МЕКТЕП, ЖОЛ және “СЫБАҒА”
Облыс әкімі Н.Садуақасов жұмыс сапарымен Ұзынкөл ауданының Троебрат селосында болып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Содан кейін аймақ басшысы ауданның 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланған актив жиналысына қатысты. Онда аудан әкімі А. Ыбыраев өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын істерді баяндап, есеп берді.
Іс-сапар аясында аймақ басшысы Н. Садуақасов ең алдымен Троебрат селосындағы орта мектепте, дәрігерлік амбулаторияда, жаңадан құрылыс жұмыстары басталған "Нұржайлау-2" майлы дақыл өңдейтін зауытта болды.
Мектептің үш қабатына да өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Іші-сырты жарқырап тұр. Сыныптар жарық, таза. Осы күрделі жөндеу жұмыс-тарына жергілікті бюджеттен 22512,2 мың теңге, ал, республикалық бюджеттен 234 605,0 мың теңге бөлінді. Мектеп директоры Ұлтуған Қалықованың айтуынша, мектептің жылыту жүйелері, төбе жабыны ауыстырылды, асхана, спортзал, дәретхана жөнделіп, қазандық басқа жерге көшірілді, асханаға жаңа технологиялық, спорт, медициналық жабдықтар, пән кабинеттеріне, (мысалы, химия), зертханалық жұмыстарға арналған оқу құралдары, интерактивті тақта сатып алынды. Мектептің ауласы да абаттандырылды. Облыс әкімі Н.Садуақасов мектеп ішін аралап көріп, оқушылармен, педагогтар қауымымен сөйлесті, шағын орталыққа бас сұғып, кішкене балалармен тілдесті. Жұмсақ сыйлықтар сыйлады. Айта кетерлігі сол, мектеп алды даярлық тобында жиырма тоғыз бала білім алып отырса, шағын орталыққа сексен төрт бала барады.
Содан кейін аймақ басшысы 2013 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияда болып, дәрігерлердің жұмысымен танысты. Осы нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 95,8 млн. теңге бөлінді. Облыс әкімі дәрігерлік амбулатория кабинеттерін аралап көрді, медицина қызметкерлерімен сөйлесті. Мұнда да барлығы жаңа, таза. Амбулаторияның бес күндізгі стационарлық орны бар. Акушер- дәрігердің айтуынша, өткен жылы он төрт сәби дүниеге келген. Үстіміздегі жылы да дүниеге келер бала саны да баршылық. Жылдан жылға бала саны да, тұрғындар саны да көбейіп келеді. Әзірге дәрігерлік амбулаторияға жалпы тәжірибелік дәрігер қажет.
Ауыл-селоның қалыпты да-муына шағын болса да ауыл шаруашылығы, сүт, мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар, зауыттар керек-ақ. Міне, сондай зауыттың бірі – "Нұржайлау – 2". Келешекте зауытта майлы дақыл өңделіп, сұйық май шығарылады. Май өң-дейтін зауыттың жетекшісі Т.Бірімжановтың айтуынша, нысан үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Жылына үш мың тонна майлы дақыл өңделетін болады. Жобаның жалпы құны 350 млн. теңге. Қазіргі кезде 20 млн. теңге игерілді. Қажетті жабдықтар сатып алу үшін түріктің "Конермак ЛТД.ШТИ" фирмасымен келісім жасады. Бұрындары осы нысан автобаза болыпты. Ал, зауытқа бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілу үстінде. Облыс әкімі зауыттың бар жұмысымен таныса отырып, ең алдымен сметалық-жобалық құжаттарға қатты көңіл бөлу қажеттігін баса айтып өтті.
Актив жиналысы басталмас бұрын өңір басшысы жергілікті өндірушілердің жетістіктерінің көрмесімен танысты.
Жиналыста облыс әкімі Н.Садуақасов өткен жылы жалпы алғанда ауданның ауыл шаруашылығы үшін, ең сынақ жылы болғандығын, ауа райының қолайсыздығының нәтижесінде діттеген көрсеткіштерге жете алмағанымызбен, астық өз деңгейінде жиналғанын жеткізді.
– Дегенмен ауа райының қо-лайсыздығын алға тартумен қа-тар, сол қолайсыздықтың өзінен бір қорытынды шығаруымыз қажет. Кейбір өңірлерде егінді тікелей орудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге жеткенін де айтуымыз керек, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Сонымен бірге қазіргі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға, Ресей рублі мен мұнай бағасының күрт төмендеуі ауданның экономикасына да әсер беретіндігін айта келе, бүгінгі таңда мемлекетіміздің, оның ішінде облысымыздың дамуын осыдан он жылғы дамуымен салыстырып айтқанда көш ілгері екенін жеткізді.
– Әрине, өздеріңіз білесіздер, дағдарысқа байланысты кейбір қысқартулар болғанымен, әлеуметтік төлемдер, еліміздің, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы бір қалыпты. Уақыт бір орнында тоқтап қалмайды, ілгерлеуіміз керек. Сондықтан әкімдеріңіздің өткен жылғы атқар-ған жұмысын қорытындылап, 2015 жылға қандай міндеттер тұрғанын тыңдалық, – деді облыс әкімі Н. Садуақасов.
Аудан әкімі А.Ыбыраевтың айтуынша, өткен жылы дер кезінде көктемгі егіс жұмыстары жүргі-зілді, тиісті минералды тыңайт-қыштар, дизель отыны сатып алынды, ауа райының қолайсыздығына қарамастан әр гектарынан 10,5 центнерден астық жиналды. Ауданның негізгі саласының бірі мал шаруашылығы болғанымен, мысалы, "Сыбаға" бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асырылған жоқ. Оның қалыпты болуына жұмыстар жүйелі болуы керек дейді аудан әкімі. Алдағы уақытта ұсақ тауарлы өндірістерді ірілендіру, мал басын асылдандыру, жем-шөп базасын нығайту секілді жұмыстар тұр. 2014 жылы индустрияландыру картасы аясында үш жоба енгізілген болса, үстіміздегі жылы алты жоба, бордақылау алаңын салу, майлы дәнді-дақылдарды өңдеу зауыты, сүт-тауарлы фермасы сияқты жобалар жүзеге асырылмақ. Аудан көлемінде "Бизнестің жол картасы – 2020", "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020", "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында, денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларында да біршама жұмыстар атқарылды. Су құбырлары, мектептер, жолдар жөнделіп, денсаулық нысандары пайдалануға берілді.
Әрине, ауданда атқарылған жұмыстар жеткілікті. Оны тізе берудің де қажеттілігі шамалы, себебі, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының бір қалыпты болуы – аудан жұртшылығының тұрмысының жақсаруына, бюджет қаржысының толығуына әкеледі емес пе?! 2015 жылы аудан орталығындағы жүргіншілер тротуары, жолдың ойдым шұңқырлары жөнделіп, ауыз су мәселесі қолға алынбақ. Сонымен бірге абаттандыру мәселесі де қолға алынбақ. Жастар мен жұртшылық арасында салауатты өмір салтын насихаттау аясында еркін күрес, самбо, қазақша күрес секілді спорт түрлерін дамыту үшін спорт залы және 3D кинотеатры ашылмақ.
Актив жиналысында сонымен қатар әр салаға қатысты, мысалы, облыстық ауыл шаруашылы-ғы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқарма басшылары шығып, ауданның жеткен жетістіктері, шешімін таппаған кейбір мәселелер туралы да айтып берді.
Облыс әкімі Н.Садуақасов ауданның өзіндік әлеуеті бар екенін, тұрғындар мен кәсіпкерлердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бей-жай қарамай, белсенді түрде атсалысу керектігін, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін кейбір бағдарламаға мысалы, "Сыбағаға" қатысу қажеттігін айтты.
– Аудан көлемінде қанша бос жер бар, қаншасы игерілмей жатыр, егер игерілмей іске асырылмай жатса, онда заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге байланысты бірнеше есе айыппұл төлейтіндіктеріңізді де естен шығармаңыздар, – деді өз сөзінде облыс басшысы.
Және де аудан әкімі А.Ыбыраевтың әкім болып тағайындалғанына бес ай болса да, оның атқарған жұмыстарына оң баға бере отырып, алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды болатындығын атап өтті.
Ал, актив соңында өңір басшысы әдеттегідей ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттады.
Гүлназым САҒИТОВА