Ауылға ауыз су жетті
Бүгін Қостанай ауданының Садчиков ауылында орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Осы сәтті жиырма жылдай уақыт күткен жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ.



«Бұл – біз үшін үлкен мереке. Ауылда атқарылған ең үлкен іс. Ауыз су оңай жолмен келген жоқ. Өзім 21 жыл әкім болып жұмыс істеп, екі жыл бұрын зейнетке шықтым. Сол уақыт ішінде шешімін таппай келген мәселе еді. Есеп беру баяндамаларымды тұрғындар осы сұрақпен тоқтататын. Игі істің жүзеге асуына аудан әкімі Жансұлтан Тәукеновтің зор ықпалы бар. Ол Садчиковқа судың міндетті түрде керек екенін жоғарғы жаққа дәлелдеп берді. », – дейді ауылдың бұрынғы әкімі Сақтаған Байманов.







«Зор шаттыққа кенеліп отырмыз. Бұл керемет оқиғаны көп күттік. Ақыры тілегенімізге қолымыз жетті. Әрине, үй алдында құдығымыз бар еді. Бірақ ондағы су нашар, кермек татиды. Үйде шалымыз екеуіміз ғана тұратындықтан, басқа жақтан тасып ішуге денсаулығымыз да келмейді. Басты мәселеміздің шешілгеніне өте қуаныштымыз. Мына су бұрынғымен салыстырғанда бал татиды. Билік өкілдеріне алғысымызды айтамыз», – дейді қарт тұрғын Людмила Возиянова.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков