Тимирязевтегі той
«…Алла – мінсіз, әуелден Пайғамбар хақ, мүмін болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ», – деп дана Абай атамыз айтқандай, ақиқатында күллі мұсылман жамағаттың хақ Пайғамбардан үйренетін тәлімі өте көп.
Пайғамбарымызды (с.ғ.с) тану мақсатында Мәуліт мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Соның бір айғағы – Тимирязевте өткен той. Оған арнайы қатысу үшін алыстан ат терлетіп қонақтар келді.
Алдымен, абзал мейрамның шымылдырығын ауылдық «Омар ата» мешітінің имамы Айбек Ахметжанов ашып, жиналған жамағатқа жүрекжарды лебізін жеткізді. Содан соң іс-шараға арнайы келіп қатысқан ауданымыздың бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық сүйікті Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмыры, дүниеге келу себебі жөнінде уағыз-насихат айтып, тәубеге келуге, берілген мол мүмкіндікті өткізіп алмауға шақырды. Бас имам Мәулітке белсенділік танытқандарды алғыс хаттармен марапаттады.
Сондай-ақ, лебіздер легін ауылдық округ әкімі Есқожа Қалиев, Қостанайдан келген қонақ Амангелді Омаров және ақсақалдар жалғап, мұсылман қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтады.
Игілігі мол мерекеге арналған іс-шара барысында мектеп оқушылары Мәуліт-Шарифтен үзінді оқып, Рассулулаһ туғандағы ғаламат белгілерін, оны емізген аналар туралы, Расулдің Уахи алдын уарақа қартқа баруы, ғарға кіруі хақында және Пайғамбар Хадисінен өсиет айтты. Сонымен қатар асыл дініміз жайында шырқалған әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Руслан
ӘЛКЕЙ