Қарияларға қамқорлық
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету келешек ұрпақтың борышы. Осы орайда, Әулиекөлдегі “Отбасы” қоғамдық бірлестігі “Жалғызбасты зейнеткерлерге дәрі-дәрмек қобдишасы” атты жобаны жүзеге асыруда.-Бұл жоба аясында біз аудандағы жағдайы төмен деген жиырма зейнеткерге дәрі-дәрмек қобдишасын үлестіріп жатырмыз. Оның ішінде стерильді дәке, мақта, аспирин, йод, валидол, қыздыратын мазь, градусник, этиль спирті, марганцовка, медициналық пластырь сияқты түрлі дәрілер мен алғашқы медициналық көмекке қажетті заттар бар. Әрине, құр зейнетақыға қарап отырған қарияларға бұл аз да болса көмек деп ойлаймыз. Қолдан келсе, қарт кісілерге қашанда жәрдемдесіп тұрған дұрыс. Ал, аға ұрпаққа сый-құрмет көрсету әрбір ұрпақтың парызы, – дейді қоғамдық қордың төрағасы Әсемхан Есмағамбетов.
Жалғызілікті қарияларға, жетім балалар мен көп балалы отбасыларға жәрдемдесіп, көмек қолын созуды мақсат тұтқан қоғамдық қор мүшелері алдағы уақытта Құшмұрын, Аманқарағай сияқты т.б. елді-мекендердегі зейнеткерлерді де қамтитын болады.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы