Бала тәрбиесі мектептен десек те…

"Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы ұстаздан болады.
 Адам баласын бауырым деу жүректің ісі"
Абай Құнанбаев.
Воспитание детейКешегі Кеңес үкіметі тұсында "бала тәрбиесі мектептен басталады" дегенге оң көзқараспен, шынайы наным-сеніммен қарайтынбыз. Ол кезде мұғалімдердің айт-қан ақыл-кеңестері мен ілім-білімін санамызға тоқып, уақытылы сабағымызды оқып, тәртіпті болуға тырысатынбыз. Мұғалімдерге қарсы сөз айтпақ түгілі, көлбеңдеген көлеңкесін көргенде тығыларға тесік таппай  сасқалақтайтынбыз.  Мектеп  қа-бырғасында жүргенімізде ақылгөй, данышпан болдық деп айтудан, әрине, аулақпыз. Балалықпен жасаған шалалығымыздың болғаны да рас. Қанша жерден бұзықтық жасап, тәртіпсіз болсақ та үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындайтынбыз. Қысқасы, қазіргі жастардың тілімен айтқанда "ақылды бұзық" болдық. Сол уақытта жоғарғы сынып оқушылары бүгінгідей қоқаңдап, әлімжеттік көрсетпейтін. Керсінше, сабырлы салмақпен жақсы қасиеттерді үйретіп, тәрбиелі болуға бейімдеп, ақыл айтып, үлкен азамат болуымызға септіктерін тигізетін. Тасқын судың екпініндей арнадан асып, бағынбай бара жатсақ жанымызға батырмай нұқып алатын. Өз қателігімізді білгендіктен тіл қатпай үнсіз жүретінбіз. Сабақ оқымай, мұғалімдердің айтқанын тыңдамай тәртіп бұзсақ, ол кісілер шапалақпен тартып жібергенде ашуланып, өз қателігімізді білмей ата-анамызға айтып барғанда, қайта өзімізге ұрысып, мұғалімнің алдына әкеліп, енді "тәртіпсіз болса мектептен шығарып жіберіңдер" деп  дүрсе қойғанда, екі оттың ортасында қалғандай күй кешетінбіз.
Негізі баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, "азап-соры" деген жастарды тәрбиелеу ісінде табысқа жету үшін әрбір ата-ананың өзі де тәрбиелі болу керек. Қоғамның болашағы мен беделіне айқын жол ашар өскелең ұрпақ. Тал бе-сіктен басталар тәрбиенің тереңді меңзейтіні осында. Ең алдымен ата-ананың рөлі, онан кейін ұлағат сыйлаған ұстаз.
Сөз  жоқ, бала  үшін  адамгершілік талғамдар мен әдет-дағдылар, яғни жеке бас-тың қалыптасуының барлық әлеуметтік-психологиялық негіздері отбасында қалыптасады. Демек, отбасылық тәрбиелеу шарттарын, мүмкіндіктерін зерттемей тәрбие үрдісінде оң нәтижелерге жету мүмкін емес. Кей ата-аналардың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі кемшіліктердің барлығын байқауға болады. "Міндетім киім мен тамақ табу ғана" деген оймен мектепке орынсыз талаптар қояды. Өзінің жауапкершілігін сезе білмейді, баласын тәрбиелеуден қол үзеді. Оның зардабы баланың сабақ үлгеріміне, мінез-құлқының өзгеруіне әкеліп соғады. Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ. Баланың бүгінгі іс-әрекетіне, тәртібіне бүгін назар салмасақ, ертең кеш болады. Олай болса, бір сәт уақыт бөліп, мектеппен хабарласу ата-ананың бірден-бір міндеті.
Қазіргі заманда ұлттық мектептің іргетасы қалана бастаған кезде ата-аналар да мектеппен байланысын нығайта түсуі абзал. Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру мәселесі әріптестік педагогиканы талап етеді. Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ынтымақ бар жерде береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Отан жанұядан құралмақ, қазіргі заманда нарық жағдайында ата-аналардың, жалпы қоғам қауымдастығының көбісі жұмыстан бос және бос уақыты да баршылық. Ендеше сол бойындағы білімін, ілімін, күш-жігерін неге игі іске жұмсамасқа? Ел болашағы бүгінгі мектеп оқушылары. Ал, сол оқушылар рухани байлықпен қалыптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектептің мәселесі болмауы керек. "Бала тәрбиесі мектептен басталады"  деп ата-аналар бар жауапкершілікті ұстаздар қауымына артып, өздері сүттен ақ, судан таза болып, ауыртпалықты арқаламайтындары да жиі кездесіп жатады. Міне, осының салдарынан мектеп оқушылары әртүрлі құқық бұзушылықтарға бой алдырады. Мұғалімдердің тілін алмақ түгілі олардың сөздерін құлақтарына да ілмейді. Керісінше, бесіктен белдері шықпай жатып оларға өздері ақыл айтып, заң соққанда жағаңды ұстаудан басқа амалың қалмас. "Балаларың тіл алмайды, бұзақылық жасайды" деп ұстаздары ата-аналар-ға шағымданса, "сендердің беріп жатқан тәрбиелерің солай болса, біздің қолдан не келеді" деп өздеріне кінә арта салады. Бұл дегеніміз ата-аналардың балаларын мұғалімдерге қарсы қоюдың алғы шарты. Шынайы шындық қай кезде де түптің түбінде ашылары сөсіз.
Санамызды үндінің сериалдары улап, сиқымыздың сынын бұзып, өрімдей балаларымыз ішкі ағзаларын түтінге тұншықтырып, есірткіге бой алдырса, онда біздің қай оңғанымыз? Сәби кезінен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп, тәрбиелеп өсірген перзенттеріне сөзі өтпеген ата-ана кімге үлгі бола алады, айтыңыздаршы?! "Беймезгіл уақытта балаларына  көшеде  жүрмеңдер"  деп тыйым салуға болмас па еді…
Қазақ халқы әуелден-ақ бала тәрбиесі-не айрықша мән беріп, оны ата-ананың, қоғамның борышы санаған. Өйткені, бала – болашақ иесі. Сол себепті келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрдайым қатал сын саналған. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу – елдік мәселе. Оның алдан күткен бағыты, үміті күмәнді болса, не болмақ?  
Біздің келешегіміз жас ұрпақ деп жария салып жатқанда олардың ісі мынау. Бұл мектеп қабырғасында оқып жүріп жасаған кемшіліктері. Ал, ертең жоғарғы оқу орындарына түсіп студент атанғанда көмескі жолдан тайып, бұлыңғыр өмірдің буына тұншықпасына кім кепіл? Ойланайық, ағайын!
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓