Мұрағат сыр шертеді

Сарғайған газет беттерінен
3.Басты тақырып – тың игеру
1950 жылдың  11 июніндегі санда "Қостанай – астықты аймақ" деген тақырып көзіме  шалынды. Егіншілік  мәдениетіне  бетбұрыс   сол    кезден бас- талғаны   байқалып  тұр.
Негізінде, біздің өңірде  соғыстан кейінгі уақытта да астық  байлығын  жасауға ұмтылыс болған. Халық  шаруашылығын  қалпына  келтіруге жұмыла кіріскен  ауылдықтар  дәнді  дақылдар өсіруге  құлшына кіріскен. Мәселен, 1947  жылдың   15  майға  дейінгі мәліметіне   назар аударып   көрейікші. "Аудандардың егісті өткізудегі жарысы" айдарымен жоспардың  орындалу пайызы берілген.
Қыр  төсіндегі  еңбек жайлы газет тілшілері хабарлап  тұрған. Ә.Молжігітов  "Екпінді" колхозынан жазған  мақаласын сынға арнапты. "Сеялка бола тұрса да,  тұқым қолмен себілуде"  атты   материалында   техника   қуаты толық  пайдаланылмайтынын  баяндаған.
Журналист  Сырлыбай  Бүркітбаев  Обаған ауданының "15  лет колхозу" шаруашылығын сынаған.  "Егіннен  мол өнім алудың  шараларын қолданбай отыр" мақаласында салдыр-салақтыққа жол берушілерді әшкерелепті.  
1954 жылдың  3  январь күнгі сандағы "Батыр  атындағы колхозда"  мақаласы да назар аударарлық. Кеңес Одағының  Батыры Сұлтан  Баймағамбетовтың есімі  берілген колхоз  ұжымы мал шаруашылығын  дамытуда  ізденіс  танытқан. Атап  айтқанда,  олар  сауын сиыр  басын  100 пайызға, қой  мен  ешкіні  105 пайызға,  жыл-қы   санын   100   пайызға, құс санын  100  пайызға  арттырды.  
Сауыншы  Садуақасова және оның әріптестері сүт  сауу  жоспарын  артығымен орындады. Колхоз  бойынша  1954  жылдың  есебіне он мың  литр сүт мемлекетке тапсырылған.
Көлемді мақалада аталған колхоздың  егіншіліктен де мол  жетістіктерге жеткені жайлы әңгімеленген.   1953  жылы  колхоз егістігінің әрбір гектарынан он  және он  алты  центнерден  өнім алынған. Дала еңбеккерлері  келер  жылдың егістігінің  қамын ерте  жасапты. Декабрь  айында  төрт  жүз гектар алқапқа қар жолдары  тұрғызылған. Егістік  алқабына он  мың тонна көң  тасымалданған. Сонымен  қатар, бірнеше тонна күл мен құс  саңғырығы дайындалыпты. Шымтезек шірінді құмыралары көптеп әзірлеген. 
Картоп пен көкөніс  дайындау да ұмыт  қалмаған. Бұрын алқап  көлемі  он төрт гектарды ғана қамтыса, енді оның көлемі отыз гектардан асырылыпты. 
Жұрттың бәріне тыңға  шабуыл туралы кеңінен  мәлім. Кеңес Одағындағы айтулы оқиғаның  басында Н.Хрущев жүрді. Газет тігіндісінен  1954 жылғы   9 марттағы  №50  санында Совет  Одағы Коммунистік партиясы  Орталық  Комитетінің пленумы өткізілгені туралы хабарды таптым. Онда Н.С.Хрущевтің баяндамасына орай  қаулы қабылданғаны жайлы  айтылған.  Оған  Хрущевтың "Елімізде астық  өндіруді онан әрі  арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру  туралы  баяндамасы  негіз болған.
Айта кету керек, материал "Астық  шаруашылығының жайы  және астық өндіруді арттыру міндеттері" деген тақырыппен газеттің бірінші  бетінен төртінші  бетіне дейін тұ-тастай жарияланған.
Газеттің келесі,  № 50 ,  (1954 жыл )  санында іле-шала пленум қаулысын қуаттаушылардың  хабары басылыпты. Аманкелді МТС-нің коллективі  қаулыны бір ауыздан мақұлдағанын туралы айтылған.
Тыңға шабуылға  Кеңес Одағының түкпір – түкпірінен  жолдамамен келгендерді ыстық  ықыласымен күтіп алушылар қай жерде де  табылған. Жазушы  Жайсаңбек  Молдағалиев "Ауылдағы әке" атты әңгіме-сінде жасы алпыс беске толған Әбді ақсақалдың қарекетін баяндайды. Тың игеру  үшін алыстан  шаршап-шалдығып  келгендерге арнап, бөлмені  қалай даярлағанын  қаламгер шебер суреттеген. Астық  байлығын жасаушылардың біреуін  Әбді  қария "Мен сені балам" деймін деп  құшағын  жаяды. Әңгіме газеттің № 51  санында   жарияланыпты.
  Журналист  Қайдолла Тілемісовтің  он екінші май күні газетке  басылған  "Достық"    әңгімесіне  Нұрфазыл  қарттың   орыс  достарымен   ынтымақ-тастығы  арқау  болған.
1954 жылдың  6 апрель,  №69 (4919 ) санында  (газеттің  атауы "Коммунизм  жолы") арнаулы тілшілер Бақытжан  Жангисин мен Бексұлтан  Бекентаев  мал қыстату  жағдайын  жан-жақты  зерттеген. Олар  "Ворошилов" совхозы  басшыларының сөзі  мен ісін баяндайды.
Тілші Сапабек Әсіпов Аманкелді ауданында  өткен  жылғы кемшіліктер  қайталанғанын   өткір   сөзбен  түйреген.  
  Қазақ  ССР   Жоғарғы   Советінің    мәжілісі  туралы   материал газеттің 1954  жылғы 16 июнь күнгі  санынан   табылды.  Онда Л.И.Брежневтің  сөз сөйлегені жайлы  хабарланған. Брежнев Украинаның Россияға  қайта қосылуын  тілге тиек еткен.
Ермекбай
     Хасенов
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓