Сәкеңнің езу тартары
Торғай өңіріне өзінің өнегелі ісімен де, азаматтық тұлғасымен де, өзіндік із қалдырған салихалы, мағыналы сөз қалдырған жанның бірегейі Сәмен Ерхатұлы Жаңабергенов еді. "Сегіз қырлы, бір сырлы" азамат өнер десе лезде ішкен асын жерге қоятын болса керек. Жанкелдин ауданының оқу-ағарту ісінде, мәдениет маңайында да ( мәдениет үйінің директоры әрі режиссері) ауыл шаруашылығы саласында да (совхоз директоры) тер төгіп еңбек етіп ел есіне, шежіресіне есімін ескірмейтіндей жазып кетті. "Асыл сөздің сәйгүлігі" атанған Сәмен ағамыздың артында қалдырған, орнымен айтқан ойлы сөздері, қағытпа әзіл-қалжыңдары ел аузында жүр. Сол қалжыңдарының "лакатр" құлағыма ілінгендерінің бірнешеуі төмендегідей. Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ.
Шүберектей чубереки
Сәмен ағамыз елден ерте шығып облыс орталығында болатын жиналысқа үлгіріп келіп қатысады. Жиналыс бітісімен бәтеңкесінің басын көрсетпейтін төңкерілген қазандай қарыны шұрылдағасын асханаға адымдай жүреді. Кешкісін асханада ас қала ма? Чебурекиден басқа тіске басар, ішке басар дәм жоқ екен. Жоққа жүйрік жеткен бе?! Сәмен ағамыз көзі қарауытып үшеуін… бесеуін… жетеуін… алып қомағайланып жесе де жұмырына жұқ болмапты. Сонда Сәкең "тазы ашуын тырнадан алғандай" шарасыздықпен: – Әй, шүберек құсаған чебуреки! Бұдан бұлай мен тамақтан қалғанда, сен ас қатарынан қалғанда кездесейік, "шүберек"!, – деп ас қайырып, ауызын сүртіп жүріп кетіпті.
Өлең шөп
Бір жылдары Торғай облысының Солтүстік аудандарында шөп тапшы болып облыстың ауыл шаруашылығы басшыларының бірі Ідіріс Смағұлов Жанкелдин ауданындағы "Мал бордақылау" совхозының директоры Сәмен Жаңабергеновтен шөп сұрапты. Сонда Сәмен ағамыз: – Ідеке-ау, біздің ауылдың шөбі ол жоқтың малына ас болып жарытар ма екен? – дейді жанашырлық кейіппен. – Неге? Шөптен шөптің қандай айырмашылығы бар?-дейді таңданып Ідекең. – Тап біздің ауылдың сала құлаш шөбі бырыңғай өлең шөп. Ала бөтен ұзын келеді. Сиырлар таңертең аузына салып шайнаған шөбін кешке таман зорға деп жұтып жатады ғой, әйтеуір. Сағыз дерсің! – десе керек
Көліктің айырмашылығы
Аудан бойынша жылда күз айының бірінде төл алу, ет тапсыру, шөп жинау, жүн қырқу науқандарында көзге түскен, жақсы нәтиже көрсеткен совхоздар мен еңбек адамдарын бір желпіндіру, көңілдерін көтеру мақсатында жиын өткізіп, қортындылап мақтау, марапаттау рәсімдері жасалатын. Жиын соңында арнайы киіз үйлер тігілген "Той төбеде" ән-күй, айтыс, ат жарыс, күрес сынды ұлттық ойындар өткізілетін. Жиналыстан кейін "Той төбеге" баруға жиналып жатқан аудан басшысына қарап Сәмен аға: – Мен де сіздің көлігіңізбен жетіп қалайыншы, – деп қолқа салады. – Өз көлігің бар емес пе? – дейді аудан басшысы. – Менің көлігім мен сіздің көліктің айырмашылығы жер мен көктей ғой Аман Кеңесұлы-деп бастайды Сәмен аға, –сізбен бірге барып түсіп жатқанымда Қайырбек пен Ахметқалилардың қызғаныштан алай-түлей болар түр-әлпетін көрудің өзі маған неге тұрады, – депті жымиып.
Ауызға су тамызу
Тағы бірде Сәмен ағамыз Бекмурзин Сейітбек досы екеуі облыс орталығындағы семи-нарға қатысып кешкісін мейрамханада жап-жақсы демалады. Келесі күні таңертең "сынған" басын көтере алмай жатады. – Сейітбек-ау, бір мұсылмандық жасап басымды жазып жіберсеңші, көрер жарығым тау-сылғалы жатыр ғой – дегеніне құлақ аспай Сейітбек бөлмеден шығып кетеді. Ет пісірімдей уақыттан кейін Сейітбек дүкен аралап сатып әкелген пальтосын киіп алып айна алдынан шықпай тұрады. Сынып жатқан зілдей басын әупірімдеп көтеріп алып Сәмен ағамыз: – "Қасқыр да қас қылмайды жолдасына" деуші еді. Серігінің құр сүлдесі жатқанын сезбеген, аузыма су тамызуға жарамаған Жүзбайдың жүгірмегі-ау, андағы пальтоңды игілігіңе кие қояр ма екенсің, сол?! – дейді. – Тек! – деп шошып кеткен Сейітбек жалма жан дүкенге жүгіріпті.
Ішетін ауыз сықылды
1965 жылдары Жанкелдин ауданына бірінші хатшы болып Сұлтан Жақыпов келіпті. Аудан азаматтары бас қосқан бір отырыста (ол уақытта ішімдіктің ел ішін әбден жайлаған кезі) жігіттер аудан басшысына ішімдік ұсынуға батылдары бармайды. Сонда Сәмен ағамыз суырылып шығып: – Бұл да бір бидайдан жасалған сұйық сусын ғой, енді өзіңіз былай… бастап берсеңіз қайтеді? – деп жанына румке ұстап келеді. – Мен ішімдікке жоқ едім, – депті басшы. – Сұлтеке, сіздің ауыз ішпейді дегенге мен сене алмай тұрмын, – депті таңданысты кейіппен. (Десе дегендей ол кісінің аузы несібелі баршылық еді) Сәмен ағамыздың өткірлігі мен тапқырлығына разы болған басшы күліп жіберіпті.