Қайтсем, кешіреді (Әңгіме орнына)
Күні бойы Мейрамның үйі ұрыстан арылған жоқ. Ерлі-зайыпты деген аты ғана болмаса, бұл отбасынан береке кеткелі қашан. Бұрын-соңды мұндай ұрыс болғанда, аяқ жағы таяққа тіреліп, Айшаның денесіне таңба түсіп қалатын. Айша оны сезсе де, сүйекке біткен әдетімен көбіне мән бермейді. Бәрі ішімдіктің кесірінен басталған-ды…
Бүгінгі ұрыстары тым зілдірек. Айша ертеден бері тамақ та ішкен жоқ. Кикілжіңнің кіргеніне жыл жарым уақыт болып қалған. Содан бері бір-біріне дұрыс жауап та бермей, тіпті екеуі екі бөлек жататын халге де жетті.
Жынды суға тойып алған Мейрам ештеңеге де қарамады. Ешкімді де керек етер түрі жоқ. Оған керегі тек қана жүз грамм, басқасына бас қатырмайды. Ашумен ызғарланып, оның үстіне ішімдікке тойып алған отағасы, қалшылдап келсе де, өзінің ойындағысын жүзеге асырды. Әйтсе де, қатынын бір ұрмай көңілі көншімейтін болғандықтан, құшырланып, түйілген жұдырықпен желкеге қойып келіп қалды.Текшелеп ораған ақ жаулық ұшты да кетті. Ойламаған жерден ойында ештеңе жоқ отанасы ойбайға басты.
– Ойбай-ай, не жаздым?! – деп Айша ышқынып жылап жіберді.
– Атаңа нәлет!.. – деді Мейрам.
– Атаңа нәлет. Маған арақ, арақ керек… Тез тауып алып кел! Бар, қараңды батыр, бол! – деді.
– Құдай!.. Құдай!.. не жаздым құдай!.. – деп Айша өкіріп жылауға кірісті. Алладан жалбарынып сұрап ал-ған жалғыз ұлдары "мамалап" келіп алдына тығылды.
Бейбарысын бауырына басып, жылаған күйі бүкшиіп Айша жатып алды. Қатынының қырсығып жатып алғанын көріп, күн кеш болуға айналған соң, басына мыжырайған бас киімін киіп, арақ іздеуге Мейрам тағыда тысқа шықты. Сол кеткенінен мол кетті…
Осы сәтте Айша көп ойланды. Бастан өткен тұрмысы біртіндеп көз алдына елестей бастады. Зарлы запыранға толы ғұмырын өз қолымен қиғысы-ақ келеді, әттең қаршадай құлыншағының жасқа толы жанары мен мұңлы жүрегі жіберер емес. Бар уайымы – баласы. Күнде таяқ жеп өткізген өмірге разы болмаса да, көнбеске шарасы жоқ. Мейрамның өзін қалай меншігіне айналдырғаны миынан шығар емес. Яғни, өздерін ата-аналары қосқан соң, сүймеске орын жоқ деп түсінісіп, бұлар бір шаңырақ болуға ниет еткен-ді. Енді міне, шаңырақтарының шері шаш етектен. Өткен өмірін көз алдына елестеткен қалпында Айша қалың ойға шомып жатып, ұйықтап та кетті…
Ішімдікке сылқия тойып маскүнем Мейрамы да келді. Жәй келсе жарар еді-ау, екі шөлмек арағымен келді. Оны ішіп алып, тағы да баяғы әдетіне басты. Қатынын қатын демей, баласын да бала құрлы көрмеді. Әйелін төмпештеп ұра жөнелді. Баяғы арақ үшін ұрып жатыр… Зар еңіреген жұбайының жылаудан басқа амалы жоқ. Жылай берді, жылай берді. Екі жасар Бейбарысы да шарасыз.
Зарлы дауыстардан әбден мезі болған Мейрам, қолындағы шөлмекпен әйелінің басынан қойып қалды. Жазықсыз әйел болса, сол сәтте тіл тартпай кетті. Мұны көрген бейкүнә бала зәресі ұшқаннан не істерін білмей қалды. Шошынған бала ойбайға басып, "Мамалап" сыртқа қаша жөнелді.
Дала үскірік аяз болатын… Бет қариды. Апта бойы жапалақтап жауған қар екпіні басылғанымен, ауа-райы күрт бұзылып, соңы алай-дүлей боранға ұласқан. Теріскейден соққан желдің түрі жаман. Зәресі зәр түбіне кеткен Бейбарыс болса, боранмен қоса ұлып келеді.
…"Көмектесіңдер!" – деп бар дауысымен айғай салды. Етпетінен ақ қарға жата кетті. Жып-жылы беті қарға енгенде суықты түк сезбеді. Көзінен сорғалаған ып-ыстық өкініш жасы қарды ерітердей. Қар ішінде өксіп, өкіре жылады. Анасына көмектесе алмағанына бір өкінсе, өзінің тым кішкентай болғанына екі өкінді.
– Мама! – деген күңіренген бала дауысы тірі адамның сай-сүйегін сырқыратардай даланы шарлап кетті. Зарлы дауысы ауылындағыларға да жетті. Маскүнем Мейрамның үйі жақтан естілген ай-ғайдан бір жамандықтың, сұмдықтың болғанын сезіп, жұрт жағасын ұстаған. Көп ұзамай Бейбарыстың бақырғаннан дауысы қарлығып, талықсып кетті.
Арада сүт пісірім уақыт өткенде ауылдың адамдары баланы тауып алды.
Әбден шошынып қалған Бейбарыс төрт айдан астам уақыттан соң қалыпқа келіп, есін жиды. Ауылдың дәрігерлері ем-домын жасап, жанын аман алып қалды. Жаны аман қалғанымен, бейкүнә бала, екі аяғынан бірдей айырылды.
Бұл қасірет Бейбарыстың өмірін өксікке толтырды. Шерлі баланың сырласар да ешкімі жоқ. Жападан-жалғыз қалған-ды. Жанына жақын тұтар жан болмағандықтан жетімдер үйіне кете-барды.
Арада ұзақ жылдар өтті… Қаныпезер әкесі де түрмеден оралды. Баласының жағдайы-нан бейхабар әке үйіне келді. Өткен өмірінен сабақ алған отағасы келе салысымен бауыр еті баласын іздеді. Көрші-қолаңнан сұрастырып, баласынан қайда екенінен бір хабар алды. Сол мекенжай бойынша іздеп барды. Баласы балалар үйінде екен. Мұны көрген әке, қос жанарына жас алды. Кезінде өзі өзекке тепкен Бейбарысы тепсе темір үзетін жігіт болып өскен екен. Алайда, баласын бауырына баса алмады. Аяусыз тағдыр тауқыметін көп тартқан жан баласы әкесіне "кет" деп қана тіл қатты. Әкесінен жүрегі шайылған Бейбарыс басқа сөз айтпастан арбаға танылған қалпында кері айналып кете барды.
Мейрам жан дегенде жалғыз баласынан тірідей айырылып, басы салбыраған күйінде үйіне қайтты…
Жарының мәйіті шыққан босаға. Тұла бойын әлдебір сезім кеулеп, жүрегінің басы шыңылдап қоя берді. Көзінің жасы ма, жүректің жасы ма қалтыратып, дірілдетіп барады. "Әттең, кеш енді, бәрі кеш. Қайтсем, балам кешіреді?!"
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.