Кенді шаһар келбеті
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес жергілікті атқарушы орган басшыларының тұрғындар алдында жыл сайын есеп беруі игі дәстүрге айналғанына жиырма жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында әкімқаралардың жұртшылықпен қарым-қатынасы жақындай түсіп, қоян-қолтық жұмыстың нәтижесінде ел дамуы еселене түскені сөзсіз.
Сейсенбіде Рудный қаласы әкімі-нің есебін тыңдауға келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Евгений Аман шаһардың бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап, қала активімен жүздесті. Жұмыс сапарын Евгений Иосифович мемлекеттік тілде білім беретін №15 орта мектебінен бастады. Бұл білім ошағы былтыр ғана 375 миллион теңгенің күрделі жөндеуін көріп, іші-сырты айнадай жарқыраған. Мыңнан астам оқушыны құшағына сыйдырған мектепте мини-орталық та жұмыс істеп тұр. Мәртебелі қонақ асхана, мәжіліс пен спорт залына көз жүгіртіп, жөндеу жұмыстарының жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті. Сәтін пайдаланып облыс әкімінің атынан ұжымға теледидарды да сыйға тартты. Ұстаздар өз кезегінде әлеуметтік салаға зор мән беріп келе жатқан атқарушы билік өкілдеріне жүрекжарды лебіздерін аяп қалмады.
Әкім орынбасары одан әрі жаңадан ашылған "Кристалл" монша-сауықтыру кешеніне атбасын бұрды. Көптен бері қаңырап тұрған мейрамхана ғимаратын іскер азаматтар қайта қалпына келтіріп, кәдеге жаратқан. Бүгінде заман талабына сай сауықтыру кешенінде орыс және хамам моншасы, ерлер мен әйелдерге арналған жеке бөлмелері бар қоғамдық монша, сән салоны, шаштараз, дәмхана, косметология және массаж залы орналасқан. Моншаның адам денсаулығын жақсартып, тынығып демалуына таптырмас дүние екенін ескерген кәсіпкер Юрий Сущенко жұмсал-ған қаржының қайтарымы ұзақ уақытты талап ететінін жасырмайды.
– Құрылыс жұмыстары 3 жылға созылып, 160 млн. теңге қаражат шығындалды. Әрине, монша айына миллиондап табыс табатын бизнестің түрі емес. Шыдамдылықты қажет етеді. Бұл жерде қарапайым халықтың сұранысын ескергенді жөн көрдік, – дейді ол.
Евгений Аман аралаған келесі нысан Сандригайло көшесінде орналасқан отбасылық үлгідегі тұрғын үй болды. Күзде ғана 116 отбасыға қоныстойын тойлатқан бұл ғимараттың іргесі сонау жетпісін-ші жылдары қаланған. Оны қайта қалпына келтіруге бюджеттен 171 млн. теңге бөлініп, жергілікті мердігер ұйым "Рудныйсоколовқұрылыс" АҚ қойылған межені мүлтіксіз орындап шықты. Евгений Иосифович бастаған жұмыс тобы арбаға таңылған азамат Нелли Иващиктің пәтерін-де болып, хал-жағдайын сұрасты. Атап өтерлігі, көркі көз тартар су жаңа тұрғын үй ғимаратында арнайы пандус орнатылған, дәліздері кең, әрі жарық. Бұдан бөлек аулада балаларға арналған алаң да жасақталған.
– Біз пәтер кезегі жақындаған тұрғындарды жан-жақты зерттеп, мүмкіндігі шектеулі жанға берілер пәтерді ыңғайлы етіп арнайы жасақтадық. Мұндай тәжірибе осыдан жеті жыл бұрын енгізілді және болашақта да салынар үйлерді тұрғындар үшін "кедергісіз" етуге тырысамыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина.
Бұдан кейін қонақтар әкімдікке қарай бет алды. Мұнда олар қалалық тілдерді оқыту орталығының мультимедиялық лингафондық кабинетін қарап, фойеде ұйымдастырылған Рудный қаласының өндірістік жетістіктері көрмесін тамашалады.
Әкімдіктің үлкен мәжіліс залында өткен кездесуді Евгений Аман өзі бастады. Ол қаржылық жағдайға байланысты биыл бірқатар бағдарламалардың уақытша тоқтатылатынын және өткен жылы облыс қазынасы жоспарланған табысты толықтыра алмағанынын айтты. Сөз кезегі қала басшысына берілгенде Бақытжан Ғаязов көп сөйлеп, жұртты жалықтырған жоқ. Тек әлеуметтік-экономикалық дамудың басты көрсеткіштерін атап өтті.
Тұрғындарды баспанамен қамту – бүгінгінің ең өзекті мәселесі. Себебі қанша тұрғын үй пайдалануға берілсе де, кезекте тұрған азаматтар қатары еш азаяр емес. Былтыр 28,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандардың дені медицина және білім саласының қызметкерлері екенін айтып өткен жөн.
Қала әкімі Үдемелі индустрия-лық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 274 млрд. теңгеге бағаланған 13 ауқымды жоба жүзеге асып жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда қаржының 16,8 млрд. теңгесі игеріліп, 7 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 849 жаңа жұмыс орны ашылып, шаһардағы орташа жалақы көлемі 113 777 теңгеге жетіп отыр. Бақытжан Темірұлы білім беру, денсаулық сақтау ісі, мәдениет және спорт саласында қолға алынған істерге де шолу жасады.
Кездесу барысында тұрғындардың тарапынан екі-ақ сауал қойылды. Біріншісі – Қашар кентін газдандыруға қатысты болса, екіншісі, Перцев ауылында салынып жатқан мектеп жайында. Сауалдарға Евгений Аман өзі жауап берді.
– Рудный-Қашар-Федоровка бағытында магистралды газ құбырын салу жобасы келесі жылы аяқталмақ. Ал табиғи отынды үй-үйге жеткізуге бүгін-ертең бюджеттен қаражат бөлінеді деп айта алмаймын. Біз "ҚазТрансАймақГаз" мекемесіне ұсыныс жасадық. Егерде келісім беріп жатса, олар барлық жұмысты өз мойындарына алады. Бұл орайда газдың құны сәл жоғарылау болмақ. Бұдан басқа жол жоқ, – деді ол.
Перцев ауылының тұрғыны Шолпан Мұстафинаның мектепке қатысты сұрағына Евгений Аман:
– Мектепті биыл салып бітіру жоспарда болған. Алайда қаржылық қысыл-таяңды ескеріп, қажетті қаражаттың жартысын ғана бөліп отырмыз. Басқа қаражат көзін таба алмасақ, ғимарат тек келесі жылы пайдалануға беріледі, – деп жауап қатты.
Сөз арасында Евгений Иосифович ат-қарушы билік өкілдерінің блогына жазатын рудныйлықтардың өтініштері мен шағымдары азайғанын, халық биліктің ісінен хабардар екенін айтып, Бақытжан Ғаязовтың жұмысына оң бағасын берді.
Жиын соңында Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзін-дік үлес қосқан Рудный қаласының тұр-ғындарының еңбегі еленді. Евгений Аман облыс әкімінің грамоталарымен № 15 орта мектебінің ұстазы Анар Ержігітова, ІІБ бас-тығының орынбасары Мақсұт Ералиев, Қашар кентінің КБ электр слесарі Александр Князев, Қашар кентінің әкімі Марат Қуанышбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ирина Лисицина, "Компания Стройторг" ҚБ директоры Сергей Орлов, "Рудныйсоколовстрой" АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Анатолий Шемтюкті марапаттады.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ