – дедім.
– Пай, пай, әсем ән шығаратындар, менсіз де аспанға самғайды, менсіз де… – деді ол.
– Құдай қосса өнерімен аспанға самғайтынның өзі, осы Әбілахат! – деді Мақсұтбек.
1954 жылға дейін жастықтың сейіл-серуенінде жиі кездесіп, дуылдасып жүргенмен "менің өлеңіме ән жазшы" деп мен де қиылғаным жоқ.
Менің Әділхан Қайыржанов деген аяулы досым болды. Соған әзілдеп шығарған өлеңім еді. Мен бұл өлеңімді досымның альбомына жазып бергем. Ол "Өзің де жігіт қызықсың" деген өлең. Бір күні түскі ас ішуге Әбілахат, Сыдық үшеуміз кафеге бара қалдық. Әңгіме барысында Әділхан жайлы айтылғанда есіме түсіп, Сыдық пен Әбілахат ән жазбақшы болды. Жырым келте болған соң ортасын бір ауыз қосып алды. Екі ән осы күнге дейін айтылады. Бірі жиі, бірі сирек. Осыдан кейін Әбілахат екеуміздің өнер ынтымақтығымыз басталды.
Әбілахат әндеріне мен онша көп жазған жоқпын. "Жаңарған дала", "Біздің ауыл қыздары", "Біз кешегі солдаттар" және тағы басқа әндер.
Көп болып шөп болғанша, аз болып, саз болғаны жақсы ғой, – деп еді.
Әбілахат вокалдық музыка жанрында ән-романс, баллада, хорға арналған шығармаларды көп жазды. Оның "Маржан қыз", "Әлі есімде", "Сағыныш екен бала кез", "Жайық қызы" (З.Қабдолов), "Ақ сәуле" (сөзі Қ.Аманжоловтікі), "Қазақ частушкасы" (М.Әлімбаев), "Шофер келді қырманға" (Т.Ысмайылов), "Қыз қуу" (Қ.Шаңғытбаев), "Бейбітшілік сақталады" (Н.Шәкенов), "Республика туралы жыр" (І.Мәмбетов), "Торғай толғауы", "Жанкелдин отрядының әні" (Ғ.Қайырбеков), "Солдат сәлемі" (Н.Шәкенов), "Тобыл толқыны" (С.Тұрғынбеков), "Сағыныш екен бала кез" (О.Әубәкіров), "Өзің де жігіт, қызықсың" (М.Әлімбаев), "Қыз әзілі" (Қ.Шаңғытбаев), "Жігіт жауабы" (Ә.Жәмішев), "Ұстазым" (Н.Шәкенов), "Қайдасыңдар, достарым" (Ә.Дүйсенбиев) әндерінің қай-қайсы мыңдаған тыңдаушының жүрегінде жатталған сәтті туындылар.
Әннің бағын ашу әншіге байланысты десек, әнші Зейнеп Қойшыбаева Әбілахат әндерін шебер орындай білді. Зейнеп апай көзі тірісінде композитор жайлы айтқан естелігінде:
"Мен Әбілахат ағаны ән салып, сахнаға шыға бастағаннан білемін. Ағайдың әндерінің жеңіл орындалуы, айтар ойы, жетер биігі маған түсінікті де және менің ән өлкесіндегі өрісіме жақын. Сондықтан да мен Әбілахат әндерін әр уақыт сүйіп орындаймын. Композитордың айтар ойын тыңдаушыға толық жеткізуге тырысамын. Құстың екі қанаты секілді әнші мен композитор әрдайым ынтымақтас, одақтас болуы керек. Сонда ғана композитор халық көңілінен шығатын әндер жазады. Ондай әнді әншілер құмарлана айтып, композитор өрнектеген әнді айнытпай түсіруге тырысады" деп еді.
Кезінде халық композиторы Нұрғиса Тілендиев: "Әбілахат әннен тау тұрғызды. Ол ұлы композитор" деп дарындылығын мойындаған болатын.
Әбілахат Еспаевтың "Одағым бақыт ордасы" әні өз кезінде Мәскеуде өткен ән байқауында жеңімпаз атанса, "Маржан қыз" әні Жапон елінде арнайы күйтабақта жарық көрді.
Композитор драмалық шығармаға музыка жазды. Бейімбет Майлиннің "Шұға", Қасым Аманжоловтың "Досымның үйленуі", Садықбек Адамбековтың "Күн мен көлеңке", Әбділдә Тәжібаевтың "Той", Иса Байзақовтың "Ақбөпе" поэмасы бойынша қойылған спектакльге әуен жазып, көпшілік көңілінен шықты.
Әбілахат Еспаевтың "Әндер", "Ақ сәуле", "Таң жұлдызы" атты ән жинақтары әр жылдары баспадан жарық көрді.
Өнер иесінің Абай өлеңдеріне жазған "Өзгеге көңілім тоярсың", "Мен сәлем жазамын", "Ішім өлген сыртым сау", "Барарсың қайда, қайда сен", ән-романстары Абай әндерімен үндес. Сондай-ақ "Гүлденген өлке", "Қазақстан нұрлы аймақ", "Сәулетті Қазақстан" секілді ән -хоры бар.
Әбілахат Еспаевты алғаш дарын иесі деп таныған белгілі композитор Латиф Хамиди жас талапкерге ақ жол сілтеп, табиғи дарындылығын мойындаған.
Әбілахат пен Назымның тәлім-тәрбиесін көрген бес бала Сейітжан, Болат, Гүлмира, Гүлсім және Кәукен әке жолын қумады, олар басқа саланың жоғары білімді мамандары.
Әке жайлы сөз қозғағанда Гүлсім былай деген-ді:
– Әкеміз қатты сөйлемейтін адам еді. Бір-екі сөзбен ойын жеткізетін. Бізге жақсы тәрбие берді, өмірде таза өмір сүру керек дейтін. Онысы – адамгершілігің мол болып, шыншыл, тура жолдан таймай, әрдайым кісілігіңді жоғалтпауың қажет дегені шығар. Әкеміздің бір айтатыны, "біреу есік қақса, қорықпай аш" дейтін. Онысы қиындықтан қорықпа дегені шығар деп ойлаймын. Және де бір айтқаны "адамдардың артында қалма, алдына да шығып кетпе, орташа бол" дейтін. Мен кішкене кезімде осыны түсінбеуші едім. Бұнда да үлкен философиялық ой жатыр екен-ау…
Әкем тумысынан ақжарқын адам еді. Музыканы жазып отырғанда толқып ерекше күйге түсетін… Ән келгенде ысқырып отырып нотаға түсіретін. Сосын бөлмесіне кіріп, есігін жауып, алаңсыз ән шығаруға кірісетін. Біз ешқашан бөгет болып көрмедік. Өмірімде бір рет рұқсатсыз бөлмесіне кіріп барғанда селк етіп шошып кетті. Онысы музыкаға беріліп, ой құшағына кеткен сәтінде ойын бөліп жібергендіктен де болар деп ойлаймын. Әкем өте ұқыпты жан еді. Қағазы үнемі реттеулі тұратын. Радиода істегенде өз шығармаларын әуе толқынынан бергізбейтін. Артық әңгімені ұнатпайтын.
Шәмші ағамыз әкемізден бес жас кіші болған. Ол кісі әкемізді ұстаз ретінде құрмет тұтатын. Осы үйдің үлкен ұлымын деп күліп отырушы еді. Шәмші алғашқы әндерін әкеме тыңдатып, ноталарын көрсетеді. Сонда әкеміз "қандай дарынды композитор" деп, өнеріне басын иіп отыратын. Әкемнің жан досының бірі – Нұрсұлтан Әлімқұлов еді. Екеуі көп әндерді бірге жазды. Өмірбек Байділдаев деген ағамыз әкеміздің досы. Ол кісі тірі кезінде кітап жазыпты. Бірақ оны шығара алмаған. Соны Өмірбек ағамыздың әйелі Кәмила бізге тапсырған. Мақсатымыз жақсылап қарап шығару. Әкемнің әндерін жастар көбірек орындаса екен деп ойлаймын. Баяғыда Нұрғиса Тілендиев айтатын:
– Әбілахаттың бақыты – осы Назым – деп.
– Екі жақсы қосылмайды деуші еді, екі жақсы кездесіп, осындай да жарасымды жұп болады екен-ау, аса риза болып отырмын, – деуші еді жарықтық….
Биязы мінезді, үлкен адамгершілік иесі Әбілахат Еспаев аса балажан еді. Содан да болар, "Ортеке", "Біздің класс", "Бесік жыры", "Сыңғырлай бер, қоңырауым" және циклды "Жыл он екі ай" әндерін жазған.
Қазақ радиосының "Жауқазын", "Өрендер", "Ойлан тап" журналдарын көркемдеген көптеген әуендер Әбілахат ағамызға қолқа салып жаздырған шығармалар еді.
Әбілахат Еспаевтың шығармашылық шабытынан туған екі жүз елуден астам әннің көпшілігі біздің алтын қорымызда сақтаулы. Оны Роза Бағланова, Ришад және Мүсілім Абдуллиндер, Жамал Омарова, Сара Тыныштығұлова, Суат Әбусейітов және Байғали Досымжанов сынды белгілі әншілеріміз шеберлікпен орындай білген. Сезімтал да ыстық жүрекпен жазылып, зерделі ойды аша білген лирикаға толы сыршыл әндерді тыңдай отырып :
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен,
Өмір сәуле түсірер судай тұнық, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Сүйініш пен күйініш, достық көңілдегі әзіл, отанға деген сүйіспенші-ліктен туған Әбілахат әндері ұлттық бояуы қанық, өміршең шығармалар.
Өнер табиғилығымен құнды. Халқымыз шын асылын көздің қарашығындай сақтайды. Сондықтан композитор Әбілахат Еспаевтың әндерін біз келешек ұрпақтың рухани азығы демекпіз. Әбілахат әндері таусылмайтын бұлақ, аласармайтын тау сияқты биік әрі баға жетпес қазынаға айналған тамаша туындылар. Өмір көші ұзаған сайын асылға айналған өнер иесінің жарқын бейнесі көктегі жарық жұлдыздай жарқырап, асыл өнердің шоқтығы биіктей бермек.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының "Алтын қор" бөлімінің жетекшісі.