Қарлығаш күн

 
Қандай әсем қанаты қарлығаштың,
Келеді осы құстың сырын ашқым.
Сыбызғыдай бойында бір міні жоқ
Сұлулыққа сұқтанып бұрылмас кім?
 
Қарлығаштар достарым бала күнгі,
Қамқоршым боп ұштаған талантымды.
Жолға тастап көрген жоқ бірі мені
Алыстасам аяққа оратылды.
 
"Туған жерден жыраққа кетпе" деді,
Сол күндерім ерекше мектеп еді.
Қарлығаштар үйіме ұя салып
Сан балапан жетіліп өскен еді.
 
Қос қарлығаш келетін жұбын жазбай,
Жүректе махаббаттың оты маздай.
Кіріп – шығып жүретін еш алаңсыз
Ауылда үйдің есігі бір жабылмай.
 
Көктем келді, тағы да көктем келді,
Шуағымен көтеріп шөккен жерді.
Қала үйіне қарлығаш жуымайды
Ойға оралтам еріксіз өткендерді.
 
Қарлығаштар сақшысы тазалықтың,
Жалықпайтын жыршысы жаз алыптың.
Періштемдей төбемде отыратын
Дәнін сеуіп әрқашан даналықтың.
 
Ақ бауыр ғой, жүрегі ақ қарлығаштың,
Тұмсығын-ай, ұшындай қарындаштың.
Ұзарғаны білінбей ду дүрмекпен
Ұясына зулайды қарлығаш күн.
Мұрат Жүнісұлы.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓