Еңбегіне ел сүйсінген
Журналистика кәсіби жауапкершілігі мол, адалдықты, еңбекқорлық пен ізденісті талап ететін сала. Аталған мамандықтың иелері кейіпкердің жан-дүниесін зерттеп, беймәлім қырларын көпшілікке паш етеді. Қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу журналистің шеберлігіне тән қасиет. Осы салада қырық жылдан астам еңбек етіп, көптің алғысына бөленген жанның бірі-қостанайлық Гүлжібек Бекмұхамедова. Жуырда облыс орталығындағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында оның шығармашылық кеші өтті.
Гүлжібек Бәйекеқызы облыс аумағына қарасты Қамысты ауданының тумасы. Бұрынғы С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетін бітірген. Оқу ордасын ойдағыдай аяқтап, Қамысты аудандық «Новый путь» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Кейін Алматы жоғары партия мектебін қызыл дипломмен бітіріп, тележурналистикаға келді. Сол уақыттан бергі тележурналистағадағы табыстары ұшан-теңіз. 1995 жылы түсірген Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов туралы телеочеркі республикалық телефестивальдің жеңімпазы атанды.
Журналистистің шығармашылық кешіне облыстың басшылары, жергілікті ақын-жазушылар, кеш иесінің туыстары және автордың фильмдеріне арқау болған кейіпкерлердің ұрпақтары қатысты. Соның ішінде Кеңес Одағының Батыры Сейітхан Темірбаевтың қызы Мая, Сұлтан Баймағамбетовтың жиені Ермұхан, ҰОС-ның ардагері, Құрметті теміжолшы Бертран Рубинштейн бар. Бұл кеште ҚР Сенатының депутаты, жерлесіміз Жеңіс Нұрғалиевтың құттықтау хаты оқылды. Мерейтой иесін құттаудан жергілікті билік басшылары да қалыс қалған жоқ.
-Қостанай жері таланттарға бай. Бүгінде атақты жерлестеріміздің жолын жалғастырушы жандар баршылық. Гүлжібек Бәйекеқызы сондай таланттардың бірі. Оның барлық өмірі Қостанай жерімен тікелей байланысты. Оның Кеңес Одағының Батырлары, ауған соғысының ардагерлері, атақты қостанайлықтар туралы авторлық жұмыстары жоғары талғам, көркемдік шеберлік, биік азаматтық ұстаныммен түсірілген,-деген облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжанов облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, сый сияпас жасады.
Гүлжібек Бекмұхамедованың еңбек жолында сұхбаттаспаған кейіпкері санаулы, ал қалам тартпаған тақырыбы жоқ шығар. Ол кезінде Шыңғыс Айтматовпен де сұхбаттасқан. Г.Бәйекеқызының деректі фильмдерінен Отанға, туған жерге деген махаббат айқын сезіліп тұрады. Әсіресе туған жердің батырларын насихаттауда асқан кәсібилігі байқалады. Бұл туралы «Костанайские новости» газетінің редакторы С.Харченконың сөйлеген сөзінде айтылды.
-Журналист әрқашан өзгелерге көмек беруге даяр тұратын адам. Сіз аталған саладағы еңбек жолыңызда адамдық болмысыңызды сақтап,мамандыққа деген адалдығыңызды дәлелдеп келесіз. Оған авторлық фильмдеріңіз дәлел. Сіздің ой көкжиегіңіз, жан-дүниеңіз тереңде жатыр. Басқа әріптестерден ерекшелігіңіз де осында. Бұл кеш шығармашылығыңыздың жаңа бір белесіне жол ашар болсын,-деген С.Харченко кеш иесіне «Қазақстанның Құрметті журналисті» төсбелгісін табыстады.
Шығармашылық кеш барысында кейіпкердің еңбекжолы туралы жылы-жылы лебіздер айтылып, жергілікті өнерпаздар ән салып, күй тартты. Іс-шараның соңында Гүлжібек Бәйекеқызы көпшілік алдына шығып, жиналған қауымға алғысын білдірді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.