Арқалықта аймақтық айтыс өтті
Республика күні және қала күні қарсаңында Арқалық қаласында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған “Дәуірдің жарық жұлдызы” атты аймақтық ақындар айтысы өтті.

Шараның мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларын жас ұрпақтың бойына адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерін дарытып, ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, айтыскер ақындардың өрелі өнері мен өрнекті сөздерін байыту, қазақтың төл өнері мен ұлттық нышандарын қастерлеу.



Киелі сахнаны дүбірге бөлеп, 9 жұп болып айтысқан ақындар сүбелі сөздің қаймағын қалқып, көрермендердің ыстық ықыласына кенелді.
Нәтижесінде: бас жүлде 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен Батырлан Сағынтаев ( Арқалық қаласы), бірінші орынды 200 мың теңге жүлде қорымен Ақбота Манарбекова (Астана қаласы), екі екінші орынды әрқайсына 150мың теңге жүлде қорымен Тоба Өтепбаев(Астана қаласы) пен Айбар Рағатов (Арқалық қаласы), екі үшінші орынды әрқайсына 100 мың теңге жүлде қорымен Еламан Тұрсын(Амангелді ауданы), Мұхтар Қонарбаев (Астана қаласы) жеңіп алды. Ал, “Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлде” 50 мың теңге сыйақы айтыстың ең жас ақыны Нұрислам Рағатқа (Арқалық қаласы) бұйырды.



Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.