Нұралы Садуақасов: «Бағдарламаға бәріміз жауаптымыз!»

Аптаның соңғы жұмыс күнінде аймақ басшысы билік және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген аппарат жиынында 2020 жылға бағытталған «Жұмыспен қамту жол картасы», балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Ел тұрғындарын еңбекпен қамту турасындағы есебімен мінбеге көтерілген Қостанай облысы әкімдігінің еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үлестіру басқармасының жетекшісі Ерлан Жаулыбаев атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.
«Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы біздің облысымызда жүзеге асырылып жатқанымен, бірқатар келеңсіздіктер бағдарламаның барынша қанат жаюына кедергісін келтіруде. Мысалы, былтырғы жылы Тобыл өңірінде бағдарлама аясында 4,498 млрд. теңге игерілді. Меңдіқара, Әулиекөл және Ұзынкөл аудандарын есепке алмағанда, облыста 21 жоба жүзеге асырылып, алғашқы бағыт бойынша 1206 жұмыс орыны пайда болды. Жобаның екінші бағытында 851 млн, үшіншісінде 567 млн. теңге игерілді» – дейді басқарма жетекшісі Ерлан Жаулыбаев. Облыс әкімінің пайымдауынша, бағдарламаның шикі тұстары көп. Жергілікті билік өкілдері олқылықты жоюдың амалын қарастырудың орнына сынықтан сылтау тауып, кемшілікті бүркемелеудің амалына көшіпті. Мәселен, Жітіқара ауданының әкімі Мейрам Өтешевтің есебіне сүйенер болсақ, аудандағы кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қаржы алу мүмкіндігінен қағылып отыр. «Аудан орталығындағы бірнеше млн. теңгеге бағаланған ғимараттарды бағдарлама ұйымдастырушылары шамалы қаржыға бағалауда. Осыған байланысты, өңірдің кейбір кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаға қатысудан бас тартып отыр. Аталған келеңсіздікті жоймайынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мүмкін емес» – дейді, ол. Осы орайда, аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалардың бір адамның ғана емес, билік өкілдерінің баршасының араласуымен жүзеге асырылуы тиістігін баса назарға алды. «Кемшілікті тізбектеп, біреуді қаралауға әркім шебер. Біздің міндетіміз – бағдарлама барысындағы кемшіліктерді анықтап, оны жоюдың амалын қарастыру. Жергілікті билік өкілдерінің осыны қаперіне алғаны ләзім», – деген еді облыс әкімі Нұралы Садуақасов. Жиынның жұмыспен қамту жол картасына қатысты бөлігінде, Қарасу ауданының әкімі Алмабек Шәмшиевтің, Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов, Алтынсарин ауданынан Батырбек Ахметов пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ Қостанай филиалының директоры Манарбек Сұлтанғазиннің есебі тыңдалды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов – «Жыл сайын облысымызда 7500 адамы тұрақты жұмыспен қамтылады. Аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінің осы орайда ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырып отырғанын айта кеткен жөн. Ал, жаңадан құрылған жұмыспен қамту орталықтарына келер болсақ, аталған мекемелерде де кемінде 6-7 қызметкерден бар. Қарапайым есеппен санағанда, мұндағы бір маман айына бір адаммен ғана жұмыс жасайды екен. Осы олқылықты жою үшін, екі жүйені біріктіріп, орталық жұмысын жетілдіруді ұсынамын» – деген ойын ортаға салды. Кеңейтілген жиынның екінші жартысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі әңгіме арқауына айналды. Осы турасындағы есебімен мінбеге көтерілген білім басқармасының жетекшісі Әлия Төртқараева жазғы демалыс лагерьлерінің әзірлігіне тоқталды. Биылғы жазда Тобыл өңірінің балалары 14 лагерьде демалатын болады. Оның 9-ы мемлекеттік болса, қалғандары жекенің қолында. Жалпы алғанда, 1-10 сынып аралығындағы оқушылардың он пайызы, яғни 9,5 мыңы лагерьлерге жазғы демалысқа аттандырылмақ. Қалған балаларға келер болсақ, олар үшін мектеп жанындағы демалыс орындарын, аула клубтарын құру жоспарланған.
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓