Айтқаны аңызға айналған Сағалбай Жанбаев туралы бірер сөз

Қазақ халқына есімі кең тараған тұлғалардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері Сағалбай Жанбаев. Кезінде СССР Жоғарғы Советінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған, одақтық дәрежедегі зейнеткер   атанған, еліне елеулі еңбек еткен ел ағасы туралы көп айтылды да, жазылды да. Ілияс Қозыбаевтың  2014 жылы "Атамұра" баспасынан орыс тілінде жарық көрген  "Тот самый Жанбаев" деп аталған кітабында ардагердің өмірбаяндық деректерімен қатар оның атқарған істері кеңінен сөз болған. Мен оның бұл кітапта азырақ қамтылған және айтылмаған қырларына ғана тоқталғым келеді.
Тот самый Жанбаев книгаСағалбай Жанбаев көзі тірісінде-ақ әр жерде айтқан сөзі аңызға айналған, тауып айтқан сөздері ел жадында сақталған тұлғалардың бірі. Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Сағалбай Жанбаев облыстық партия комитетінің кезекті бюросында облыстық газет қызметкерлерінен түскен шағымды қарайды. Оқиғаның анық-қанығына жету мақсатында әуелі редакторды, іле-шала оның орынбасарын тұрғызса, екеуі кезек-кезек бірін бірі жамандайды. Бюро мүшелері шеттерінен орыс. Сәкең болса орыс тіліне   шорқақ екен.
"Біреуге ор қазба, ор қазсаң, терең қазба" деген қазақтың қанатты сөзін аударғысы келген Сәкең столды жұдырығымен қойып қалып: "Кончайте базар. Ложите сюда партбилет. Кому яму копайт, туда саму попайт", –деген ғой. Отырғандардың барлығы жым болған. Күлгісі келгендер күле алмаған. Жылағысы келгендер жылай алмаған. Міне, қарапайым қазақ азаматы орыстарды осылай мойындатқан. Басшыларымызда көбінесе осындай қасиеттер жетіспей жатады.
Енді бірде Сағалбай Жанбаев ол тұста "зона рискованного земледелия" деп аталған жері көп аудандардың бі-рінің шаруашылығына барады. Шаруа-шылық басшысы егін егілген төбелерді көрсетсе керек. Сонда Сәкең басындағы қалпағын шешіп тастап, жалтыраған басын шұқып тұрып: "айтшы, мына басқа шаш шыға ма?" – деп сұрайды. Күмілжіп қалған басшыға Сәкең: "бұл басқа шаш шықпаса, мына төбеге де ешуақытта егін шықпайды", – депті.
Сағалбай   Жанбаев  Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде білімін жетілдіреді. Бірақ, кезекті сынақтардың бірінде құлап қалады. Басшыларға құлаққағыс қылса, олар құлақ аса қоймайды. Амалы таусылған Жанбаев оқу орнындағы басшының қабылдау бөлмесінен бір жерге телефон шалады. Оның айтқан сөздерін маңайындағылар естіп тұрса керек.
"Товарищ Маленков, Вам звонит  Жанбаев,  секретарь обкома партии из Костанайской области  Казахстана. Я не понимаю одного, мясо надо,  Жанбаев  надо, хлеб надо, Жанбаев  надо, шерсть надо, Жанбаев  надо, учиться надо,  Жанбаев  не надо, что ли?" – депті. Жанбаев шынымен Маленковпен сөйлесті ме, әлде, сөйлескен кейіп танытты ма, оны бір өзі біледі. Бұл сөзді естіп отырған партия мектебі басшылары Сәкеңді қайта шақыртып алып, емтиханнан аман-есен өткізіп жіберген екен.
Сол оқуда жүрген кезінде орналасқан қонақүйге келсе,  өзінің тұратын қабатын білгенімен, қай бөлмеге орналасқанын ұмытып қалыпты, ал ғимараттағы есіктердің бәрі бірінен бірі айнымайды. Не қыларын білмеген Сәкең ақыры айла тауып, барлық есікті ашып, ішіндегілерден "Жанбаев здесь живет?" – деп сұрай береді.
Ақыры өзі орналасқан бөлмеге жетіп, жаңағы сұрағын қайталаса, бірге жатқан орыс жігіті: "Вы что, Сәке, сами себя ищете?" – деп таң қалыпты. Жанбаев болса айылын да жимай: "А я хотел проверить, ты Жанбаева знаешь, или нет", – дейтін көрінеді.
Ел аузындағы тағы бір әңгімеде, Жоғарғы партия мектебін бітіріп шыққаннан кейін Сағалбай ағамызды Кентау қалалық партия комитетіне екінші хатшы қылып жіберетін болыпты.Орталық Комитеттің өкілі мектеп түлектерінің қайда баратынын оқып  шыққаннан кейін "енді кімде сұрақ бар?" – дейді. Сонда Сәкең  қолын көтеріп: "Менде сұрақ бар!" – десе керек.
"Құрметті Орталық Комитеттің өкілі, – дейді Жанбаев, қалалық партия комитетіне жібереміз деп отырғаныңыз қай Жанбаев? Жоғары партия мектебіне Маленков жолдастың өзі арнайы  оқуға жіберген және оған дейін Ақмола облыстық партия комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарған Жанбаев па, әлде басқа біреу ме?" Өкіл сасқалақтап: "бұл мәселенің анық-қанығын анықтау керек", – депті. Жанбаев болса осы әңгімеден кейін Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылады.
Енді бірде Жанбаев ел аралап жүріп бір колхозға келсе, ауылдан біраз жердегі қыр-манға жаяу-жалпы кетіп бара жатқан қыз-келіншектерді көреді. Жанында отырған колхоз председателінен "олар неге жаяу жүр?" – деп сұраса, "көлік жетіспейді, олар жаяу жүріп үйренген, ештеңе етпейді", – деген жауап алады.
Біраздан кейін Жанбаев мінген көлікті тоқтатып, председательге ат шалдырып алайық дейді. Ол сырт-қа шығысымен шопырына жүре бер деп ым қағады. Терезені ашып, колхоз    бастығына қараса ол байғұс асып-сасып: "Сәке, ауылға мен қалай жетемін? Әлі он километр бар", – десе керек. Сәкең аспай-саспай: "Ештеңе етпейді. Әйелдер де сондай қашықтықты жаяу жүріп жүр ғой. Сен әйелдерден кем емес шығарсың", – деп жүріп кетеді.
Енді бірде Сағалбай Жанбаевтың атына сол кездегі Таран аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып жүрген                  Д.И.Берлин деген кісінің үстінен арыз түседі. Сәкең ауданға барып, айтылған жайдың анық-қанығына көз жеткізгеннен кейін хатшымен тілдеседі. Ол өзінше ақталып жатса керек, сонда Сәкең: "Слушай, как твоя фамилия?" – деп сұрайды. "Вы же знаете, Саке!" – дейді ол. "Я у тебя спрашиваю, как твоя фамилия?" – деп тағы қайталайды. "Берлин" деген жауапты естіген соң, "А ты знаешь, как наши взяли Берлин? Если не можешь найти общий язык с народом, мы тебя тоже возьмем как Берлин", – депті. Сонымен әңгіме біткен.
Тағы бірде Сағалбай Жанбаев астық жинауға көмекке келген әскерилердің басшысы болған армия генералымен келісе алмай қалады. Сонда Сәкең: "Сіз өзі әскерлерді кім киіндіретінін, кім тойындыратынын білесіз бе?  Ауыл адамдары.  Сіз армияның генералы болсаңыз, мен партияның генералымын. Сөзге көнбесең, партбилетіңді столға қой!" –дейді. Сүйтіп, генералды да орнына қояды.
Сағалбай ағамыз басшы болып тұрған кезінде газет журналистеріне жақсы қолдау жасаған. Және газетті өз мақсатына тиімді пайдалана білген. Көзкөргендердің айтуына қарағанда, ол газет басшыларына арнайы тапсырыс беріп, шаруашылығы артта қалған колхоз немесе кәсіпорынды сынатады екен. Газет бетіне мақала шыға сала араға бір-екі күн салып бюро мәжілісін өткізеді. Онда сыналған басшыларды орнынан тұрғызып, "газетте жазылған кемшіліктер рас па?" – деп сұрап алып, оларға қатаң шара қолданады. Кейбіреуіне сөгіс береді, кейбіреуін қызметінен босатады. Іле-шала газет бетінде "Сынап едік, қорытындысы қандай?" деген айдармен жауап жарық көреді. Сөйтіп, ол екі жеп, биге шығып, іске бөгет болғандарды жазалап, газеттің де мерейін көтеріп, беделін асырып отырған.
Осыдан он шақты жыл бұрын Қостанай қаласындағы көшелердің бірін Сағалбай Жанбаевтың атымен атау туралы ұсыныс айтылды. Алайда, айтыл-ған пікірлер аяқсыз қалды. Қостанайға еңбегі сіңген кісіге Қостанайдан бір көше бұйырмауы қайраткерге  деген қиянат. Сол олқылықтың орнын толтырудың орайы енді келді. Осы  жағдайға ел басшылары назар аударатын уақыт жеткен секілді.
 Ақылбек Шаяхмет,
      жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы  ҚМУ профессоры.
 
 
Кітап әлемінде
Өз заманының  өр тұлғасы
Сағалбай Жанбаев туралы кітап жарық көрді
Сәлім     МЕҢДІБАЙ
Кітаптың авторы – Ілияс Қозыбаев, тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың ұлы. Орыс тілінде шыққан «Тот самый Жанбаев» атты тарихи-библиографиялық очеркте көзі тірісінде аты аңызға айналған Қазақ елінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сағалбай Жанбаевтың өмірі мен қызметі жан-жақты көрініс тапқан. Автор ғалым зерттеушіге тән дәлдікпен Сәкеңнің өмір жолын деректер мен дәйектерге сүйене отырып, барынша жүйелі және толық көрсетеді.
Туынды он екі тараудан тұрады. Солардың атын атап, түсін түстесек көп жайт түсінікті болмақ. «Балалық пен жастық шақ», «Педтехникум оқушысы», «Комсомол жетекшісі», «Аштықпен күрес», «МТС саяси бөлімінде», «Аупартком хатшысы», «Ақмола обкомында», «Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы», «Қостанай жерінде», «Қызыл – Ордада», «Семей қаласының басшысы», «Одақтық дәрежедегі зейнеткер».
Кітап бүгіндер екінің бірі топырақ шашуға бейім тұратын өткен дәуір туралы деректерге құрыл-ған. Әрине, бұл кешегі Кеңес дәуірін аңсау емес, бүгінгі ұрпаққа қызықты мағлұмат беретін бұрынғы күннің тынысын паш ету. Жас ұрпақ үшін Сағалбай Жанбаев несімен қызық, несімен есте қаларлық тұлға? Ол әкімшілік-әміршілдік жүйе жағдайында өзінің табиғи болмыс-келбетін сақтай білген, халықтан шыққан нағыз демократиялық, төрешілдіктен мүлдем ада басшы болды.
Ілияс бауырымыздың кітабы 40-50 жылдарғы Кеңес Одағы сияқты алып державаның партиялық-мемлекеттік элитасына кіретін бүкіл өмірі халқына қалтқысыз қызмет етуге арналған адам туралы толыққанды тамаша баян.
Автор осынау құнды кітапты жазуда Мәскеу, Алматы, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Семей және Қызылорда архивтерінде болып, Сәкеңді көзі көрген, оны жақсы білетін талай жандармен жүздескен. Соның нәтижесінде өз заманының өр тұлғасы туралы осынау еңбек дүниеге келген. Кітапта біздің «Қостанай таңы» газетінде жарияланған Жанбаев туралы материалдарға да сілтеме жасалған.
Кітапта Сағалбай Жанбаевтың 1948 жылы Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануы және оның осы қазыналы өңірдегі жемісті жұмысы туралы кеңінен баяндалған. Сәкең Қостанайда 1987 күн мен түн тынымсыз тер төгеді, артына өшпес өнеге-үлгі қалдырады, өзі де аңыз адам болып көпшілік көңіліне ұялайды. Халық оны қарапайымдылығы, қалың бұқарамен аралас-құралас жүруі, турашылдығы, қам-қорлығы, жоғары адамгершілігі үшін жақсы көреді.
Аға ұрпақ Сағалбай Жанбаевты күні бүгінге дейін жадында сақтап келеді.  Ендігі бір міндет ел құрметіне бөленген, Қостанай топырағында айтарлықтай із қалдырған адамның есімін мәңгі есте қалдыру үшін өзінің туған қаласындай болған Қостанайдан бір көше атын берсе, жарасымды бір іс болар еді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓