Тұрғындардың көзқарасы қандай?
Бүгінге дейін Қостанай облысында 300 мыңнан астам адам вакцина салдырды. Қазір егу пункттеріне келушілер алғашқы кездегідей көп емес. Мұның себебі түсінікті: халықтың басым бөлігі екпе алған.
Қостанай қаласында бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Тұрғындардың көзқарасы қандай? Осыны білмек ниетпен егу пункттерін тағы бір аралап көрдік.
«Kostanay Plaza» сауда және ойын-сауық орталығында орналасқан егу пункті сәуірден бастап жұмыс істеп тұр. Қаладағы №3 емханаға қарайды. Бұл жерден қазір күніне 70-80 адам екпе алады.
«Мамыр-маусым айларында күніне 300 адам келетін. Бір кабинетте екі қызметкер отыратынбыз. Өйткені, үлгеру керек. Он бес минут қана түскі ас ішіп, тынымсыз жұмыс істеген кезіміз болды», – дейді №3 емхананың фельдшері Мәнсия Нұрғазина.
Екпе салдыруға келген жанның әуелі қан қысымын, тамыр соғысын, жүрек лүпілін өлшеп, ЖСН нөмірі арқылы базаға енгізеді. Денсаулық жағдайы жақсы болса, екінші бөлмедегі медбикеге жіберіледі. Екпе салынған соң, медбике үш күн күтіну жайын түсіндіреді.
Аталған пунктте бірінші компонент салдырам деушілерге үш түрлі таңдау бар: QazVac, Спутник V және Vero Cell. Ал екінші компонентін алушыларға «Hayat-Vax» пен «CoronaVac» та табылады.
Қала тұрғыны Наталья Назарова өзі тіркелген емханада кезекте тұрғысы келмегендіктен, осында келіпті. Таңдауы – қытайлық Sinopharm компаниясының өнімі.
«21 күн өтіп, екіншісін салдыруға келдім. Vero Cell вакцинасын таңдауыма кеңес берген – таныстарым. Басқаға қарағанда өте жеңіл қабылданады екен, әзірге ешқандай ауырлық сезінбедім», – дейді ол.
Қостанайдағы №1 емханаға алғашқы кездері күніне 500 адамға дейін барса, қазір шамамен 100-130 адам барып жүр. Дәрігер Береке Өмірзақованың айтуынша, бірінші компонетті күн сайын 30 шақты адам салдырады. Мұнда да сол үш түрлі вакцина: QazVac, Спутник V және Vero Cell. Нақты мына түріне таңдаушылар көп деп айту қиын, бәрі де сұраныста.
Қала тұрғыны Светлана Мұқатова екпе салдырмас бұрын көп ойласқанын айтады. Оған да таныстары қытайлық өнімді салдыруға кеңес беріпті.
«Әуелде күмәнмен қарағаным рас. Кейін осы вирустан қатты ауырып, қайтыс болғандарды жиі естідік. Денсаулығымды қорғап, сақтанып жүрген дұрыс деген шешімге келдім. Оның үстіне үлкейіп келеміз, жасым 58-ге толды», – деген ол таныс-туыстарының ақылын құп көріп, Vero Cell екпесін таңдады.
«Кейбіреулер «Спутник V» алған соң қызуладым, әлсіздік болды деп жатады. Біреулерде ешқандай әсері білінбеген. Бәрі ағзаға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, қай вакцина да вирустан қорғаушы», – дейді дәрігер Береке Өмірзақова.
Бұл емханада біріншіге қарағанда екінші компонетті салдырушылар қарасы көп. Учаскелік фельдшер Ермек Есжанов күніне 70-80, тіпті жүзге тарта адамды қабылдайды. Оның пікірінше, көпшілік арасында вакцина туралы қауесет азайған, «халық екпенің пайдасы барын түсінді» дейді ол.
Жалпы, аталған нысанда 4 егу бөлмесі бар. Одан бөлек, қаладағы Бизнес орталығы мен жұмыспен қамту орталығында пункттері ашылған. Емхана дәрігерлері басқа мекемелерге де барып жүр. Әрине, арнайы шақыртумен шығады.
«Біз өңірлік университетте, медколледжде, жатақханаларда, балабақшаларда болдық. Медбикелеріміз процедураларын ауасы тазартылған бөлмелерде жасады», – дейді №1 емхананың эпидемиолог дәрігер Айнұр Әбдібекова.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдад Ахметбеков.