“Оралман” емес, “отандас”
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев «оралман» терминінен бас тарту туралы шешімді қабылдауы тиіс арнайы комиссияның жұмысы жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Оралман» терминіне қатысты халық та, депутаттар да түрлі ұсыныстар айтты. Қазіргі уақытта сараптама жүргізілуде. Кей мемлекеттерде оралмандарды отандастар деп атайды, кейбірі өзге терминдерді қолданады. Сараптаманың қорытындысы бойынша біз шешім қабылдаймыз. Негізінен «отандас» терминін қарастырып жатырмыз. Арнайы комиссия керекті жұмыстарды жүргізуде. Шешім қабылданған соң сіздерге нәтижесін айтамыз. Тәуелсіздік жылдардан бері Қазақстанға бір миллионға жуық оралман көшіп келді. Қателеспесем, олардың көбі Өзбекстаннан келген. 2018 жылы елге 18 мың 605 оралман оралды», – деді Әлтаев жұмыспен қамту және көші-қон саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында.
Бұған қоса вице-министр Қазақстандағы отбасы жоқ оралмандарға қатысты мәселені де тілге тиек етті.
«Оралмандарға берілетін өңірлік квоталарды тек отбасылы адамдарға емес, жалғыз басты оралмандарға да беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Заңнамаға сәйкес, квота отбасылы оралмандарға берілетін. Бүгінге дейін толассыз келген өтініштерге сәйкес, отбасы жоқ оралмандарға да квота беру мәселесі қаралды. Енді квота жалғыз қоныс аударғандарға да беріледі», – деді Әлтаев.