Кезең мен кезек
Жас адам қартаяды,
Жаңа нәрсе ескіреді:
Шадыман шақ ескен желдей тез өтер.
Жас қартайып, жаңа ескіріп, күш қайтып,
Қуатты бел бүгілетін кез келер.
Ахмед Йүгінеки.
Неге екенін білмеймін, осы бір кездейсоқ кездесу арасына уақыт салса да есімнен шығар емес. 2013 жыл. Қазан айының бірінші жұлдызы. Институт ректораты "Қарттар күнін" өткізіп, ішкен-жегенге емес, көңілім "қара суға семіріп" үйге беттеп келе жатсам, алдымнан түрі таныс, бұрынғы Торғай облысы кезінде ежәптәуір ілкімді қызметтер істеген үлкен кісінің кездескені. Әйтеуір, дәл сол күні айтар сөз "Мейрамыңызбен!" десем, ақсақал маған көзін алартып бір қарады да "Сіз үшін мейрам шығар, ал маған ешқандай мейрам жоқ, бұрынғы бәлен жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан мекемемнің бүгінгі күні ұштығы түгілі, пұштығы да жоқ. Құдайдың есебінде бармын, ал адамның есебінде жоқпын-ау, сірә?!" деп, өз жөнімен кетті. Мақтанғаным емес, қысылтаяңда – табан астында сөз табатын едім, ал, ол кісіге не айтарымды білмей, тосылып әрі ойланып қалдым…
…Кезінде, Арқалық ауданында Торғай совхоз-техникумында директордың орынбасары, А.Матросов атындағы кеңшарда директор, Арқалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының бас зоотехнигі, кейіннен зейнетке шыққанша Ашутасы ауылының әкімі болып істеген Айтмұрат Хұдайбергеновке, өзімен бұрын қызметтес болған қылжақбас жастар, сөздің бір иінінде "Шал.., Шал..," дей беріпті. Сонда Айекең: "Үлкен кісі деп айтуға тілдерің келмей тұр ма, "Шал же – это конченный человек!" дегенде, жанындағылар үндей алмапты. Апырым-ай, сонда үлкен кісілердің барлығы шаруасы "біткен" – "конченный" адам болғаны, ал, "Алпысқа келгенннен ақыл сұра" және тағы да басқа қарттар туралы қазағымның игі нақылдары ұмытылуға айналғаны ма деп, іштей қынжылдым. "Күлсең, кәріге күл" деген мәтелдің етек алғаны ма екен? Ізеттілік қайда? "Өлдің, Мамай – қор болдыңның" кебі ме? Әлде, "Тостағанның сырымен бірге сынының да қоса кеткені ме?", сонда!!! Олай дейін десем, маңдайымызға біткен жалғыз жоғары оқу орнының ректоры Сейітбек Қуанышбаев осыдан үш жыл бұрын жаңа жұмысына тағайындала салысымен, киелі Торғайдың рухани астанасы – Арқалықтың игі жақсы қарттарына сәлем беремін және танысамын деп бір топ үлкен кісілерге қонақасы беріп, олармен пікір алысқанының куәсіміз. Жақсы дәстүр әлі де жалғасуда. "Мұсылманның міндеті – парасатты әрекеттен таймау" деген ұстанымды мықты сақтағанына және осы азаматтың парасаты жоғары болғанына қуандым. Өмірде парасатты азаматтар көп болса екен! Мәселе, ішкен-жегенде емес-ау, мәселе көңілде ғой. Ал, сонда қаламыздың өркендеп дамуына үлес қосқан немесе урбанизацияның салқынымен сырттан көшіп келген үлкен кісілерге кімнің назар аударуы керек? Қаламызда өткізіліп жатқан алқалы жиындар мен басқа да өткізілетін іс-шараларға қатынасатындар да ат төбеліңдей ғана үлкен кісілер: іріктелген, санаулы қарттар. Марқұм, сатирик ақын Жарасқанның Әбдірашы Ғафу Қайырбеков ағамызға арнаған інілік назында "Қайда барсам да, онда да отыр Ғафекең…" дегені сияқты, құрамымыз тұрақты. Сонда, қалған төрт мыңнан астам қарттар не істемек?
"Жасы үлкенді қадірлесе – құт болар" деп Махмуд Қашқари айтқандай, қарттарымызды қадірлей алып жүрміз бе? Кейде пендешілікке салынып, олар "Киімдер дүкенінің" жанында немесе "Махаббат саябағында" неге жиналып тұрады деген сұрақтар да туындайды. Бірақ, не істерсің, әрбір адам тіршілік иесі болғандықтан бір-бірімен сөйлескенді, тіпті ішіндегі қуаныш сезімін немесе ренішін бөліскенін қай-қайсымыз да қалаймыз ғой, тек әдептен озбасақ болды емес пе! Тіпті, олардың билік өкілдеріне де көкейтесті сұрақтары да бар екені шындық. Кезінде, қаламыздың бір әкімі "аула клубтарын" құруға әрекеттенген сияқты еді, ол шаруа да өз жалғасын таппағанға ұқсайды, билікте, ізбасарлық пен жал-ғастық жоқ-ау, сірә! Ал, қарттар денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, зейнетақы мен жәрдемақы, азық-түлік бағасының күннен күнге себеп-салдарсыз қымбаттауы сияқты өзекті сұрақтарды бір-біріне қойып, әуре-сарсаң болуда. Жауапты кім беруі керек? Ең болмаса, жоғарыда аталған мекемелердің басшылары ардагерлердің өкілдерімен жылына бір рет кездессе де артық болмас еді деген ой да туады. Ал, өмірдің ауыртпалығын арқалап, кешегі Кеңес дәуірінде мал соңында жүрген, күннің ыстығы мен суығында жер жыртып, егін жинаған және кен қазған ардагерлердің бүгін денсаулықтары кемшін және олардың көбісі қаламыздың қоғамдық өмірінен тыс екендері рас. Жылына бір рет өткізілетін "Қарттар күнін" күтпей-ақ, мекеме басшылары өз ардагерлерімен жиірек пікір алысып тұрса да артық емес сияқты. Сенің "кезеңің" өтті, енді Сізде, біздің ешқандай шаруамыз жоққа келтірмей… Әй, шіркін қазағым-ай "Үлкен адам – бала сияқты" деп бекер айтпағансың-ау! Мекеме басшысы сәл-пәл көңіл бөлсе болды, олардың төбесі "көкке жетіп" қалары да шын ғой!
Аға буынның ерен ерліктері мен еңбектерін үлгі тұтсақ, кейінгі ұрпақтың алар асуы да заңғар болары сөзсіз.
Күні кеше ғана сүйікті қаламыз Арқалық және оның төңірегінің дамып, өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқан Ленин орденінің иегерлері, кенші-экскаваторшылар Алпысбай Кенжебаев пен Малғаждар Ахметовтарды, шопан Аманкелдинді, дихандар Адам Мурашко, Павел Андреев және Юрий Дувановты, Кеңес дәуірінің жоғары дәрежедегі орден-медалдарымен марапатталған бақташылар Жұмабай Көшенов, Нұрхамит Тасмағамбетов пен Әскербек Қабиевтерді, атақты сауыншылар Нина Косенкова мен Ұлмекен Махамбетоваларды біреу білсе, біреуіміз тіпті білмейміз. Оның сыртында, осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын Ұлы Жеңіске және ел экономикасын көтеруге өз үлестерін қосқан тыл ардагерлері ардақталуда ма? Тың көтергендер ше?
Заман мен дәуірге өкпе айтуға болмас, бірақ, ағымға сәйкес, өмірге тоғышарлық көзқараспен қарау белең алып бара жатқанға ұқсайды. Кезінде, классик ақын Қадыр Мырзалиевтің "Ақшадан да қымбат заттар бар, ал оларды алу үшін де ақша керек" деген афоризмін оқыған едім, иә, ақиық ақынның бұл тұжырымы, бүгінгі болып жатқан жат құбылысқа айтқан сарказмы болса керек. Міне, осы тұрғыда ақшадан да қымбат ұстанымдар бар екенін жастарға айтып, түсіндірер кім болмақ? Әрине, көнекөз үлкендер емес пе! Көкіректері алтын сандық ұстаздар Кәрім Әлмағамбетов пен Еркін Қожахметов, қарымды қаламгерлер Жақсылық Жүнісов пен Сағи Әбілхасенов, партия ардагерлері Рахымжан Бектұрғанов пен Қайырден Жиенбаев, шаруашылық басшылары Хамит Досжанов пен Степан Гачкайло, геолог Николай Бегайдаров және басқа да ардагерлердің асыл ойларын, өмірден түйген бай тәжірибелерін ортаға салып, жастармен бөліссе ұтарымыз анық. Осындайда "Қариялар азайып бара жатыр…" деген белгілі өлең жолдары еріксіз есіңе түседі. Ал, оларды тек "Қарттар күні" ғана есімізге алғанымыз "түйенің мойнынан да қисық" екенін біле тұрсақ та, күнделікті күйбең тіршілікте ескере бермейміз.
…Ойымды, кенеттен шыр еткен ұялы телефонымның дыбысы бөліп жібергені. Тыңдасам, әйелім екен. "Өу, қайда жүрсің? Сенің зейнетке шыққан бұрынғы жұмысыңнан (қалалық мәслихат) үйге торт әкеліп тастады, шай қойдым, тезірек кел!" дегені. Міне, қызық! Баяғы ертегідегі "Қорқыт дегенде, осылай қорқыт деген жоқ едім ғой!" деген сияқты, мәслихатта істейтін үзеңгілес інілерім мен бұ-рынғы қызметтестерім "Қарттар күнінде" кеңселеріне екі-үш халық қалаулыларымен бірге мені шақырып "Сізден кейін, өзіңіз бұрын басшылық еткен мәслихатта, қазіргі уақытта осындай оңтайлы жұмыстар істеліп жатыр… " деп тізбектеп, қолымды алып, құттықтай салса да артық болмас еді-ау! Бірақ, не істерсің? Иә, кезеңіміз өтті, енді кімнің кезегі екен?!
Жас уақытымызда, махаббат сезімі құбылмалы ауа райындай болып жүрегімізге ұялаған кезде, қолымыздағы түймедақ (ромашка) гүлінің жапырағын "Сүйеді? Сүймейді?", "Любит? Не любит?" деп, ішімізден сыбырлап, бұлыңғыр үмітпен бір-бірлеп жұлғандай, Айтмұрат Хұдайбергенұлының "Шал – это конченный человек" деген тұжырымын – "Біткенсің? Бітпегенсің?", "Конченный? Неконченный?" деген қисынсыз сұрақтарды өзіме өзім қойып, миымды еріксіз қамшылап, жұмсақ тортпен шай ішуге үйге қарай асыға аяңдадым… Мен де пендемін ғой!
P.S. "Нағыз адамның белгісі – кісілік" деп Жүсіп Баласағұни атамыз айтқандай, Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов өткен 2014 жылдың аяғында, жұмысының қауырттығына қарамастан, Арқалық қаласының бір топ ақсақалдарымен сұхбаттасып, пікір алысқанының куәсі болдым. Қарттардың ол кісіге берген ақ батасы қабыл болғай! "Ұлық болсаң – ізгі бол" деген осы да!
Қонысбай Ағуанов,
зейнеткер.
Арқалық қаласы.