7 жасар Викторияның мәйітін кім тауып алғаны белгілі болды
Бұған дейін хабарлағанымыздай осыдан бір ай бұрын жоғалған Рудныйлық 7 жасар бүлдіршін Виктория Ганяның жансыз денесі қала шетіндегі иесіз тұрған ғимараттан табылғанын хабарлаған болатынбыз. Дүйім елді дүр сілкіндірген оқиға бүгін жаңа деректермен толықты.
Атап айтатын болсақ, із-түзсіз жоғалып кеткен қыз баланың мәйіті жасырылған жерді тауып алған Владимир Радченко есімді шаһар тұрғыны екені белгілі болып отыр. Ол бізге қала шетіндегі бұзылған ғимараттан кісі қолынан қаза тапқан Виктория Ганяның денесін қалай іздеп тапқанын айтып берді. Ол марқұм Викторияның анасына осы маңдағы ескі үйлерді бақылап тұрған бейнекамералардың жазбасын алу керектігін Марияға ( Викторияның анасы) айтыпты. Сосын олар осынау бейнежазбаларды мұқият қарағанда 24 сәуір күні 16:01-де күдікті ер адамның кішкентай қызды жартылай бұзылған ғимаратқа ертіп апара жатқанын көрген. Сондай-ақ, ол жерде бұған дейін қыздың орамалы табылған болатын. Осыдан кейін жоғарыда есімі аталған ерікті осы төңіректі мұқият тексеріп, адам қолымен жиналып, бейне бір нәрсенің бетін жауып, жасырып қойғандай өрілген кірпіштерді көзі шалады. Күдік туғызған жерді аршып қарағанда, кішкентай қыздың мәйіті шығыпты. Ол сол арада жоғалған қыздың анасына қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін шақыртыпты.
Мешіт Ғазиз