Жақсының көзі

Қазақстан Республикасының медицина саласы бо­йынша үздік дәрігері, тибет медицинасының білгірі, емші, барша ғұмырын халық денсаулығына арнаған, зейнеткер, құрметті қажы Шынберген Әбдіғалиұлының 75 жасқа толуына орай бір үзік сыр.
59684_originalШынберген аға шыққан әулет сан ғасырлар «Ұлы Жыланшық» өзенінің «Аққұм», «Айырқұм» мен «Ақкөл» арасындағы «Айнакөл», «Дүбір», «Сырлытам», «Шойынқап», «Жүзбай» түбегін мекен еткен.        
Шыңғысханның әскери тұрағы (бір деректе Батый ханның немересінің) болған жердегі «Сырлытам» жанынан Шығанбайұлы Жүзбай қажы халықты ұйымдастырып 1894 жылы ұзындығы 32 метр, ені 18 метр төрт мұнаралы мешіт, 10 бөлмелі балалар оқитын медресе, кісі түсетін қонақ үй, т.б., қажетті кесенелер салдырған. Жүзбай қажы Уфадағы Ғалия медресесін 1876 жылы үздік бітіріп, елге келіп, ауыл балаларына арабша, парсыша хат танытқан. 1890 жылы Меккеге барып, қажылық парызын өтеген.
Жүзбайдың Таласбайы 1890 жылы дүниеге келген. Әулетте бала болмай,сәби дүниеге келгенде Жүзбай қажы ағайындарын шақырып алып, ал орталарыңа ер бала келді, бәріңе ортақ өссін, атын Таласбай қояйық деген екен. Таласбайда бір атадан жалғыз.
Таласбай Торғайдағы діни медресесінде 4 жыл оқыған. 1914 жылы Уфадағы Ғалия медресесіне түсіп, оны 1918 жылы үздік бітіріп шығады. 1928 жылға дейін Аққұм болысының молдасы болады, әрі тамыр ұстап емшілік жасайды. Екі әйелінен 4 ер бала, 8 қыз бала көреді. Таласбай 1928 жылы жазықсыз 15 жылға сотталып кетеді де елде қалған әйелі, балалары ашаршылыққа ұшырап әйелі, 3 ұлы, 8 қызы қаза табады. 12 баладан тек Әбдіғали ғана тірі қалады.
  Әбдіғали 1912 жылы Таласбайдың екінші әйелі Қатиядан туған. Бұл кісі Әділ-Ғапал (руы) Жанұзақтың Есенжолының баласы Мырзағұлдың қызы.
 Әбдіғали алғашқыда Кәтен молдадан оқыған. Уақыт өте келе мемлекеттік жүйе өзгерген соң Таласбай Әбдіғалиды кеңестік оқу жүйесіне беруді ойлап, баланы алып қайтуға жолға шығады. Жолда келе жатып Кәтен молдаға еңбегіне пар аттың бірін берермін деп ой түйеді. Кәтен Таласбайды ықыласпен қарсы алады. Баланы басқа оқу жүйесіне бермек ойы барын айтып, алғысын білдіреді. Кетерде аттың бірін беруге қимай Кәтеке бала оқытқан еңбегіңізге бір бұзаулы сиыр алыңыз дейді. Сонда Кәтен әулие айтқан екен: «Әй Таласбай! Ауылдан шыққандағы ойың басқа еді ғой» деп. Сасып қалған Таласбай, «Кәтеке сиыр да, ат та сіздікі» депті. Біздің киелі Торғайда осындай кісі ойын оқып білетін әулиелер көп болған.
Кәтен Таласбайдың қолын ұстап ұзақ тұрып қоштасады. «Қарағым, менің сені соңғы көруім болар, дін жолында көп бейнет көрерсің, аман ораларсың, алдыңнан бір сәбиің шығар» депті. Сол сәбиі жалғыз ұлынан қалған Шынберген болатын. Әбдіғали діни сауат ашып кейін 8 класс бітіріп есепші болып тұрған жерінен соғысқа аттанған. 157 гвардиялық дивизия құрамында Сталинградты қорғаған. Сол жерде қаза тап­қан. Сталинградтағы Мамаев қорғанындағы туда Таласбаев Әбдіғалидың аты мәңгілікке жазылған. Шынберген әкесінің басына елден немерелерін ертіп барған және Торғайдан топырақ апарған.
…1960 жылдарда мен Таласбай атайды Көкалатта бірнеше көрдім. Қызыл жорға атын қарындаш арбаға жегіп ел арасында қыдырып жүретін. Біз соңынан жүгіріп арбасына мінетінбіз. Бойы ұзын, өте ірі кісі еді. Сақалы кеудесіне түсіп тұратын күмістей аппақ болатын. Құран оқығанда дауысы ерекше күңіреніп шығатын. Шынберген аға атасының атына мініп көше бойлап шауып жүретін, біз көргенде өте пысық жас жігіт еді.
Атасы қайтқанда Шынберген Ақтөбе қаласында оқуда болған. Атасы оқуы қалып қояды деп немересіне хабар бергізбеген.
«Бір күні түнде атам өлді деп еңіреп жылап ояндым. Түсім екен. – Атам мен түс көрген күні өмірден озыпты»,- деп еске алады. Сөз арасында: «Шіке,  атаң түсіңе жиі кіре ме?»- деп сұрадым. «Торғайда бас дәрігер болып жүріп машинамен аударылғанда атам түсіме кірді. Басқа уақытта түсіме кірмеді»- деген.
Торғай діни шамшырақтары ішіндегі атқарған игі істері зерттеліп тиісті бағасын алмай келе жатқан ғұлама дінбасылар Жүзбай қажы мен барша ғұмырын қиналып жүріп дінге арнаған Таласбай молда. Таласбай атына Көкалаттағы мешіт аты берілді. Осы діндар әулетті жалғаған Шынберген ағаның өмір жолы жеңіл болмағаны анық.  Әкеден өлідей, анадан тірідей айрылды. Атасы түрмеде отырды. Араға 9 жыл салып елге оралған атасын өмірі көрмеген Шынберген көпшілік арасынан жазбай таныған. Атасы келген соң кемшілік көрмей өсті.
Қарақоға бастауыш мектебінің есігін 1949-1950 оқу жылында ашады. Алғашқы ұстазы Ғазез Әмірханов. 1960 жылы Торғайдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті, кейін кәсіптік-техникалық училищені үздік бітіріп, 1963 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтына түседі. Осы кезде Москва қаласында оқитын студенттердің Мұрат Әуезовтың ұйымдастыруымен құрылған «Жас тұлпар» ұйымына Целиноградтан Шынберген делегат болып ұсынылады. Көп ұзамай Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті  тыңшылары қолына түсіп оқудан шығарылады. Шікең Целиноградтан Алматыға оқуға барады. Ол жерде оқуға түсе алмай 1964 жылы Ақтөбе мемлекеттік дәрігерлік институтқа түседі. Ол кезде институт ректоры Төрегелді Шарманов болады. Медицина ғылымдарының докторлары Станислав Петрович Политаев, Алшынбай Рақышев жас маманға қамқорлық қолын созады.
1966 жылы атасы қайтқанын естігеннен кейін оқуды тастағысы келеді. Елге келуге қаржы жоқ. Әр жерден жұмыс іздеп жүргенде жерлес ағасы Ақтөбе мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бастығы, полковник Омаров Сәрінжіп кездесіп, жас азаматтың аты-жөнін сұрап білгеннен кейін жанашырлық жасап, қаладағы ет комбинатына күзетке орналастырады.
Арасында арақ-шарап шығаратын зауытты қоса күзетеді. Осылайша жағдайы жақсарады.
1967 жылы 5 тамызда өзімен бірге оқитын ақтөбелік Алтыншашқа үйленеді. Сөйтіп, Шынберген ағамыз оқуын аяқтап жеңгеміз бен Серік атты баласын ертіп арнайы жолдамамен өзі туған Торғайға 1971 жылы терапевт-дәрігер болып жұмысқа келеді.
Шікең қатардағы дәрігерден бас дәрігердің емдеу саласындағы орынбасары, бас терапевт. Терапия бөлімінің ұзақ жылдар меңгерушісі, Жанкелді аудандық аурухананың бас дәрігері болып күні кешеге дейін қызмет атқарды. Халық денсаулығын сақтаудағы атқарған ерен еңбегі Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде үнемі мадақталып, марапатталып отырды. «Қазақ республикалық медицина саласы бойынша үздік дәрігері» деген жоғары атаққа ие болған. Дәрігерлік еңбегі, денсаулық саласындағы жоғарғы көрсеткіші, аудан, облыс деңгейіндегі халық игілігі үшін жасаған қызметі ескеріліп, 3 рет аудандық кеңестің, 2 рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған.
Шынберген ағаның жұбайы Алтыншаш Әбдіғалиева да медицина саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған дәрігер. Шікең бүгінгі дәстүрлі медицинамен қатар Тибет медицина саласын Москва қаласында 7 ай оқып, толық меңгерген емші. Қазақы тамыршылық емдеу саласының шебері.
Төрт атадан жалқы болып келген әулет шүкір, бүгінде өсіп-өніп келеді. Үлкені Серік Қостанай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, қызы Айгүл Сартаева – Әбдіғалиева медицина ғылымының кандидаты, Ақтөбе медицина академиясында кафедра меңгерушісі.
Жандосы – мұнай инженері, Жомарты – Астана тұрғын үй кешенінің бөлім бастығы. Кенжесі – Мұхаммед-Рақым аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы. Аллаға шүкіршілік айтып Шынберген ағамыз 75 жасқа дейін халыққа дәрігерлік салада қызмет көрсетіп, бүгінде немере-шөберелері ортасында.
Ата-бабасының дін саласында ұстанған ізін жалғап қажылыққа барып мұсылмандық парызын өтеп қайтқан азамат. 2013 жылы «Құрметті қажы» алтын медалімен марапатталған.
Жүздескенде  75 жасқа дейін туған ауылы, өскен ортасынан ешқайда коныс аудармай сол жердің топырағына, ауасына, суына ағайын-туыс, дос-жаранына бауыр басып қалған азаматтың ешкімге сыр шашып айт­паса да елге деген сағынышы барын сезіндім. Әсіресе сыйлас дос, қатар құрбыларының жөні бөлек. Аралбай мен Көкалатта қатар өскен азамат күні кеше өмірден озған сыйлас ағасы Қоғабай Сәрсекеевпен, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, жазушылар Қойшығара Салғаринмен, Төлен Әбдіқовпен, Қарсақбай Бірмағанбетовпен сыйлас-сырлас болып өсті.
Алғаш дәрігерлік қызметті бастағанда қызметтес достары Байжұманов Асқардың, Әбдрахманов Шайхисламның, Сейдахметов Жарасбайдың, Медетов Балшекердің көп қамқорлығын, сыйластығын көрген Шікең бүгінде достарын ерекше ықыласпен еске алады.
Елге сыйлы қадірменді Шымберген ағада дос та, жолдас та, сыйлас та көп. Өзі жақсы кісінің төңірегіне жақсылар жиналуы заңдылық. Ер азаматты салиқалы кемел жасқа келуімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін!
Шөптібай БӘЙДІЛДИН,
Арқалық қаласының құрметті азаматы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓