Күнгей өңірге көңіл бөліну керек

 
Жер көлемі кең әрі жағырапиялық жағынан әрқилы біздің өңірімізде бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру күн тәртібінде тұрған аса өзекті мәселе екені рас. Мәселен, кәсібін енді бастағысы келіп, бірақ кепілге қояр мүлкі болмаған азаматтар үшін кредит сомасының 85%-ына дейінгі, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкер үшін кредит сомасының 50%-ына дейінгі мөлшерде кепілдік жасалатынын білеміз бе? Кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2-ден 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар берілетінін еске сала кетейік. Оны іске асыру мерзімі 18 айдан аспайды. Гранттар конкурстық негізде өткізіледі.
Өңіріміздің күнгей аймақтарындағы – Амангелді, Жангелдин, Науырзым аудандары мен Арқалық қаласының аталған бағдарламаға қатысу деңгейі қалай? Аймақтық мәслихаттың кезекті сессиясында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жаныспаев осы сауалдар төңірегінде айтып берді.
  – Былтырдан бастап бағдарламаға жаңа тетік енгізілді – бұдан былай кәсіпкерлерге белгіленген сомада несие алуға мүмкіндік беретін портфельдік субсидиялау және кепілдік беру енгізілгенін атап өту қажет. Шектеуі жоқ әрі жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен 20 млн теңгеге дейін қаражат алу мүмкіндігі қарастырылған. Бизнеске несие сомасының 85% мөлшерінде белгіленген кепілдік беріледі. Бұл бастаманы іске асыру үшін екінші деңгейлі алты банк – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк Центр Кредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Альфа-Банк» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Банк ВТБ» АҚ скоринг жүйесін қолданады, соның арқасында жобаларды қарау бір-екі күн уақытыңызды алады.     
      
Жалпы, Бағдарламаны іске асыруға 2020-2021 жылдары облысқа 9,7 млрд теңге бөлінген. Әрине, жетістіктер жоқ емес, бар. Мәселен, қоржындық субсидиялау және кепілдендіру түріндегі жаңа қолдау құралының арқасында Жангелдин ауданында мақұлданған жобалар саны айтарлықтай артқанын атап өту қажет. Айталық, өткен жылы субсидиялау және кепілдік беру бойынша бір ғана жоба қолдау тапқан болса, биылғы жылдың 8 айында 16 жоба мақұлданған. Сондай-ақ, Арқалық қаласы бойынша оң үрдіс байқалады. Егер өткен жылы субсидиялау және кепілдік беру бойынша бес жоба мақұлданған болса, ағымдағы жылдың сегіз айында әр сала бойынша тоғыз жоба мақұлданған. Сонымен қатар, бағдарламаның оңтүстік өңірлерде іске асырылу қорытындыларын ескере отырып, кредиттерді субсидиялау және кепілдендіру бойынша Амангелді және Наурызым аудандарына жобалар санын ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейту қажет деп санаймын. Қарыз қаражатын алғысы келетін әрбір кәсіпкермен жеке жұмыс жүргізу керек. Мемлекеттік гранттарды дайындау және одан әрі сүйемелдеу жөніндегі қала әкімдіктерінің әлсіз жұмысын атап өту қажет. Атап айтқанда, соңғы екі жылда Наурызым ауданында гранттық қаражатты қайтарудың екі, ал Амангелді ауданында бір факт анықталып отыр, – деді А.Жаныспаев.
Субсидиялауға арналған бюджет қаражатының жетіспеушілігі негізгі мәселе болып қалып отыр. Бөлінген қаражаттың жылдық көлемі ағымдағы жылдың мамыр айының соңында игерілгенін атап өту қажет, осыған байланысты «Даму» қоры жаңа жобаларды мақұлдауды тоқтатты, оның ішінде 2021 жылғы 25 мамырдан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» аясында, 2021 жылдың 1 маусымынан бастап «Бизнестің жол картасы – 2025" шеңберінде (1 бағыт – портфельдік субсидиялау және кепілдік беру). Субсидиялауды қалпына келтіру үшін басқарма бағдарлама шеңберінде қосымша қаржыландыру бөлуге үш бюджеттік өтінім жіберді, бірақ олар қолдау тапқан жоқ.
– Қазіргі уақытта ағымдағы жылдың тамыз айында түзетуімен субсидиялауға бөлінген 361,8 млн теңге сомасында республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл ретте кепілдік беруге қаражаттың болмауына байланысты жобаларды мақұлдау кәсіпкердің өз кепілі болған кезде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда кепілдендіруге қаражаттың жетіспеуіне байланысты шағын бизнеске сұранысқа ие бағдарламаның 1 бағытын іске қосу мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 29 шілдесінде басқарма республикалық бюджет комиссиясының қарауына 480 млн теңге (субсидиялау – 280 млн. теңге, кепілдендіру – 200 млн теңге) сомасында бюджеттік өтінім жіберді. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу жөніндегі бастамаларды қолдауды сұраймыз, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Мемлекет Басшысы биылғы Жолдауында ел Үкіметіне «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының қолданылу мерзімін 2022 жылға дейін ұзартуды тапсырғанын атап өткен жөн.
Арқалық қаласы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі күні жалпы сомасы 26,1 млн теңгеге 9 жоба несие кепілдігін алды. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша мақұлдауды жалпы сомасы 52,1 млн теңгеге 9 жоба алды. 17 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
  – Сондай-ақ, 2021 жылдың тамыз айында Бағдарлама шеңберінде Арқалық қаласы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысуға 20 өтінім келіп түсті. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу бойынша жалпы сомасы 15 млн теңгеге (әрқайсысы 5 млн теңге) 3 жоба мақұлданды. 12 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған, – деді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов.
Облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Тебеев модератор болған онлайн басқосуға қатысып отырған Қырмызы Жаңбыршина, Ғайния Есеева бастаған халық қалаулылары да баяндамашыларға белсенді түрде сұрақтар қойып, проблемалық мәселелерге қатысты ойларын айтып отырды. Әсіресе Науырзым ауданының Шолақсай елін басқарып отырған депутат Мәди Ихтиляпов аталған өңірдегі бағдарламаның сылбыр орындалуын сынға алғанын айта кетейік. Мәди Өмірзақұлы ауданнан халықтың көшуін тоқтатуға – азаматтарға жағдай жасау керектігін баса атап өтті. Сондай-ақ, елдің көркейіп, бағдарламаға қатысушыларға кең жол ашуға басқа өңірлерде тұратын кәсіпкер жерлестерді тартып жатқанын жеткізді.
 
               

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓