Өссе тілім, мен де бірге өсемін
Тіл туралы аз айтылып жүрген жоқ. Тілге жаны ашыған бауырларымыз қазақ тілі жайлы ашынып газетке де, журналға да мақала жазып, теледидардан сөйлеп те жатыр. Бәрін де жібермей, оқып, көріп отырамын. Әсіресе, мемлекеттік тілде берілген жарнамаларды көргенде, осыларды ілмей-ақ қойса қайтеді екен деп те ойлаймын. Сол дүкенді де, сол киімді де, сол автокөлікті де сатып алушы адам жарнамасыз-ақ тауып алады ғой. Ал, тіл үйренемін деушілерге тіл үйретуші құралдар, әдістемелік оқу құралдары жеткілікті. Тіпті, өзге ұлт өкілдері де тіл үйретуші құралдар жазып жатыр. Бұл туралы тіл мамандары біледі. Ал, өзіміздің әлі де тілімізді бұрмалап, бір-біріміздің шүлдір-шүлдір әңгімемізді кейде түсінбей жататынымыз да өзімізге ғана аян.
Бірде Рудный қаласындағы баспаханаға бардым. Ішке кіру үшін түбіртек қағаз алу керек болды. Күзет бөлімінде екі жігіт отыр екен, біреуі қазақ, екіншісі орыс. Өзімше қазақша сөйлеп, бірден қазақ бауырыма тіл қатқан едім, бірақ ол жауап қатпай, ары қарай қасындағы жігітпен сөйлесе берді. Біраз тұрып, жауап болмаған соң, ресми тілге көштім. Бірден жауап алдым, түбіртекті де дереу жазып берді…
Жұмыстағы бір әріптесім де қазақ жігіті бола тұра сәлемдескенде орысша амандасады. "Сәлем – сөздің атасы" демекші, ең болмағанда бір ауыз сөзді жаттап алуға болады ғой. Үлкен ақсақалдар сөкпей ме екен, үйінде үлкен кісілер болса, айтпай ма екен деп ойлаймын. Кейде қазақ жігіттерінің бір-бірімен "привет" деп амандасып жататынын да жиі көреміз. Соған қарағанда ер адамдар арасында "Ассалаумағалейкүм" деп амандасудың да ауылы алыстап бара жатқан тәрізді. Қазақ ер балаға бірінші тілі шыққанда-ақ сәлем беруді үйретеді ғой. Сондықтан, қазіргі қазақ жастары сәлемдесу кезінде де тілдерін бұрмаламай, басқа тілде шүлдірлемесе екен деймін…
Атын айтпай-ақ қояйын, бір студентім бар, тегі қазақ, бірақ бір жыл бойы ол өзін "орыспын" деп жүрді. Бұған бәріміз де таң қалатынбыз. Бір күні сабақта "Менің отбасым" деген тақырыпта эссе жаз- дырған едім. Сонда әлгі студентімнің қазақ отбасынан шыққандығын, ата-анасы да қазақ екенін білдім. Бұл қалай болғаны, сонда оның өзін "қазақпын" деп айтуға ұял-ғаны ма? Мен оған ендігәрі бұлай демеуін, қазақ болғанына әрдайым мақтануы керектігін айттым. Асылы, "адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң" демекші, әлгі студентімнің келесі курста өзінің қазақ екендігін ерекше бір патриоттық сезімде айтып жүр-гендігін көргенде қатты қуандым.
Жалпы, бірінші курста студенттерден "білмеймін, үйрен-гім келмейді, үйде ешкім қазақша сөйлемейді" деген жауаптарды көп естимін. Сондықтан, өз сабағымда міндетті түрде қазақ балаларына "өз тілдеріңді ұмытпаңдар, ары қарай тілді таратушы да, ұрпақты жалғастырушы да сендерсіңдер" деп айтудан еш жалыққан емеспін. Үнемі өзге тілде шүлдірлеген қазақ балаларын өз тілін құрмет-теуге, өз ана тілінде сөйлеуге үгіттеп отырамын. Ол балалар маған орысша сөйлесе де, мен қазақша жауап беремін. Бір қуанарлығы, әйтеуір бізде оқыған үш жылдың ішінде "білмеймін" деген студенттің өзі өз ана тілін біліп шығады.
Иә, тіліміз қандай бай десеңізші. Сондықтан оны сақтап қалу – жас ұрпақ сенің қолыңда!
И.САҚТАҒАНОВА.