Байқау үздіктері анықталды
Облыстық «Қостанай таңы» газеті ғасырлық мерейтойына орай 8-11 сынып оқушылары арасында «Шежірелі басылым» атты облыстық эссе байқауын жарияланған еді. 1 сәуір мен 1 маусым аралығында «Қостанай таңы» мен үшін», «Журналист болғым келеді» және «Тарих сыр шертеді» тақырыптары бойынша редакциямызға өңіріміздің аудан-қалаларынан 20 мақала келіп түсті. Сондай-ақ, қатысушыларға өз ойларын қара сөзбен және өлең жолдарымен жеткізуге мүмкіндік берілді. Қазылар алқасы туындылардың логикалық-танымдық мазмұны, әдеби-көркемдігі мен грамматикалық сауаттылығына баға берді. Сәрсенбі күні редакция қабырғасында жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.«Бұл байқау аталы басылымның ғасыр толуына әрі Балалар жылына орай өткізіліп отыр. Бұған дейін де біздің редакция қала көшелерінің бірінде 100 түп ағаш екті. Жүз жылдық аясында вело шеру, көрмелер, мектеп оқушылары арасында кездесулер ұйымдастырылды. Бұл сол шаралардың жалғасы. Сондай-ақ, осы жолғы байқауымыз редакциямыздың іргетасын қалап кеткен көрнекті қаламгер, тұңғыш кәсіби жорналшы жерлесіміз Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Сонымен қатар, алдағы уақытта медиа-мамандықты игеретін оқушылардың артуы мен журналистика саласына дарынды жастардың келуіне ықпал етеміз. Меніңше, біз осы байқау арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар көрсете алдық деп ойлаймын,- деді облыстық «Қостанай таңы» газетінің директоры-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков.Байқаудың бас жүлдесіне Қарабалық ауданы Новострой жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Жансая Балтабекова ие болды. Бірінші орын иегері – «Журналист болғым келеді» тақырыбын қозғаған Сарыкөл ауданы Севастополь жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Әмір Амангелдинов. Екі үміткер екінші орынға ие болып отыр. Олар – Рудный қаласы Д.Карбышев атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің 8 «Ә» сынып оқушысы Балнұр Жақыпова мен Қостанай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясының 8 «Б» сынып оқушысы Аяжан Сәкенова. Үшінші орынға Жітіқара қаласындағы Естай Есжанов атындағы №9 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Томирис Бекішева мен Қарабалық ауданындағы Славян негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ольга Алексеева ие болды. Жеңімпаз-жүлдегерлердің барлығына дипломмен қоса, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қоса, шығармашылыққа баулып, оқушылардың талантын аша білген ұстаздары да марапатсыз қалған жоқ. Олар Алғыс хаттармен марапатталып, бас редактордың кітабы сыйға алды.«Өмірде болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар, жаңалықтардың тылсым дүниесін, өмір айнасының құндылығын газеттерден көресің. Және де қолымызбен ұстап, әрбір бетін парақтап оқудың өзі бір ғанибет. Ерекше сезім. Әрине, ешбір ел әдебиетсіз, журналистикасыз өмір сүре алмайды. «Журналистикасы жоқ ел – өз шежіресі жоқ, тарихы жоқ ел». «Біздің үйдің бұрыннан келе жатқан бір өзінше әдет-салты бар немесе архив десем қателеспеспін. Әжем жайлы. Ол кісі жаңалықтарды оқығанды жақсы көреді. Айтайын дегенім, қабырғаға ескіше газет жинайды. Және де ата-анам «Қостанай таңына» жыл сайын жазылады. Әжем өзінің оқыған жаңалығын бөлісіп те отырады», – дейді байқау жеңімпазы Жансая Балтабекова.Ұсынылған туындылардың мазмұны мен құрылымына қарап, оқушылар арасындағы журналист мамандығына деген қызығушылықтың өте жоғары деңгейде екенін аңғаруға болады. Барлық қатысушылардың озық ойлы және дарынды, мүдделері ортақ екендігін айрықша атап өткен жөн. Өңіріміздің аудан-қалаларынан жиырмадан астам шығарма келіп түсті. Соның ішінде таңдаулы деген эсселер таңдап алынып отыр. Оқушылардың журналистика саласына қалам тербеп, басылымымыздың тарихына қатысты зерттеу, танымдық ойлары қуантады.
"Мұндай байқаулар жиі өтіп тұрса дегім келеді. Өйткені ауылда шығармашылыққа жақын өрендер өте көп. Қатысқысы келіп тұрады. Егер осындай шығармашылық конкурстар жиі ұйымдастырылып отырса, ол шәкірттеріміздің әлі де шыңдалуына зор серпін болар еді",- дейді Қарабалық ауданы Новострой жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытгүл Аманова.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.