Керемет көрменің өткені мен бүгіні
Айчидағы бүкіләлемдік көрме. 2005 жыл
2005 жылғы 25 наурыз бен 25 қыркүйек аралығындағы көрмеге Жапония "Табиғат ақылдылығы" деген ат берді. Көрме Нагоя қаласының шығысындағы қыратқа, Нагатука, Тойота және Сето қалаларында орналастырылды.
Бұл бүкіләлемдік көрме ХХІ ғасырдағы алғашқы көрме еді. Оның тақырыбы әлемнің барлық халықтарының ақылы мен күш-қуатына сүйенген, нағыз үйлесімділік салтанат құратын қоғамға ұмтылу еді.
Адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасы
Жалпы алаңы 170 гектарға жететін көрме Нагоя қаласының шығысындағы қыратқа, Жапонияның Айчи префектурасында орналасты. Ол екі аймақтан құралды, оларды аспалы жолдар жалғастырды. Бір аймақта көлемі 157 гектарға жететін Нагатука қаласы, негізгі шаралар осы жерде өтті. Екіншісі көлемі 15 гектарға созылған табиғаттың ғажайып жері Сето қаласы еді, бұл жер көрменің рухани орталығы іспетті еді. Бұл жерде келгендер жанды табиғатпен тікелей араласты.
Көрменің тақырыбына сәйкес ол көрмені қабылдаған жақ – Жапония жасады. Бұл бамбукпен жабылған кәрзеңке формалы берік конструкция болатын. Павильонда әртүрлі эксперименттік технология қолданылды.Онда кондиционер арқылы келетін ауа жүйесіне түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік беретін энергияны үнемдеудің инновациялық жүйесі мен фотокаталитикалық элементтерден құралған шатыр орнатылды. Павильон қалдықтан арылу, үнемді жұмсау мен ұқсату секілді үш принципке негізделген болатын.
Павильон конструкциясы жапондар өміріндегі табиғаттың алатын орнын, олардың табиғатты, білім мен технологияны ұштастыруға ұмтылуын және әлі күнге дейін толық шешіле қоймаған адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты бейнелеуге арналды. Экспонаттар арасында "Жерді көру" деп аталатын 360 градустық сфералық экраны бар жер шарының моделі келушілерді ерекше тәнті етті.
Ұлы мәдениет аралық симфония
125 ел мен халықаралық ұйымдардың экспозициялары 6 "Жалпы аймаққа" орналастырылды. Жапония сан түрлі жеке меншік павильондар жасады, бұл жерде келгендер ең жаңа әрі озық технологиялармен таныса алды. Олардың ішіндегі әсіресе роботтары адамша қимыл жасайтын "Тойота" компаниясының павильоны көрменің ең қызықты орнына айналды.
Көрме 185 күнге созылды, осы кезең ішінде көрсетілімдер мен спектакльдер еш тоқтаған емес. Көрме алаңы ашық алаңдағы ең үлкен экран орнатылған театр алаңына айналып, осы жерден берілетін хабарлар дүниенің төрт бұрышына тарады. "Ванаку аралының қазынасы" атты павильон келушілерге неше түрлі қызғылықты көңіл көтерулер ұсынды.
Ендігі кезек – Испанияда
2008 жылғы 14 маусымнан 14 қыркүйек аралығында Испанияның әсем қалаларының бірі "Су мен тұрақты даму" атты девизбен бүкіләлемдік көрме өткізді. Осында жиналғандар үш ай бойы су мәселесіне ерекше назар аударды.
Жалпы көлемі 25 гектарға жететін көрме алаңын бүкіл әлемге аты жайылған атақты сәулетші-авангардистер жобалады. Көрменің барлық кеңіс-тіктері сыйқырлы дүниелерге толды. Бұл жерге цунамиді елестететін имитатор мен Европада ең үлкен тұщы суы бар аквариум қойылды. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, барлық елдердің мерекелерін тойлады, сондайақ суға байланысты дүниелермен танысты.
Қазақстанның алғашқы жеңісі
Сарагостағы EXPO-2008 көрмесінде оған қатысқан 104 елдің ішінде Қазақстан павильоны "С" санаты бойынша ішкі және сыртқы рәсімдеу бойынша үшінші орын алып, қола наградамен марапатталды.
Сарагостағы EXPO-2008 халықаралық көрмеге сапарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай шараны Астана қаласында өткізу қажеттігін айтып өтті.
Қазақстан Астананы таныстырды
2010 жылғы 11 мамыр мен 31 қазан аралығында яғни, 184 күн бойы бүкіләлемдік көрме Қытай Халық Республикасында өтті. Көрме "Үздік қала –үздік тіршілік" деп аталды. Оған 198 ел мен 27 халықаралық ұйым қатысты. Келушілердің саны 70 миллион адамға жетті.
Көрме Хуанпу өзенінің қос жағалауында, Нанпу мен Лупу көпірлерінің арасында 5,28 шаршы километр алаңға орналасты. Билет 3,28 шаршы километр алаңды тамашалуға мүмкіндік берді. "EXPO түйіні" көрменің аса маңызды да қызғылықты бөлігінде орналасты. "EXPO паркі" деп аталатын жасыл алаң көрменің аумағында бой көтеріп, келушілерді қабылдады.
Шанхай көрмесінде алғаш рет "Қала құрылысының үздік практикасы" деп аталатын аймақ ашылды. Мұнда қаладағы тіршіліктің сапасын арттыруға бағытталған озық жобалар қойылды. Аймақ осында бас қосқан қала өкілдері қаланы дамыту мен салу жөнінде тәжірибе алмасу алаңы есебінде салынған еді.
Қазақстанның павильоны Жапония мен Оңтүстік Кореяның арасындағы "Азия" атты аймақта орналасты. Бұл көрмедегі Қазақстан павильонының бас-ты мақсаты – Астананы әлем астаналарының ішіндегі жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қала есебінде таныстыру еді. Қазақстан ұлттық экспозициясының тақырыбы – "Астана – Еуразияның жүрегі" деп аталды. Павильонды 1 миллионға жуық адам тамашалады.
Қазақстан өз тарихынан сыр шертті
"Тірі мұхит және оның жағалауы". Оңтүстік Корея елінің Есу қаласында 2012 жылғы 12 мамыр мен 12 тамыз аралығында өткен халықаралық арнайы көрме осылай аталды.
Мұнда дәл сол көрменің өзінен басқа 250000 шаршы метр көрме аумағында EXPO қалашығы, машина қоятын орындар, парктер, жасыл алаңқайлар, шатханалар, мұражайлар мен дәмханалар орна-ластырылды. Көрменің орны бекер таңдалып алын-ған жоқ, ол аталған тақырыпқа толық сәйкес келе-тіндей етіп мұхиттың әдемі жағалауынан қоныс тепті.
Көрменің аумағына Халюсидо ұлттық паркі мен Одонг аралы кірді, бұл аумақты EXPO тақырыбын жақсы ашатын, табиғи жағдайы өте қолайлы 317 аралмен қоршап тұрды.
Бұл көрме халықаралық қоғамның әлем мұхиты мен оның жағалауының адам тіршілігінде алатын орны мен атқаратын қызметі жайлы толық та жан-жақты мағлұмат алуын кең мүмкіндік берді.
Еліміз бұл көрмеге де белсене қатысты. Қазақстан өз павильонын мәдениет пен ғылымда, бизнес пен туризмдегі салт-дәстүр мен инновацияны ескере отырып тұрғызды. Ол су тақырыбына арналды және де қазақ елінің тарихы мен дәстүрініен, оның қазіргі өмірі мен болашақтағы мақсатынан сыр шертті.
Біздің павильон 6 аймақтан тұрды. Келушілер барлық павильонда көрсетілетін интерактивті шоуды тамашалап, өздері де белсене қатысты. Қазақстанның павильоны Астанаға ерекше көңіл бөлді. Ол кезде Астана "Болашақ энергиясы" атты тақырыпты қамтитын EXPO-2017 көрмесін өткізуге талаптанған үміткер қалалардың бірі еді…
Материалды дайындаған Ж. БОЛАТОВ.