Алаштың ардақты азаматын еске алды
Ақын, лингвист-ғалым, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күні туралы әлі күнге бір жақты пікір қалыптаспаған. Кейбір деректерде Ахаң 1873 жылдың 5 қыркүйегінде туды десе, енді бір ақпарат көздерінде 28 қаңтарда туған деп жазылған. Осыған орай Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да жергілікті ақын-жазушылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.
Іс-шараның қатысушылары Ахаң ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Алаш қайраткерінің азаматтық болмысы һәм шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті.

Белгілі ақын Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, 1923 жылы Орынборда Ахаңның 50 жылдық мерейтойы атап өтілген. Сол іс-шарада А.Байтұрсыновтың туған күні 28 қаңтар деген мәлімет негізге алыныпты.
-Ахмет Байтұрсынов поэзиядағы публицистиканы қалыптастырған. Ол публицистиканы «көсемсөз» деп аударды. Қазақ балаларының ана тіліне уызынан жаруы керек дегенді ең алғаш Ахаң айтқан,-деді танымал ақын Ақылбек Қожаұлы.

-Ахметтің атасы Шошақ өз заманының білгірі, ауқатты азамат, ақыл иесі болған. Ұрпағының білім алғанын қалаған. Ахаңның әкесі Байтұрсын «Ұлтыңа жаның ашыса оқы» деп өсиет қалдырған. Ахмет Байтұрсынов сол өсиетті орындады,-деді Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова.
А.Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның шын есімі Александра Ивановна екені мәлім. Сол кісі бірде Торғайға барғанда жергілікті қазақтар «Аха, өзіңіз қазақ болуыңыз қалай? Қазақ бола кәпірден әйел алып мазақ болғаныңыз қалай?» депті. Сонда Ахаң:
«Мына отырған Александра Ивановна,
Ризамын маған оны Тәңірдің қиғанына.
Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,
Татиды мың қазақтың иманына» деген екен. Себебі А.Байтұрсынов жары А.Ивановнаға Бадрисафа деп азан шақырып, мұсылманша ат берген.

«Дөңгелек үстел» мәжілісінде университет жанындағы «Өнер» студиясының домбырашылар квартеті А.Байтұрсыновтың «Арман» күйін тартты. Ахаңның «Аққұм» атты әдемі әнін ақын Н.Мұқатов домбырамен орындады.
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков