ТӨБЕМІЗДЕН ТЕГІН ҰШПАЙДЫ
Қазақстан Республикасының үкіметі "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшатын "Союз-2" зымыраны бөлшектері құлайтын жерді анықтап, Ресей Федерациясымен жаңадан келісім жасады.
Үкімет қаулысымен мақұлданған келісім Қазақстанның Нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде (сайтында) орналастырылған. "Ғарыш аппараттарын полярлы орбитаға шығару мақсатында, солтүстік бағыттағы жаңа әуе трассасымен "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырылатын "Союз-2" зымыранын ұшыру үшін тараптар мен басқа да қатысушылардың өзара іс-әрекеттерін құқықтық реттеу – осы келісімнің негізі болып саналады" – делінген келісім жобасында.
Құжат жобасына сәйкес, Қазақстан Ресейге Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы эллипс формалы (жазық дала), аумағы 5,8 мың га болатын жерді зымыран бөлшектері түсетін жер есебінде бөлген. Ресей тарапы құлау ауданын пайдаланғаны үшін жылына 460 мың АҚШ долларын төлеуге міндеттеледі. Торғай даласына жылына үш рет зымыран қалдықтары құлайды деп күтілуде. Жоспардан тыс ұшырылған әрбір зымыран үшін тараптар Жанкелдин ауданының әкімдігіне қосымша 50 мың АҚШ долларынан үстеме төлеу қарастырылған.
Құлау ауданын пайдаланатын "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорыны" АҚ және осы аумақта жұмыс жүргізетін Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану орталығы өз қаражаты есебінен жергілікті тұрғындардың және аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Атап айтқанда, дала өрттері пайда болған жағдайда оларды жою, зымыран тасығыштың бөлінетін бөліктерінің бөлшектерінен құлау ауданын уақтылы тазарту, ластанған учаскелерді детоксикациялау және зымыран тасығыштың бүйірлік блоктары құлау орындарында бүлінген топырақ қабатын техникалық қалпына келтіруді қолға алады.
Қазақстан мен Ресей тараптарының арасындағы ақы алу мүмкіндіктері қарастырылған мұндай келісімнің алғаш рет 2014 жылы жасалғанын айта кеткен жөн. Келісімде екі ел өкілдері "Солтүстік траектория" деп аталатын "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданы ретінде жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы үкіметаралық келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, Қазақстан Ресейге жалпы ауданы 63,2 мың га құлау ауданын (22,52 мың га – Ақтөбе облысына, 40,68 мың га – Қостанай облысына тиесілі) бекіткен еді. Сол кезде құлау ауданын пайдаланғаны үшін төлем ұшыру санының шектеуінсіз 460 мың АҚШ доллары көлемінде бекітіліп, Ақтөбе облысына 103 мың, Қостанай облысына 357 мың АҚШ доллары бөлінген болатын.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей арасында алғаш рет 1994 жылы қабылданған келісімде Қазақстан аумағындағы ғарыш жұмыстары үшін пайдаланылатын жер телімдері үшін бір тиын да ақы қарастырылмаған болатын. Айтулы келісімде тек тараптардың экологиялық жауапкершіліктері жалпылама түрде айтылып өтілген. Қазіргі қабылданып жатқан құжаттар осы кемшіліктерді жойып, тараптардың нақты жауапкершіліктерін айқындап, ғарыштық жұмыстың салдарын жою мүмкіндіктерін қарастырған. Сонымен қатар, Ресей қаржысымен аудан әлеуетін арттыру көзделіп отыр.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ