Тағылымы мол шара

IMG_0934Рудный қаласындағы №15 орта мектебінде  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, ақын, жазушы Серікбай Оспанов және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші, композитор  Қалибек Деріпсалдинмен кездесу  болып өтті.
Расында да, қазір  жасөспірім-дерді  сөзбен тәрбиелей алмайсыз. "Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы" демекші,  осындай  ізгі ниетке бағытталған шаралардың маңызы зор-ақ. Мәжіліс залында лық толған шәкірттердің жүзінен, қошеметінен  әнге, жырға  деген қызығушылықтары анық байқалып тұрды. Кездесу барысында  6 сынып оқушысы  Аружан Нұрмұратова ақынның "Бүгінгі ауыл", 8 сынып оқушысы Фариза Мұхамедова  "Туысқандарым" т.б  өлеңдерін оқыды. Жиналғандар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын да қойды. Біраз сұхбаттан соң  әнші Қ.Деріпсалдин "Сағыныш сазы", "Әке арманы", "Көктем – қыздар", "Ерке құсым", "Өркенді  Қазақстан"   әндерін орындады.
– Алдағы уақытта облысымыздың танымал адамдарымен осындай кездесу ұйымдастырып тұрмақ ойымыз, жоспарымыз бар. Қазіргідей ғаламтордағы жат  істерге еліктегеннен гөрі, осындай  тағылымы мол шаралар таптырмас тәрбие. Ұрпақ ұлағатымен молаяды емес пе? Қарапайым адам, ақын болсын олармен бетпе-бет жүздессе, өздері еңбектің  шыңына жеткен адамды көзімен көреді, қызығушылық танытады, толғантқан сұрақтарына жауап алады, – деді мектеп директоры Қайыржан Нұрмағанбетов.
Роза ЖАРҚЫНБЕКОВА.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓