Сахнада – қазыналы қарттар

S1710023Биыл адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың Ұлы Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толмақшы. Бұл мерекені жыл бойы атап өткеннің еш артықшылығы жоқ. Себебі, бұл Жеңіс – ерекше Жеңіс болды. Уақыттың шапшаңдығына бір мысал –  осы болар. Майдангерлер үшін бәрі күні кеше сияқты. Бірақ уақытты кім тоқтатқан?! Ол мәңгі алға зулай бермек. Сол жылы туған сәбилер – ата-әже атанcа, ал соғыстың соңғы солдаттары болған уыздай жап-жас жігіттер 90 жасқа келіп отыр. Әрине, олардың қатары сиреген. Көптеген ауылдарда соғыс ардагерлері мүлде  жоқ. Ауданымыздағы аман-есен жүрген қос майдангер  –  Аманкелді селолық округінде тұрады. Алайда, оларды ауданымыздың барша халқы құрметтеп, ардақ тұтады.Оларға ерекше ілтипат көрсетеді. Өйткені Ұлы Жеңісті алып берген олардың тірісін де, өлісін де құрметтеу – бәріміздің парызымыз. Бізді осы күнге жеткізген сол майдангерлер мен тылда еңбек еткен қариялар және жасөспірімдер. Егер  майдангерлер жан алып, жан беріскен сол соғыста ерлік көрсетпесе, ал тылдағылар өздері аш-жалаңаш жүріп ауылдарда аянбай еңбек етпесе, Ұлы Жеңіс болмас еді. Сондықтан да, бүгінгі ұрпақ сол қаралы жылдарда қайыспаған соғыс және тыл ардагерлерін әрқашан алақанға салып аялауы шарт. Әрине, майданда ерлік көрсеткендер мен тылда – мылтықсыз майданда еңбектің ғажайып үлгісін көрсеткен ақсақалдар мен әжелердің, сол кездегі қыз-боз­балалардың көбі бұл өмірде жоқ. Жер-жерде өтетін Жеңіс мерекесіне арналған іс-шарасында олардың еңбектері мен ерліктері жас ұрпаққа жиі насихатталуы керек. Соғыстағы ерлік, тылдағы ерлік нақты мысалдармен баяндалса қандай ғанибет. Олардың құрметіне жер-жерлерде спектакльдер мен концерттер көрсетіліп жатса, ол да бір мерей емес пе?! Тоқ етерін айтқанда, әсіресе соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілгені абзал.Өйткені олар майдан даласында етіктерімен қан кешті, өздері де жауды қанға бояп,  Ұлы Жеңісті алып келді. Осы қағиданы берік ұстанған біздің Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев бұрынғы СССР, бүгінгі ТМД мемлекеттері бойынша Жеңістің 70 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді бірінші болып бастады. Мемлекет басшысы өткен жылдың 26 желтоқсаны күні Қазақстанның барлық соғыс ардагерлерін Жаңа жыл мерекесімен және Жеңістің 70 жылдығының басталуымен арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады. Бұл оқиғаны соғыс ардагерлерінің бәрі жоғары бағалады. Елімізге, Елбасымызға өздерінің жүрекжарды алғыс­тарын білдірді. Елбасымыздың бұл бастамасын Торғай аймағының халқы да, соның ішінде Аманкелді ауданың жұртшылығы да қызу қолдады.Торғай аймағының орталығы  –  Арқалық қаласының ардагерлері де Жеңістің 70 жылдығын атап өтуді ерте бастап кетті. Көп ұлттан тұратын қалалық ардагерлер ұйымын көп жылдардан бері жемісті басқарып келе жатқан жерлесіміз, аймақтың аузы дуалы, сөзі уәлі, сегіз қырлы өнерпаз Кәки Ахан бастаған ардагерлер «Қазына» атты ансамбль құрып, өздерінің өнерлерін шын мәнінде де халықтың қазынасы етіп келе жатқаны белгілі. Бұл ансамбльдің өнері облысымыз бен  республикамызға да танылған. Міне, осы Арқалық қаласының ардагерлері таяуда ауданымызға арнайы келіп, жұртшылығымызға өздерінің өнерлерін тамашалатты.
Аталмыш концерт жерлесіміз, қазақтың дүлдүл ақыны Нұрхан Ахметбековтың «Жеңіс» күйімен басталды. Одан соң Ахмет Жұбановтың «Би» және Құрманғазының әйгілі «Адай» күйлері орындалды. Көрермен бұл шығармаларды зор ықыласпен тыңдады.
Концертте Нәбира Оңжанова, Ақтоты Әбілова, Кәки Ахан, Орекен Алмат, Қайырден Жиенбаев, Қажыбек Қаненов, Қуанышбай Қазымбеков, Сапар Шәріпұлы, Бейсенбай Ержанов, Сұлтан Тоймағанбетұлы, Қарлығаш Жақыпбекова, Жәнібек Ғапбасов, Зайра Сығаева, Рая Қасеновалардың тамылжыта  шырқаған әндері мен өнерлеріне аманкелділіктер сүйсіне қол соқты. Әсіресе, әжелерден құрылған әншілер тобы   Мария Васильевна Лисенко, Галина Андреевна Кевра, Мария Андреевна Сергиенко, Фариза Әбдікәрімова соғыс әндерінен папури орындап, сондай-ақ жеке нөмірлер орындауда да тамаша өнер көрсетті. Ал, Сапар Шәріпұлы жұрттың шек-сілесін қатырып сықақ оқыса, Қуанышбай Қазымбеков Нұрхан Ахметбековтың атақты «Қарға» дастанын баяғы жырау бабаларымызша  құйқылжыта шырқап, халықты бір серпілтіп тастады.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші-композитор, облыстық меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» сыйлығының лауреаты Жұмағали Өмірбеков  Дина Нүрпейсованың «Әсемқоңыр», Дүрияш Жұмабаева Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін төгілдіре күмбірлетті. «Жігіттер» (дұрысында ақсақал ағалар) тобының (Қ.Жиенбаев,Қ.Қаненов, Қ,Қазымбеков,С.Шәріпұлы, С.Тоймағанбетұлы, Б.Шоқпытұлы, Б.Ержанов) орындауындағы әндер де  көпшіліктің көп  қошеметіне бөленді. Ал жерлесіміз Кәки Аханов сөзін де әнін де өзі жазған «Ардагерлер» әнін шырқағанда оған әріптестері қосылып, сахнаны мерекеге айналдырып жіберді. Келесі кезекте Қайырден Жиенбаев ақсақал Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Көкшетауын» өзгеше нақышпен орындап, көпшіліктің көңіліне сұлу Көкшенің кербез табиғаты мен қоса көгілдір көктемді ұялатты.
Жалпы концертке қатысқан ардагер өнерпаздардың орындауындағы шырқалған әндер мен оқылған өлеңдер, күмбірлеген күйлер жоғарғы деңгейде болды.
Белгілі ерлі-зайыпты  алуан қыр­лы өнерпаздар Жәнібек Ғапбасов пен Қарлығаш Жақыпбековалар мерекелік концерттің жоғары деңгейде өтуіне көп үлес қосты. Ж.Ғапбасов конферансье болып концертті жүргізумен қатар жеке нөмірде ән шыр­қаса, Қарлығаш баянмен концертті сүйемелдеп ән де шырқады.
 Осылайша, Арқалық қаласының ардагерлері халық батыры Аманкелді еліне Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мәнді де сәнді концерт көрсетіп, батыр ата елін бір серпілтіп тастады.
 Концерт соңында Аманкелді ауданының әкімі Ж.Қ.Тәукенов сахнаға көтеріліп Арқалық қаласы ардагерлерінің концерттік құрамына батыр атындағы өңір халқынан алғыс айтып, құттықтау хат табыс етіп, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар 2015 жылы 80 жасқа толғалы отырған жерлесіміз, театр тарланы, күйші, әнші-композитор, аудандық М.Қапышев атындағы халық театрының негізін қалаушылардың бірі Кәки Аханды осынау мерейтойының басталуымен құттықтап,оған қазақтың қасиетті қара домбырасын сыйға тарту етті. Арқалық ардагерлері өнерпаздарын бастап келген К.Ахан ардагер өнерпаздарға және өзіне көрсетілген  ниет, құрметі  үшін аудан халқына және Ж.Қ.Тәукеновке жүрекжарды алғысын білдірді.
Келесі кезекте Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Исламбек Мәметеков ардагер өнерпаздарға көрсетілген құрметі үшін аудан халқына және басшылыққа рахмет айтып, Алғыс хат және ескерткіш сыйлық тапсырды. Мұнан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Уахитұлы да Арқалық ардагерлер ұйымына өзінің  алғысын білдірді.
Хамитбек
         МҰСАБАЕВ
СУРЕТТЕ: Арқалық қаласы ардагерлер концертінен көрініс.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓