Айтары бар туынды
Жаңа жылдың басы, ескі жылдың аяғында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық Б.Майлин атындағы сыйлықтың иегері, «Қостанай таңы» газетінің 2014 жылғы лауреаты, Әулиекөл ауданының Құрметті азаматы Сағындық Досмағамбетовтың «Өмір-өзен, сөз-өнер» атты еңбегі 340 бет, таралымы 100 дана болып, «Шапақ» баспасынан шықты.
Кітап «Шапағат», «Ғибрат», «Арнау» және «Ой-алау» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады.
Сәкең шығармасының 1-2 бөлімінде негізінен өзінің оқып шыққан «алтын ұя» – мектебінің тарихы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ұлт ұстазы атанған Ахаң (Байтұрсынов), қоғам қайраткері Ілияс Омаров, елімізге мәшһүр болған Еңбек Ері Қабидолла Тұрғынбаев, ел ағалары Қуаныш Шәмшиев, Мырзағали Ғабдуллин, ғұлама молла Оспанның Әлмұхамеді және өзінің араласқан, сыйласқан, қызметтес болған аға-інілерін ұмытпаған. Және қазақтың ас беру, құдалық, өзінің балалық балдәурені өткен Ақшығанақ-Түйемойнақ жайлы да қалам тартқан.
Ал үшінші бөлімде арнау өлеңдері топталса, төртінші бөлімінде көптен бері жазып жүрген «Қойын дәптерінен» алынған ой түйіндер, тұжырым-шумақтар, әкесінен, басқа да естіген, оқыған және өзінің ойлары қорытындыланған.
Сағындық Қажмағамбетұлының тілі шұрайлы, мазмұнға бай, нақты дәйектерге сүйеніп жазған туындысы оқуға жеңіл, көпшілік оқырманға арналған.
Сәлім
Меңдібай