Тоқаев: “Ел мүддесі бәрінен биік”

Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде қазіргі буынның болашақ ұрпақ алдындағы борышы қандай екені туралы пайымын айтты.«Тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алынбайтын асу жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Басқа маңызды әрі өзекті мәселелер бойынша шешімдерді кейінірек жариялаймын. Тағы да қайталап айтамын, алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес, бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін. Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар».
Осы орайда Мемлекет басшысы өз ісіне адал адамдарға қолдау көрсетілетінін, қоғам оларға құрмет білдіретінін атап өтті.
«Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал, елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек. Ел мүддесі бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін», – деді Президент.
Оның айтуынша, Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер. 
«Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер. Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын қатаң сақтауымыз керегін баса атап өтті. Сонымен бірге заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Меккеге барған сапарын еске алды.
«Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын деп тілеймін. Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы», – деді Президент.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓