Мал баққанға бітеді: Облыс әкімдігінде «Сыбаға» бағдарламасы талқыланды
Бүгін аймақ басшысы билік және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен аппарат жиынында «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын талқыға салды. Мемлекеттік бағдарламаға қатысты есебімен мінбеге көтерілген ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Оразғали Нұрғазин атқарылған шараларға тоқталып өтті.
«Елбасымыздың тапсырмасымен арнайы бағдарламаның құрылып, жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Жобаға сай, 2016 жылы елімізден экспортқа аттанатын қара мал еті 60 мың, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаны құрауы тиіс. Қостанай облысында 5 мың тонна өндіру жоспарланған. Осы мақсатта, ұлттық қордан 120 млрд теңге қарастырылды» – дейді ол. Қыруар қаржы қордаланған келеңсіздіктерді жоюға қауқарсыз сыңайлы. Бұлай деп тон пішуімізге бағдарламаның мардымсыз жүзеге асырылуы себеп. Билік өкілінің уәжіне құлақ асар болсақ, айтулы бағдарламаға ынталылардың басым бөлігінің жолы болмапты. Мысалы, ауыл-аймақ тұрғындарының мемлекеттік несие алу үшін ұсынар кепілдік мүліктері жоқ. Болса да, алар қаржыны көмкере алмайды. Сонымен қатар, нақты жобаның жоқтығы жығылғанға жұдырықтай тиіп жатқан көрінеді. Жалпы алғанда, бағдарлама қабылданған 2009-2013 жыл аралығында аймақта мал шаруашылығына қатысты 34,5 млрд теңгенің 41 инвестициялық жобасы жүзеге асырылыпты. «Жоба жүзеге асырылып жатыр», – деп күпінгенімізбен, бекітілген меженің тек 50 пайызын ғана орындап отырмыз. Бағдарламаны барынша жүзеге асыру үшін, оның шикі тұстарын тағы бір қарап өту қажет. Ауыл шаруашылық аймағы болғандықтан, біздерге үлкен шаруа жүктелуде. Осыны естен шығармаған жөн», – дейді облыс әкімі Нұралы Садуақасов. Жиынның екінші жартысында облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Азамат Оразалының есебі тыңдалды. Оның айтуына қарағанда, ел тұрғындары электронды қызметке көптеп жүгіне бастаған. Дей тұрғанмен, ауылдық аймақтарда электронды қызметтің не екенін де білмейтіндер бар көрінеді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында, арнайы жасақталған мобильді топтар жер-жерлерде жұмыс істеуде. Жиын соңында аймақ басшысы мұндай топтардың қатарын әлі де көбейту керектігін қадап тапсырды.
Жұматай Кәкімжанов