«Баян сұлудың» бағы озды
Жақында Астанада ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының аталым бойынша табыстау рәсімі өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бұл мәртебелі сыйлық «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын» және «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» атты аталымдағы үш санат бойынша, жыл сайын дәстүрлі түрде беріліп келеді. Үстіміздегі жылы Елбасы сыйлығын алуға 187 кәсіпорын өтініш тапсырыпты. Өзге марапаттардан бәсі жоғары «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – отандық өнімдердің сапасын арттыруға үлес қосып жүрген кәсіпорындардың, ұйымдардың белсенділігін көтеру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету және де халық арасында сапа ұғымын насихаттау.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар бойынша үздік кәсіпорын» аталымына ие болған үздік компанияларға «Алтын сапа» сыйлығын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев тапсырды. Бұл аталымға қол жеткізген кәсіпорындардың арасында Қостанайдағы «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы да бар. Айтпақшы, қостанайлық ұжым бұл мәртебелі марапатқа осымен екінші рет ие болып отыр.Фабрика жылына 65 мың тонна өнім өндіреді. Кәсіпорын өндірген тәттілер бүгінгі таңда қазақстандық брендке айналды. Мұнда 250-ден астам өнім түрі шығарылады. Тауарлар алыс- жақын шетелдерге экспортталады. Негізгі тұтынушылары Ресей, Өзбекстан, Германия, Қытай, Әзірбайжан елдері. Әзірге кондитерлік фабриканың экспорттық әлеуеті 30%-ке тең. Қазақстанның барлық облыстарында фабриканың филиалдары жұмыс істейді. Кәсіпорында 1500 адам еңбек етеді.Мемлекеттік қолдаудың арқасында фабриканың қондырғылары 70 пайызға жаңарды. Кәсіпорынға Қазақстанның «Даму банкі» 6 пайыздық жеңілдікпен 3 млрд. теңге көлемінде несие берді. Соңғы жарақтандырылған бисквит цехы сол қаржыға салынды. Жаңа бисквит цехында печенье, вафли және крекер шығарылады. Бұл өнімдер әлемдік сапа стандарттарына сәйкестендірілген. Қазақстандағы кондитер өнімдерінің нарығында жетекші орындардың бірін иеленген фабрика жаңашылық бағытында үнемі алға жылжумен келеді.
«Баян сұлу» АҚ өндіріс технологияларын үйлестіру арқылы қуаттылығын барынша арттыра түскен. Кәсіпорын ұжымы әрқашан уақыт талабына сай жұмыс істеп, бәсекелестерінің бір қадам алдында жүруге тырысады.-Жақында жаңа цехта печенье өндіретін жаңа желі іске қосылды. Осы үшін Италиядан арнайы қондырғылар сатып әкеп орнаттық. Енді алдағы жылдардың еншісінде әлемдік брендке айналған Сникерс, Марс, Албени шоколодттарын өндіретіән цех ашуды жоспарлап отырмыз. Оның қондырғыларын Түркиядан әкелеміз. Италиядан газ пештерін алдыртпақшымыз. Жаңа цех пайдалануға берілгенде сағатына 700 келі Албени, 1 тонна Сникерс, Марс өндіруге болады,-дейді «Баян сұлу» АҚ бас инженері Тұрсынбек Шаяхметов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.