Дүбәра ұрпақ өспесін десеңіз…

Көкейде   жүрген  осындай   сауалға    жауап  іздеушілер  көп.  Себебі, сыныпта пәндерді қазақша оқып, үзіліс кезінде оқушылар орысша сайрай жөнеледі. Ұлы болсын, қызы  болсын өзара орыс тілінде кеңесіп тұрады. 
Бір қарағанда  қазақ   мектебі    оқушыларының  қос   тілді меңгергені дұрыс сияқты. Тіпті,   шет тілін  үйренсе, құба-құп. Сайып келгенде, ана тілін жетік білгенге ештеңе  жетпейді.  Қазақ    мектебіне бара тұрып, пән сабақтарын ұға алмаса, масқаралық сол емес пе?   
Бұған  мына оқиға дәлел бола алар деп ойлаймын. Інілерімнің бірі  үйге телефонмен хабарласып  мұңын  шақты. Баласы бастауыш мектебінде оқыпты. Бесінші сыныпқа барғанда қиналса керек. Ата-анасы кезінде орыс мектебін бітірген. Қазақша оқулықтардағы сөздердің мағынасын түсінбейді. Содан болар баласына үй тапсырмасын орындау­ға көмек бере алмайды.
Бала ата-анасынан көмек сұрап мазалайды. Пәндік  оқулық сөздерін түсінбейді. Мұндайда үйдегі ересектердің барлығы болмағанымен, біреуі  қазақ тіліне жетік болғаны дұрыс. Баласымен бірге  үй тапсырмасын түсінісіп, орындағаны абзал ғой. 
Айтсын, айтпасын, кішкенесінен ұлттық тілде сөйлемеген  бала  мектепке барғанда мүлде қиналады. Үйде ата-ана орысша мүдірмей сөйлеп, баласы    қоса шүлдірлесе, мұның соңы қандай нәтиже бермек?
Сөзіміз  жалаң болмас үшін   бөбекжайға баратын сәбилер жайына тоқталайық. Мектепке дейінгі мекемелер заман талабына сай жұмыс істеуде .  Қазақ    тобы     тәрбиешілері   шәкірттерін   ана тілінде  сөйлеуін  мұқият   қадағалайды. Мұндай балалар ертең қазақ  мектебінің  табалдырығын  аттағанда сабаққа алғыр   болады. Ұлттық тілде білім алуға құлшынысы да жоғарылайды. 
Жалпылай   алғанда,  сәби   былдырлап  сөйлей  бастаған   шағынан ұлттық  тілдегі сөздердің мағынасын  тереңдете үйреткен дұрыс.  Себебі, қазақтың  төл сөздерінің  мағынасы тереңде жатыр.
Таныс   замандасым    қазақша    «Жымиған»   деген    сөзді    баласы  бірден түсінбегенін айтты. Әлгі  азамат қазақ мектебінде оқығандықтан баласының үй тапсырмасын орындауын  өзі қадағалайды екен. «Жымиған» сөзін    ұқтыру    үшін     баласының    бетіне тура қарап тұрып , жымиып күліпті. Сосын:
Міне, жымиған деген осы, –  депті. Мектеп табалдырығын енді аттаған әлгі   оқушы «Жымиған» сөзінің  мағынасын  осылайша    түсінсе  керек. 
Ауылдан    қалаға қонаққа келген қария үйдің ішінде жүгіріп жүрген  бес   жасар балаға : «Шырақ , бір түйір мақта әкеп бере  қойшы» деп қолқа салады. Қазақшалаған себебі , бала ана тілінде жақсы сөйлейді. Түсінігі бар ғой деген ойда болған. Қарияның  сөзін бала түсінбей: «Мақта» деген немене   деп сұрайды. Қонақ  мақтамен құлағымды тазартамын  дейді. «Ә, сізге  керегі «Вата» ғой деп бала сарт  еткізеді. 
Бұдан   нені   ұғуға   болады? Тұрмыста қолданылатын   сөздерді баламен  пікірлескенде    жиі-жиі    қайталағанның    пайдасы   бар.
   Тағы бір танысым баласының үйіне телефонмен хабарласқанда немересі   үйде жалғыз өзі екенін жеткізуді   ойлап: «Мен бір» депті. Немересі «Үйде мен бір өзім ғанамын» дегенді ана тілінде жеткізе алмағанына атасы  риза емес. 
Айта кету  керек,  қазақ мектептерінің бағдарламасы анағұрлым күрделіленіп кеткенге ұқсайды. Соған  көз жеткіздім. 
Бірде   жетінші    сынып   оқушысы   әдебиет   пәні кітабын   оқып отырып, шағын әңгіме мазмұнын түсінбепті. Әңгіме авторы – жапон жазушысы. Бірінші жақта әңгімеленетін прозаның   тақырыбы «Арқаның хикаясы».  Әңгіме тақырыбын оқи тұрып, «Арқа»  сөзінің  мағынасына түсіне алмайсың. Адамның арқасы ма, әлде Қазақстанның жер жәннаті –Арқа ма?
    Жапон жазушысы өзінің елінде атом бомбасы жарылғанда зардап шеккен жігіт  туралы әңгімелеген. «Біреу    арқамнан  итеріп  қалғандай  жалп  еттім.     Жан-жағыма     қарап,    ешкімді   таба алмадым» дейді кейіпкер.  Оның жерге құлаған себебі, атом бомбасы жарылған  кезде   ауа толқыны соғып өткен. Арқасы қатты күйген жігітке  бірнеше  рет операция  жасалған. Сөйтіп, оның арқасы тыртық-тыртық болған. Міне,  арқаның   хикаясы осындай.
Әрине, шетел әдебиетін мектепте оқытқан   дұрыс болар.  Дегенмен, ана  тілін жетік  білмейтін   оқушы    жапон   жазушысының арқаның    хикаясы   туралы  туындысые   қалай  түсінбек? 
Ермекбай
         ХАСЕНОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓