Ахаң жүрген ізбенен
Наурыздың 31-і мен сәуірдің 7-сі аралығында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғалымдары Қазақ АКСР-нің алғашқы астанасы әрі ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының орталығы болған Орынбор қаласына сапарлап қайтты. «А.Байтұрсынов ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми экспедиция құрамын филология ғылымдарының докторы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі – ғылыми экспедиция жетекшісі А.Әбсадық бастап, тарих ғылымдарының кандидаты С.Исмаилов, әлеуметтік ғылымдар магистрі А.Шөрентаев бар. Бүгін олар өңірлік коммуникация орталығында тілшілерге жүрген-көргендерін айтып берді. Орынбор сапары жайында түсірілген қысқа фильм көрсетілді.
– Ал мұндай ғылыми сапар барысында мұрағатқа бару негізгі жұмысымыз. Орынбордағы Қазан төңкерісіне дейінгі және кеңестік кезең архивтерінде жұмыс істеп, бірқатар тың деректерді, құжаттарды ұшырастырып отырмыз. Соның ішінде қазіргі ғалымдар 1895 жылы А.Байтұрсынұлы «Тургайская газетада» «Казахские приметы и пословицы» мақаласының жарық көргені жайында жалпылама айтып жүр. Ал біз осы мақаланың мазмұнымен танысып қайттық. Және Орынборда тұрған қазақ зиялыларының жандармерия бақылауында болғаны жайында құжат қолымызға түсті. Одан бөлек, Әліби Жангелдин мен оның маңайындағы адамдарға қатысты хаттамалар, басқа да деректер табылып отыр. Дерек, құжаттардың көшірмелерін архивке, мұражайға бермекпіз.
Экспедияция жаз айларында жалғасын табады. Сапаршылар бұл жолы Ахаңның туған ауылына барып келіп, Орынбор мен Торғай сапарларын біріктіріп, жинақ шығарамыз дейді.
Қыдырбек Қиысхан