Тәртіп сақшысы көз жұмды
5 ақпан күні өзін-өзі өлтіруге әрекеттенген Қостанай ІІБ қызметкері аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Бүгін сағат 10.10-да дәрігерлер тәртіп сақшысының қайтыс болғанын анықтады. Басына тиген оқ оның миын зақымдағандықтан өмірін құтқару мүмкін болмаған.
Бұған дейін Қостанай ІІБ қызметкерінің өзін-өзі өлтіруге әрекеттенуіне оның сүйіктісімен сөзге келіп қалғаны себеп болуы мүмкін екені хабарланған еді. "Қазіргі уақытта тергеушілер полиция қызметкерінің құрбысымен телефон арқылы сөйлескенінен кейін Қостанай ІІБ- ның ғимаратынан шығып кеткенін анықтады. Ол қоңырауға жауап бермеді. Соған байланысты жол-патруль полициясы оны іздеуге шықты. Сағат 10.40-та полицей отырған автокөлік Майлин көшесінен көзге шалынып, патруль жасағы оны арнайы құрал мен қаруды қолданбай-ақ тоқтатты", – деп хабарлаған болатын облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Жарасхан Ақбердиев.
Полиция бақилық болған тәртіп сақшысының құрбысынан жауап алды. Ол жігітімен арада қызғанышқа байланысты жанжал шыққанын растады. Оқиғаға қатысты "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетсек , 5 ақпан күні Қостанай ІІБ қызметкері өз машинасында табель қаруымен өзін-өзі басынан атқан еді. Оқиға орнына жедел жәрдем келіп, оны ауруханаға жеткізді. Полицей жансақтау бөліміне жатқызылған болатын.