Қыз жасауы көздің жауын алады
Зәуреш Бимулдина 30 жыл бойы сауда саласында еңбек еткен жан. Еш алаңсыз өмірі өзгерейін десе аяқасты екен. Денсаулығы сыр беріп, екі рет ота жасауға тура келді. Бірақ бұдан денсаулығы жақсара қоймады да, 3 топтағы мүгедек атанды. Екі жыл үйде отырып қалды. Өмір бойы еңбек еткен жан үшін үйде қол қусырып отыру жанға бататын. Бір жағынан күнкөріс қамын да ойлаған дұрыс. Осы орайда қалай болады, не істесем екен деген ой маза бермеді.
Зәуреш апайдың келіні Әсемгүл Шалдыбаева ісмер еді. Қолынан шыққан заттары үнемі сұранысқа ие болып жататын. Тапсырыс беріп, үйге іздеп келіп, көрпе, шабадан басқа да түрлі заттарды тіккізетін жандар аз болмайтын. Қыз жасауын қызылды-жасылды етіп, оюлап, түр-түрімен көздің жауын алатындай етіп тігеді. Осыған қарап отырып, Зәуреш апайға неліктен осы істі кеңейтпейміз деген ой келді. Басында өз ойынан өзі қорқып, қадам жасауға батылы бармады. Уақыт өте келе жақындарымен ақылдасты. Сөйтіп, олар бұл бастаманы шағын бизнестің бір түріне айналдыруды жөн көрді.
Әрине, кез келген істі бастау үшін қаражат, нақты жоспар керек. Ал оны қалай бастауға болады? Әрі ойланып, бері ойланып, бірде газет бетінен "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы туралы оқыды. Өзі сияқты қарапайым жандар осы бағдарламаның ар-қасында істерін бастап кеткен екен. Отбасымен ақылдасып, тәуекелге бел буып, жеке іс-пен айналысуға шешім қа-былдады.
Зәуреш апай тігін цехын ашуға ниет білдіріп, кәсіпкер-лік ұсыныс-арызын аудандық жұмыспен қамту орталығына берді. Жарты жыл ішінде барлық құжаттары рәсімделіп, мақұлданып, кәсібін ашуға 2,5 млн. теңге алды. Ол қаражат-қа цехтың ішін жөндеп, іс тігетін машинкалар алды. Мата, мақта сияқты керек-жарақтарын да қамтыды. Алынған қаражаттың әр тиынын үнемдеп, керек затқа жұм-сауға тырысты. Соның арқасында тапсырыс та көбейді.
Қазіргі таңда Зәуреш апайдың шүкір, ісі алға басып келеді. Күні кеше цехтың ашылу салтанаты өтті. Кішкентай ғана цехта, 4 адам жұмыс істейді. Бұл ауданда ашылған алғашқы тігін цехы. Егер бастаған ісі жанданып жатса, Зәуреш апай жұмысқа әлі де қосымша тігіншілер алғысы келеді. Алда үлкен жоспарлар күтіп тұр. Цехқа "Кәбира" деген атау берді. Оның да өзіндік сыры бар.
– Адам баласы тығырыққа тірелгенде басқаша өмір сүруге икемделеді екен. Бастамамыз сәтті болсын деп тілеймін. Бүгінде денсаулығыма байланысты 2 топтағы мүгедектікке анықтамаларды да жинай алмай отырмын. Десе де қай іске болмасын үмітіміз зор. Осы бастамамыз өзгелерге де үлгі болсын деймін. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланған жөн. Цех-дүкенімізге анамыздың есімін ырымдап бердік. Анам Кәбира үнемі алда жүретін, пысық жан еді. Біздің бастамамыз да анамыз сияқты жігерлі, алдан көріне білсін деген ниет қой. Келешекте қыз жасауларымен қоса киімдер де тіккіміз келеді. Бұл алдағы күннің еншісінде, – дейді кәсіпкер Зәуреш Бимулдина.
– "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" бағдарламасы 3 бағытта жүзеге асырылады. Еліміздің әрбір азаматы осы бағыттардың біріне қатысып: оқыту курсынан өтуіне, мамандығы бойынша жұмыс табуына немесе өзінің жеке ісін ашуына, ұлғайтуына болады. Бағдарламаның екінші бағыты "Жеке кәсіпкерлік істі қолдау" бойынша қатысуға тілек білдірген азаматтар, жұмыспен қамту орталықтарына хабарласады, оларға бағдарлама шеңберінде шағын несиені алудың және бас-қа да қосымша мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктері туралы мамандар кеңес береді. Осы мүмкіндікті пайдаланған Зәуреш Бимулдинаға сәттілік тілейміз, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлжанат Тазибекова.
Айтолқын Айқадамова
Науырзым ауданы