СӘТІ ТҮСКЕН САН ІСТЕР
Сарыкөл ауданына атбасын бұрған облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк өңір басшысы Эльдар Күзенбаевтың ел алдында берген есепті жиынына арнайы қатысты. Оны облыстық департамент басшылары және сарыкөлдік тұрғындар тыңдады.
Алдымен, облыс әкімінің орынбасары бастаған топ Барвин ауылындағы "Тищенко" ЖК-нің мал сою алаңы және "Аманжол-Акро" ЖШС-нің шошқа шаруашылық фермасын бетке алды. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша бой көтерген алаңда бүгінде 5 адам еңбек етеді. Жеке кәсіпкердің айтуынша, олар шошқа, ірі қараларды сойып, Қостанайға жөнелтеді. Сөйтіп, кәсіптің көзін тауып отыр. Ал "Аманжол-Акро" ЖШС-нің іргетасы осыдан 16 жыл бұрын қаланған, егін шаруашылығымен айналысады. Бұнда барлығы 240 жұмыскер бар. Серіктестік директоры Ерванд Акопян индустрияландыру картасы аясында соңғы жылдары шошқа шаруашылығымен де шұғылдануда. 7 мыңнан асқан таппақ танау төлін биыл 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Мәртебелі меймандар аудан орталығындағы жаңадан ашылған "Азия" аспаздық дүкені мен "Медео" тіс емханасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өңірдің экономикасына арналған көрмені тамашалады.
Мәдениет үйінде аудан әкімі Эльдар Күзенбаев өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен осы жылғы міндеттер барысын баяндады.
Эльдар Қонысбайұлы жылқы жылы Сарыкөлде сан алуан істердің жүзеге асқандығын атап өтті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемдік индексі 2013 жылмен салыстырғанда 14% ұлғайған, яғни 115,1%, ал инвестиция тартудың физикалық индексі – 125,9%. Сондай-ақ, өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері 17,1 млрд. теңгені құрайды. Бюджетке құйылған салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдердің өскені байқалады.
Мал шаруашылығы саласында ілгерлеу басым, яғни ірі қара – 14 660 басқа жеткен, соның ішінде бұзау саны 14,1% құрайды. Ауданға "Сыбаға" бағдарламасы арқылы өткен жылдың өзінде – 537 бас ірі қара сатып алынған. Биыл тағы 380 бас жоспарлануда.
Бұдан бөлек ауданда "Алтын Асық", "Құлан" жобалары да жүзеге асырыла бастады. Ұсақ мал басын ұлғайтуға арналған несиелеу бағдарламасына бақтарын сынаған "Сычев" шаруа қожалығы 300 бас қойдың 52-ін әкелсе, "Сердюк В.И." шаруа қожалығы 200 бас ұсақ мал сатып алды. Болашқта оны 685-ке көбейтуді көздейді.
Ал "Құлан" бағдарламасы бойынша "Джармухамбетов Р.Т." ШҚ бүгінде 25 бас жылқы алды, енді оның санын осы жылы 129-ке жеткізбек ойы бар.
Жалпы, мал шаруашылығын мардымды ете түсуге "Агробизнес-2020" бағдарламасы таптырмас тетік болып отыр. Яғни, былтыр бұл саланы субсидияландыруға 68 млн.теңге бөлінді.
Кәсіпкерлікке де кең өріс ашылды. Осы саланы дамытуда өңірде шағын бизнесті қолдау кең ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Жалпы, 1213 бизнес субъектісі құрылған, 3,8 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2015 жылдың 1 қаңтарында түрлі сауда-саттық секторының көлемі 1 млрд. 640 млн. теңгеге жетті.
Шағын және орта бизнес субъектісін тиімділігін жетілдіру үшін "Бизнестің жол картасы–2020" бағдарламасы айырықша септігін тигізуде. Оны жүзеге асыру аясында 6 жоба таңдалып, 9 жаңа жұмыс орны ашылды.
Индустриалдық саланы дамытуда 2016-2017 жылдары "Филенко" кәсіпкерлігі қуаттылығы сағатына 6 тонна өнім дайындайтын целлюлоза өндіру цехінің құрылысын жоспарлауда. Құрылыс үшін жалпы алаңы 1,5 гектар жер телімі бөлінді.
Оған қоса "Жасыл экономиканы" жандандыру аясында ауданда энергия көздерін жаңарту бойынша жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Краснознамен ауылдық округінің территориясы аумағынан "Vensif" неміс фирмасы жалпы қуаттылығы тәулі-гіне 1,5 мегаватт жел электр бекетінің құрылысын салмақ, ол үшін 3 гектар жер бөлінді. Жоба бастаушы "Алатау Энерго Трейд Лимитед" ЖШС-гі.
Өңір басшысы есепті баяндамасында аудандағы әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласында атқарылған ауқымды жұмыстар жайында да айтып берді. Әлеуметтің әлеуметтік жағдайына "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы табысты үлесін қосуда. Жыл бойы бағдарламаны жүзеге асыруға 301 адам атсалысқан. 77,5 млн. теңге көлемінде 40 шағын несие алынды, 7 жұмыс орыны ашылды. Ал кәсіби оқытумен 18 адам қамтылды, 65 адам оқу оқыса, оның 61-і жұмысқа тұрған. Сондай-ақ, 50 жаңа әлеуметтік жұмыс көзі ашылды, "Жастар тәжірибесі" бойынша 13 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жылы бас-аяғы 37 млн. теңге көлемінде 1848 адамға түрлі жағдайда әлеуметтік көмек көрсетілген.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеу-лі жандар да назардан тыс қал-ған емес. Бүгінде ауданда 702 мүгедек тұрып жатса, соның 52-сі балалар. "Өмірге саяхат" жобасы аясында 2014 жылы 18 қалау-шы 18 мүгедекті жұмыспен қамтыды. Бұл бағытта мүгедек азаматтарды қолдау үшін аудандық бюджеттен 2 млн. теңге жұмсалды.
Күрделі жөндеу жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ. "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" аясында республикалық бюжет есебінен 305 млн. 715,9 мың теңге көлемінде Урицк орта мектебіне толықтай жаңарса, 5 млн. 334,7 теңге көлемінде 6 жылу қазандығы ауыстырылды. Республикалық және облыстық бюджет есебінен 116 млн. 341 мың теңгеге Комсомол селосында ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды. Сондай-ақ, ауданның спорт саласы да ауыз толтырып айтарлықтай. Спорттық жабдықтармен жабдықталған 113 мекеме бар. Өткен жылы сарыкөлдіктер үшін ең бір жағымды жаңалық – Сарыкөлде жаңа стадионның салынуы, бұған аудандық және облыстық бюджет есебінен 214,4 млн. теңге қаржы жұмсалды.
Жол саласы да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы республикалық бюджет қаржы есебінен 750,6 млн. теңге көлемінде "Ұзынкөл-Сарыкөл" автожолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орындалған жұмыс көлемі 7,5 шақырымды құрады. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 158 млн. теңге көлемінде Сарыкөл кенті көшелерінің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, ұзындылығы 9,8 шақырымды қамтыды.
Ауданның 82,8% "Ақ бұлақ" бағдарламасы арқасында орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. 2013 жылы басталған жұмыстар 2016 жылға дейін жал-ғасады. Бүгінде жобаны жүзеге асыру барысында 62,8 шақырым су құбыр желісі тартылған, ағымдағы жылы 566,6 млн.теңге көлемінде 8,1 шақырым магистралдық және 19,4 шақырым сервистік су құбырын салу жоспарлануда.
2015 жылы да сарыкөлдіктерді сындарлы сәттер күтіп тұр. Яғни, жүзеге асырылатын жоспарда тұрған жобалар мынадай: – "Тарасенко В.В." ЖК қуаттылығы жылына 180 тонна сүт өндіру, "Дандыбаев Е.А." жеке кәсіпкерлігі қуаттылығы жылына 80 тонна ет өндеу цехын, ал "Джумагулов С.Б." ЖК қуаттылығы жылына 114 тонна наубайхана, "Адай Еркін" шаруа қожалығы қазақтың 1000 ақ бас ірі қарасына арналған мал шаруашылық фермасы, "Сей-Нар" ЖШС базасында қуаттылығы 20,0 мың тонна майлы дақылдарға арнал-ған шағын элеватор құрылысын және "Мелоян Т.В." ЖК жол жиегіндегі сервистік орталықты іске қоспақ. Бұл жобаларды іске ас-қанда 82 жаңа жұмыс орыны ашылмақ.
Есепті кездесу барысында аудан жұртшылығы тарапынан сауалдар жолданды.
Жиынды соңында облыс әкімінің орынбасары бір топ озат қызметкерді облыс әкімінің грамотасымен марапаттады.
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.