Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран
Облыстық "Қостанай таңы" газеті бүгін "Жеңімпаздар жүздесуінде" майдангерлер Шәңгерей Жәнібеков пен Әбілжан Нұрмағамбетовке сөз беріп отыр.
"От-жалында шыңдалдық"
Мен 1924 жылы 15 маусымда қазіргі Денисов ауданы Қарпық ауылында дүниеге келдім. Әкем Жәнібек 1935 жылы, анам Зайтуна 1938 жылы қайтыс болды. Бұғанасы бекімей жатып, жетім қалған жәудіркөз атанып, ағайындарым Байтығұл Амантаев пен Сейіт Әбдібековтың отбасында тәрбиелендім. Сейіт Әбдібеков ағам кезінде осы қолыңыздағы "Қостанай таңы" газетіне басшылық еткен білікті журналист, көшелі азамат еді. Бүгіндер тоқсан жастан асқан шағымда өзіме қамқор болып, үлкен өмірге аттандырған осынау абзал ағаларымды үнемі ризашылық қалыппен еске алып жүремін.
Мен медицина училищесіне түсіп, оны 1942 жылы бітіріп, фельдшер мамандығын алып шыққан болатынмын.
Бұл Ұлы Отан соғысындағы ең бір қиын-қыстау кез еді. Бақайшағына дейін қаруланған неміс-фашист әскерлері кең байтақ Отанымыздың бейбіт аумағына дендеп кіріп, халықтың қайғы-қасірет арқалаған, бірақ сонда да сағы сынбаған, Жеңіске деген сенімі пәс тартпаған, бірақ үрей мен үміт қабаттасқан тұс еді. Дәл осы сәтте біздің де қолға қару алып, жауға қарсы атой салатын кезіміз келді. 1942 жылдың қыркүйегінде майданға шақырылып, 1943 жылдың мамыр айынан Бас Қолбасшының резервтегі 16 артиллериялық дивизиясы құрамында Брянск, Дала және Екінші Украин майдандарында шайқастым. Белгород, Харьков, Полтава, Кременчук, Кирово-град қалаларын азат етуге қатысып, Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір қантөгісті Корсунь-Шевченко, Ясско-Кишенев операцияларының бел ортасында болдым. Румыния, Венгрия, Чехословакия және Австрия аумағында неміс-фашистеріне қарсы әскери қимылдарға қатысып, талай қиыншылық көрдік, бірақ төздік, Жеңіске сендік. Екі бірдей "Ерлігі үшін" медалін омырауға тақтым. Дивизионның әскери фельдшері және комсоргы бола жүріп, емдеп, қатарға қосқан жаралы жауынгерлер жүздеп, мыңдап саналатын шығар-ау…
Туған елге тек 1947 жылдың қазан айында оралып, Қостанай ауданы денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып, қызметке кірістім. Ал 1949 жылы қыркүйекте Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті әкімшілік бөлімінің нұсқаушысы болып бекітілдім. Арада екі жыл өткен соң бөлім меңгерушісінің орынбасары болдым.
Жоғары білім алсам деген арманмен 1955 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны 1958 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. 1959 жылы Рудный қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, Бүкілодақтық екпінді құрылыс Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінің аяғынан қаз тұрып, Одақ бойынша тау-кен өндірісінің алыбы болуына өз үлесімді қостым деп білемін. Қазақстан даңқын еселеген сол Соколов-Сарыбай былтыр өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті.
Содан Қостанай қалалық, облыстық партия комитеттерінде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде жауапты қызметтер атқарып, зейнет демалысына шығып, Алматы шаһарында тұрып жатырмын.
Өткен жылы Қостанайда, Рудныйда болып, туған жердің төсінде еркін тыныстап, бір жасап қалдым.
Кешегі қан майданда Жеңіске жеткен жауынгерлердің ең жас дегенінің өзі тоқсан жасқа келді. Сол майдангерлерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтауға қуаныштымын.
Біздің ұрпақ талай қиыншылықтарды көрді. Бірақ жасымады, қайта жігерлене түсті, еңбекке адал қарады. Қоғамдық меншікті көздің қарашығындай сақтады.
"Он сегізге де толмаған жас едік"
– Біз он сегізге толмаған жас едік. Бас-аяғы отыз шақты жігітпіз. Ат шанамен бәрімізді 1942 жылы сонау Торғайдан Әулиекөлге алып барды. Межелі жерге жеткенше арып-ашып жол жүрдік.
Үш ай әскери дайындықтан өткен соң 1942 жылдың наурыз айында соғысқа аттандық. Біздің 67-ші атқыштар бригадасы Украинаның Кирово-град, Знаменка, Александров қалаларын азат етуге қатысты. Кирово-град түбіндегі ұрыста ауыр жарақат алдым. Үш ай емделген соң Белорусь майданына жіберді. Гомель қаласында тағы да оққа ұшып, бір ай госпитальда жаттым. Кейін Минскіні азат етуге қатыстым.
– Днепр түбінде жан түршігерлік ұрыс болды. Жауынгерлердің дені оққа ұшты. Торғайдан барған жігіттер сол жерде қаза тапқан болатын. Жау жағы бізге қарсы оқ жаудырғанда қара жер қақ айырылып кетердей көрінетін.
Мен майдандастарыммен бірге 1944 жылы Польша жерін, Варшава қаласын азат етуге қатыстым. 67-ші атқыштар бригадасы 1945 жылы Германияға басып кіріп, Хаген қаласына тоқтады. Нәтижесінде 9 мамырдағы Ұлы Жеңісті Берлиннің батысындағы Хаген қаласында қарсы алдық. Соғыс біткенімен жауынгерлерді бірден босатпады. Біз бір жыл бойы Хаген қаласында әрбір үйді тінтіп, қашқындарды және тығып қойған оқ-дәрілерді іздедік. Бір жылдан соң елге аман-есен оралдық.
Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы төмен еді. Жадап-жүдеген халықтың жағдайы адам аярлық. Әсіресе, Торғай өңіріндегі ахуал тым нашар болды. Себебі, Батпаққара даласы соғысқа дейін талай құқайды бастан кешті. 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы қуғын-сүргін Жанкелдин, Аманкелді аудандарын аждаһадай жайпады, жалмады.
– Үш-бес жастағы кезім қалай өткенін білмеймін. Неге десеңіз, 1932 жылы біздің ауылды аштық жайлады. Сол қырғында туған ағам мен інімнен айырылдық. Қуғын-сүргінді де көріп, соғысқа іліктік. Бала болып ойнап, тойып тамақ ішпедік. Біздің жастық шағымыз қасіретке толы болды.
Соғыстан кейін де күнкөріс керек. Бейбітшілік орнаған соң оқу іздеп, Алматыдағы офицерлер даярлайтын бір жылдық мектепке бардым. Оны 1947 жылы тәмамдап, жолдамамен Затоболға қызметке орналастым. Кейін шаңырақ көтеріп, үш ұл, үш қыз тәр-биеледік. Зайыбым Күлпарамның жарық дүниеден озғанына да он бес жыл болды. Қазір Қостанай қаласында балалардың ортасында ғұмыр кешіп жатқан жайт бар. Елбасының құттықтауын алып, бір жасап қалған майдангерлердің бірі де өзім.
Тілегім – Тәуелсіз Еліміз қарыштап алға бассын, бүгінгі он сегіздегі жастар тек бейбіт елдің ұланы болып, өркен жайсын!
Сәлім МЕҢДІБАЙ
Тыл тауқыметі: дерек пен дәйек
"Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін" ұраны тылда қалғандардың өмірлік мәніне айналды.
Қазақстанға ондаған әскери зауыттар көшірілді, оларда ерлер ғана емес, сондай-ақ әйелдер, қарттар, балалар жанқиярлықпен еңбек етті.
Тек Қостанайға ғана 10 кәсіпорын мен мекеме жіберілді. Облыс орталығына бірнеше көшірілген госпитальдар, Сталинград авиация училищесі орналастырылды.
Қорғаныс қорына қостанайлықтардың аударған ақшалай жарна сомасы 181 миллион сомнан асты.
Облыс еңбеккерлерінің қосымша қаржысына танк колоннасы мен 4 шабуылшы ұшақ жасалды.
Облыс еңбекшілері соғыс жылдары майданға 100 вагоннан астам азық-түлік, жылы киім және басқа да сыйлықтар жіберді.
Біздің облыстан соғыстың төрт жылы ішінде Отанымыз 43 миллион пұт астық, 2 миллион пұттан астам ет, 244610 пұт май, 188795 пұт жүн, 7387 жылқы алды.