Нұралы САДУАҚАСОВ: «Өз істеріңізге немқұрайлы қарамаңыздар…»

Облыс әкімі Нұралы Садуақасов Қостанай ауданындағы мемлекеттік бағдарламаның негізінде шаруашылықтарын дөңгелетіп отырған бірнеше кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Алдымен жеке кәсіпкер Альберт Сафиннің теңіз және басқа да балық түрлерін өндіретін кәсіпорынына табан тіреді. Бұл кәсіпорын 2003 жылы құрылғанымен дәл бүгінгі күнге дейін нақты жетістікке жете қоймапты. Мұны  өңір басшысына кәсіпкердің өзі айтып берді.
– Рас, қанша тырысқанымызбен жұмысымыз алға баспай-ақ қойып еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында біраз істеріміз оңалды. Жаңа ғимарат салып алдық. Енді  алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Бұл алыс-беріске аса қолайлы болмақ. Менеджменттік саланы да тез меңгердік. Соған сай өнім де зор сұранысқа ие, – деді Альберт Сафин.
Кәсіпорын әзірге күніне 25-40 келі балық өндіреді. Болашақта бұдан да мол өнімге қол жеткізуді жоспарлап  отыр.
Аймақ басшысы бұдан соң  «Ажур» жиһаз фабрикасына келіп, олардың жұмыстарына қанықты. Кәсіпорын 2009 жылдан бері жұмыс істейді.Шаруашылық төрағасы Мырзаболат Камеловтың айтуынша, 40-қа жуық адам еңбек ететін кәсіпорын тек  жиһаз бұйымдарын жасап қана қоймай, холлофайбер және синтепон сияқты талшықтарды шығарып, еліміздің және Ресейдің бірнеше өңірлеріне экспорттайды. «Бизнес­тің жол картасы  – 2020» бағдарламасының арқасында 2013 жылы құны  16,1 млн теңгеге қазіргі заманға лайықты бірнеше құрал-жабдық сатып алған.
Одан әрі өңір басшысы №2 Затобол орта мектебінде болып, аудандағы әрі осы білім беру ісіне қатысты мәселелерді сөз етті, Н.Садуақасов мүгедек сәбилерге арналған сынып бөлмелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Мектеп ұжымымен  әңгімелесті.
Әкімнің аудан орталығындағы ет-шұжық өнімдерін өндіретін «Аян Озат» ЖШС барып, шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған кәсіпорын да 2009 жылы құрылған көрінеді.
Тек былтырдың өзінде ғана 1000 тоннаға жақын өнім өндіріп, 944 млн. теңге пайда түсіріпті. 150-ге жуық қызметкері бар жеке серіктестік күніне 3 тонна ет өндіреді.
Бұдан кейін өңір басшысы аудан әкімі Тәуба Исабаевтың жылдық есебін тыңдап, жергілікті халықтың сауалдарына жауап берді. Әсіресе, аудан бойынша мал басының  күрт кеміп кеткендігін сөз еткен Нұралы Садуақасов Тәуба Исабаевтан тұщымды жауап күтті. Бұған  шабындық жерлердің жетіспеуі әрі халықтың тығыз орналасуы кедергі екендігін алға тартқан аудан басшысына:
– Бұл түсіндіруіңіз жарамайды, – деді Нұралы Садуа­қасов. – Урбанизация, көші-қон  деген болған және бола да береді. Келесіде дұрыс ойланып жауап беруіңізді сұраймын. Бұған неге тоқталып отырмын, Сіз басқарып отырған аудан облыс орталығын азық-түлікпен қамтамасыз ететін бірден-бір өңір. Сондықтан бұған немқұрайлы қарамаңыз.
Есепті баяндамадан соң ел көкейіндегі сұрақтарға кезек тиді. Халық өздерін толғантқан мәселелерді жасырып қалған жоқ. Мәселен, Заречный мен Затобол арасындағы күре жолда  бағдаршам орнатылмаған. Соның салдарынан осы екі арада жол апаты жиі болады. Үлкен бір ауданның орталығында  аурухананың болмауы да тұрғындарды жиі мазалайды.
Бұған облыс әкімі былай деп жауап берді: «Екі елді мекен арасын жалғап жатқан тас жол республикалық маңыздағы байланысты қамтамасыз етеді. Сондықтан, көтерген мәселелеріңіз орынды. Алдағы уақытта бұл сұрақ шешімін табады. ал, аурухананың жоқтығы біздің де қабырғамызға батады. Бірақ, кешегі қиын кезеңдерде аурухана меншігіндегі  ғимарат ұзақ жылға жалға беріліген. Оны қайтару әзірге мүмкін емес».
Қысқасы, аудан әкімі Тәуба Исабаевтың әкім болғаннан бергі алғашқы есебіне оң бағасын берген өңір басшысы алдағы уақытта әлгінде айт­қан сындардан қорытынды шығаруын һәм істің нәтижелі болуын қадап тапсырды.
Нұрболат
         МЕШІТБАЕВ.
Қостанай ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓