Тек қана жеңіс қажет!
Қазақстан Ұлттық чемпионатының Премьер-Лига командалары арасындағы кезекті 13-ші тур ойындарына сәйкес Қостанайдың «Тобылы» Талдықорғанда, жергілікті «Жетісу» командасымен кездесіп, біз үшін аса маңызды үш ұпайды еншілеп қайтты.
Әуелгі ойында өз алаңында Жетісулық жігіттерге 0:2 есебімен есе жіберген жерлестеріміз үшін бұл жолы расында шегінерге жол жоқ еді. Жүздеген жанкүйерлерінің алдындағы жауапкершілігін сезінді ме, Тобыл өңірінің аяқ-допшылары сырт алаңда кәдімгідей атой салды.Ойынның 35-ші минутында «Тобылдың» австриялық жартылай қорғаушысы Томаш Шимковичтің соққысы қостанайлық футболшылардың мерейін үстем етті.Екінші таймда да жерлестеріміз айылын жиған жоқ. Вардан Минасян шәкірттері талдықорғандық футболшыларды әлсін-әлсін өз айып алаңында тықсыра түсті. Осындай ұрымтал сәтті уысынан шығармаған Игорь Бугаев таблодағы есепті 2:0-ге жеткізді.Тек арада он екі минут өткенде «Жетісу» футболшылары қостанайлықтардың өрескел қателігін өз пайдаларына әдемі шеше білді.Қорытынды есеп 2:1! «Тобыл» 16 ұпаймен әзірге турнир кестесінің 9-шы орынында тұр.Командаға жүктелген міндетті орындау үшін жерлестерімізге енді қалған барлық кездесуде тек қана жеңіс қажет.Әйтпесе, көштің тізгінін ұстаған командалардың алды 32 ұпай жинап,ұзап барады. Жерлестерімізге керуенбасын қуып жетпесе де, қозыкөш жерден табылуы абзал. Айтпақшы, дәл осы 13-ші турда мынадай қызық мәлімет тіркелді. Тілімізге тиек болған «Тобыл»-«Жетісу» матчынан өзге кездесулердің бәрі 0:1 есебімен аяқталды. Енді қостанайлық клуб өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды. Ал, 1-ші маусым күні Қызылордаға қонаққа барады. 13-ші турдағы қалған кездесулердің нәтижелері мына төмендегідей: «Спартак» — «Ақтөбе» 0:1, «Қайсар» — «Астана» 1:0, «Атырау» — «Ертіс» 0:1, «Ордабасы» — «Қайрат» 1:0, «Шахтер» — «Тараз» 1:0.
Әлібек Ыбырай