Дұрыс байлам
Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімі көрегендік және еліміздің одан әрі дамуына жаны ашығандық деп түсінеміз. Өйткені, қазіргі уақытта әлемде болып жатқан сыртқы геосаяси жағдай біздің еліміздің әлеуметтік және экономикалық ахуалына кері әсер етпеуі керек. Конституциямызға сәйкес алдағы 2016 жылы өткізілетін Президент және Парламент сайлаулары бізді әлемде туындап отырған саяси-экономикалық дағдарыстардан туындайтын өзекті мәселелермен айналысуға қайшылық туғызбауы үшін Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу өте дұрыс екенін сайлаушы ретінде қолдаймыз.
«Ұлыны ұлы тұтса құт болар» деп Махмуд Қашқари атамыз айтқандай,Қазақстан халқы өз көсемін таңдарда бұрынғы өткен сайлауларда да қателік жібермегенінің толық куәсіміз, өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзіне жүктелген халық алдындағы парызы мен міндетін аса жауапкершілікпен атқара отырып, еліміздің тәуелсіздігінің мәңгілік және әлеуметтік тұрақтылығының мығым болуы үшін жанкештілікпен еңбек етуде, Қазақстанның халықаралық геосаяси тұрғыда танымал болуына зор ықпал жасап, ҚАЗАҚ халқын дүниежүзіне мойындатқанына сүйіспеншілікпен қараймыз.
Республикамызды мекендейтін жүзден астам ұлттар мен ұлыс өкілдерінің және бірнеше діни конфессиялы елдің бір-біріне деген сенімінің нығаю,тағаттылық танытуы және толеранттық сезімді қалыптастыру үшін Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда өз жемісін беруде. Бірнеше ұлт өкілдері тұратын біздің Арқалық қаласында да этносаралық келісім өз деңгейінде,тұрақты. Олар Қазақстанды өз Отаным деп есептейді.
Бүгінгі күн ертеңгі тарихтың өшпес бір беті болары шындық.Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан бастау алып және оның аясында уақытынан бұрын іске қосылған «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолы Сарыарқа жерінің нақ кіндігінде орналасқан және бұрын болашағы бұлыңғыр болып есептелген Арқалық қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосты. Тек бүгінгі күннің өзінде жүздеген адамдар теміржол торабына жұмысқа орналасты және осы жол арқылы жүздеген пойыз өтіп, тиесілі бағытта жүк тасымалдауда. 2020 жылға дейін Арқалық сияқты моноқалаларды дамытуға арналған бағдарламаның негізінде қалаға инвестициялар тартылуда, қаланың инфрақұрылымдары жақсарып, апаттық жағдайда тұрған үйлерден тазаланды.
Президент «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы – жаңа экономикалық саясатын да, бізге бірінші ретте орындалатын іс-шараларды айқындап берді және «…алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың түйіні болмақ» дегені, барлық қазақстандықтардың ойынан шықты. Көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуға берген нақты тапсырмалары өте орынды. Қазақстан аймағының өзара байланысын жақсарту арқылы еліміздің ішкі әлеуетінің артатыны айқын.
Елбасымыз алдағы уақытта, халқымыздың ежелгі арманы – Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруға белсене еңбек етеріне нық сенімдіміз.
Осы істелген және болашақта орындалар келелі шаруаларды пайымдай келіп және еліміздің келешегінің іркіліссіз және тәуелсіздігіміздің бірқалыпты дамуы үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімін бірауыздан қолдаймыз және белсенді түрде атсалысамыз.
Сейітбек ҚУАНЫШБАЕВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры
Арқалық қаласы.