ТАБЫСТЫ МЕКЕН

Тәгіл ауылдық округінің әкіміАуылын алтын бесікке бағалайтын ағайын үшін қадір-қасиетке толы құт мекеннің мәртебесі қашанда биік тұрады. Тәгілдіктер үшін де тап солай…
Бұл ауыл үшін жылқы жылы жемісті болды. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық саласы өзгелермен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Олай деуге басты себеп – Тәгілдің аудан бойынша үшінші тұғырға тұрақтауы.
 
Әлеуметтің әлеуеті
 
Талай жылдан бері тәжірибелі әкім Сағынбай Сүндеталин тізгінін ұстап келе жатқан округте барлығы – 354 үй болса, халықтың саны – 1283 адам. Соның 412-сі жұмыс істейді.  Төрт  жеке кәсіпкерде – 13 адам, 140 шаруа қожалығында – 290, ал  "Арыстан" ПК ЖШС-де 68 адам еңбек етеді. Әлеуметке қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың да әлеуеті көңіл көншітерліктей. Айталық, Тәгіл ауылына қарасты төрт мектеп және елуге жуық мұғалім ауылдың білім сапасына үлес қосуда. Білім нәрімен сусындаған 177 оқушының 19-ы мектепалды даярлық тобында тәрбиеленсе, 54-і шағын орталықта шаттыққа бөленуде. Адамның саулығы үшін күресетін 1 дәрігерлік амбулатория мен  1 медициналық пункт халық игілігі үшін жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ,  екі ауылдық мәдени  клуб пен екі кітапхана және 1 пошта бөлімшесі бұқарамен етене байланыста. Татулықты ту еткен мекенде қазақ, орыс, украин, беларусь, неміс т.б. ұлт өкілдері өзара қоян-қолтық өмір сүріп келеді.
 
Ауылдың негізі – егін мен мал шаруашылығы
 
Қос сала да қатар қарқындап кетпегенімен, ілгерілеу-шілік байқалады. Ауылдың шаруашылығына – 41028 га жер пайдаланылса, соның – 24131 гектары егістік алқабы, 13501 гектары шөп шабатын және жайылымдық жер. Егін шаруашылығын енші еткен 140 шаруа қожалығы өткен жылы – 23991 гектар алаңға егін (бидай, арпа, күнбағыс, зығыр)  екті. Бар ырыздығын жерден тапқан диқандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, астықтың 90% жинап, орта есеппен гектарына 14 центнерден өнім алды. Ал мал шаруашылығын машық еткендердің барлығының басын қосқанда, округте 890 ірі қара, 174 жылқы, 1408 қой-ешкі, 1495 шошқа, 13472 құс өсірілуде.
 
Маңызы зор бағдарламалардың игілігі
 
Жалпы, ауылдықтар Елбасының сарабдал саясатын бірауыздан қолдайды. Олар оны іс жүзінде де дәлелдеп отыр. Яғни мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бақтарын сынауда. Ауылда кәсіпкерлікті дамытып, болашақта ауылды, елді көркейтуге өз үлестерін қоспақ ниетте. Әсіресе, "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасының  үш бағыты бойынша да жүзеге асырыл-ғаны көңілді сүйсінтеді. Айталық, бірінші бағыт бойынша төрт адам жұмыспен қамтылса, екінші бағыт арқылы үш  кәсіпкер 4 млн. 650 мың теңге көлемінде несие ал-ған. Соның бірі – Махаббат Елева тігін тігу цехын ашса, екіншісі Мейрам Абуев ұсақ мал сатып алып, мал ша-руашылығын жандандырды. Ал Малик Маденов 1 бұқа мен 30 ірі қара малын  сатып алды. Ол қазіргі таңда бес адамды жұмыспен қамтыды. Сондай-ақ, бағдарламаның үшінші бағыты арқылы Тимур Маденов Қостанай құрылыс-техникалық колледжінде токарь мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтті. Қазір  "Паздников" жеке кәсіпкерлігінде тер төгуде. Сондай-ақ, "Сыбаға" бағдарламасына арқа сүйеген "Жантасов" жеке кәсіпкерлігі 45 бас ірі қара мен 2 бұқа сатып алды. Оған мал фермасын салуға және жайылымға жер бөлінді. Бүгінгі таңда "Сильян" шаруа қожалығының басшысы "Құлан" бағдарламасымен 10 жылқы алмақ және Ермаков елді мекенінен шөп пен жайылымдық жер алу үшін құжаттарын әзір-леуде.
 
Биыл да жүзеге асырар жоспарлар жетерлік
 
Бұл жылы Тәгілде ауқымды екі жоба жүзеге аспақ. Яғни ауылдық  мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылға ауыз су тартылмақ. Бүгінде сметалық-құжаттарды тапсырып қойған. Бәрі жақсы болса, бұл игілікті іс қолға алынбақ.
 
Түйін:
 
Ең бір қызығы, бұл ауыл еліміз  бойынша "егіздер" мекені деп аталады. Өйткені, дәл осы топырақта сыңарлы балалар көп туады. Жалпы, бүгінде 27 егіз бар екен. Солардың сүт кенжесі өткен жылы өмірге келіпті. Міне, көпке беймәлім киелі кенттің бір қасиеттілігі осында жатыр…
Руслан   
      ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.
СУРЕТТЕ:   ауыл әкімі Сағынбай Сүндеталин.
Суретті түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓