Телефон нөмірінен жаңылған екен cоған шамдануға бола ма?

_MG_4031Баяғыда қалааралық телефон байланысы қосынында жолымыз оңғарылмаса, жүйкеміз жұқарып кері оралатынбыз. Шүкір, қазір телефон байланысы қызметі жаңарған. Ұялы телефоныңыз арқылы республикамыздың аумағынан тысқары жерлермен емін-еркін сөйлесесіз, іздеген адамыңызды оңай табасыз. Және қандай, жүзбе-жүз тілдескендей күй кешесіз.
Үйдегі телефонымызды қалай тұтынып жүрміз? Әрмен қарай осы тақырыптың төңірегінен әңгіме өрбітпекпіз.
Анықтамалықтың ескіруіне, бірқатар мекемелер мен кәсіпорындардың аттары өзгеруіне байланысты тиісті орынға тура телефон соғу қиын. Амалсыздан анықтама бюросына көбірек жүгінесіз.
Мысалы, танысыңның үйіне телефон шалдың делік. Қапелімде келеңсіз жайға тап болуыңыз ғажап емес:
– ПМК-да біраз жыл бірге жұмыс істеген досым Бекмаханның үйіне телефон соққанмын. Келіншек алды да, тұтқаны тастай салды. Қойын дәптеріме досым жазған нөмірді қайыра тергенімде әлгі әйелдің айғайға басқаны. Бір сөзін түсінсем, бір сөзін түсінбеймін. «Неге өршеленіп телефон соғасың? Нөмірді күйеуім көрсе, шаңымды қағады, желкемнен түйгіштейді. Маған бітпейтін дау тауып бердің» деп бұрқылдады.
Кейінірек жолықсам, Бекмаханым «Пәтерімді мөлтек ауданға ауыстырғанмын» деп қарап тұр. Көкайыл әйелдің сыбағанын, сау басымның пәлеге шатылғанын айтқанмын.
«Мен де сондай оқиғаны басымнан өткергенмін. Былапыт сөздерін диктафонға қондырып, арыма тигенің үшін сотқа шағынамын» деп қорқытқанмын. Әйел тез райынан қайтып, аяғыма жығылды.
Түймедейді түйедей ғып дабырайт­қан әйелді сен де осылай тәубесіне келтірмедің бе?
Одан бері едәуір уақыт өтті арада. Әйтсе де сол әйелдің бейнесі елестесе, әлі күнге дейін қан қысымым жоғары көтеріледі, – деді Бекмахан шекесін ысқылап.
Көпшілік жиналған ортада үлкен де, кіші де Елеуханның сөзіне жиі араласып, «Мұныңыз қалай? Сабыр сақтамадыңыз ба?» деп жөнсіз ісін құптай қоймады.
Сөйтсе, ол сақалын қырарда немесе ас ішерде біреу телефон соқса, «Басқа уақыт таппадың ба? Мұрынымыздан шаншылып жатқанда мазамды қашыр­дың ғой. Нағыз оңбаған екенсің» деп сөгуден тартынбаған.
Рас, кейбір адамдар «Қателестіңіз. Нөміріңізге асықпай қараңыз» деп сыпайылық танытады. Мұңдайда кәдімгідей ішің жылиды.
Іргелес ауылдан хабарласқан нағашым Балмағанбетке кезіккен адамның қылығы, тіпті сорақы. «Ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан»: есің дұрыс па? Көрсоқырмысың? Әкеңнің ауызын…» деп өрекпіген.
«Шешінген судан тайынбас» деген, телефон байланысы қызметі жайлы сөз қозғалған соң деректерді бүркемелегеніміз жараспас:
Қайсыбір басшылар орын-тағында жантайған қалпы сағат бойы желіні босатпайды. Тым ұзақ сөйлесу себебін жолдастары «Одан-бұдан жиналған өсегін көлденең сөзге үйір құрбысына тамсандырып баяндағанша дегбірі қашады» деп түсіндіреді. Сонда деймін-ау, қызмет бабын асыра пайдаланып, қабылдау бөлмесінде кезегін тосқан адамдарды көзіне ілмегені ме, мемлекет қаржысының сұрауы барын ойламағаны ма?!
Аппаратты қондырғысынан қозғау­ға ерінетіндер де баршылық. Олай дейтінім, замандасымның үйіне хабарласқанымда баласы микрофоннан «Папа, тағы да үйде жоқ дейін бе?» деді тақылдап. Шамасы, әр жағынан әкесі түсін суытса керек, іле үнсіздік орнады.
Кішкентайынан өтірікке еті үйренген жасөспірімнің ертең суайтқа айналмасына кім кепіл?!
– Балдызым дүниеден озғалы Арқалық қаласындағы келінім Айғаным қыдырыстан босамайды. Міне, алты жылдан асты, сөйлесуді мүлде доғардым, – деп мұңын шақты Қосылған қарт, – Күндердің күні келінімнің сөзін «Үйдемін» деп бастап амандығымды тәптіштеп сұрағаны. Жолымның үлкендігімен санасып, алдымен телефон шалғанына қатты қуандым. Оқиғадан хабардар, заманауи техниканың тіліне жүйрік немерем «Мақтануыңа әлі ерте, ата. Жеңгеміздің көшеде жүріп те ұялы телефоннан «Үйдемін» дей салуы мүмкін» деп әліптің артын бағуымды ескерткені.
Ақыры болжамы шындықпен үндес­ті. Яғни, келінім ұялы телефоннан «Үйдемін» деп айласын асырған.
Қалай десек те, телефонмен сөйлесудің өзіндік мәдениеті бар. Бұралқы сөздің тіршілік тауқыметінен титықтаған кісінің жанын жаралуы ықтимал. Есесіне, жылы сөйлесең, ыңғайыңа көшіп, ағынан ақтарылары анық.
Ендеше сағынған бауырымыздың дауысын естіртіп, мауқымызды басатын, жағымды жаңалықтарымен қуанышқа бөлеп, көңіл құсымызды аспанға шарықтататын телефон байланысы қызметін бағалай білейік, ағайын.
Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ,
баспасөз ардагері.
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓